Перейти к содержимому

Зорлық-зомбылықсыз өмір сүрейік!

2026 жылғы 18 мамыр мен 8 маусым аралығында Алматы облысының аумағында «Қазақстандағы зорлық-зомбылықсыз отбасы» республикалық акциясы өткізілуде. Аталған іс-шараның басты мақсаты – әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен баланың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту.

Отбасы – мемлекеттің берік тірегі, қоғамның негізгі іргетасы. Сондықтан елдегі тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздік әрбір шаңырақтың амандығынан бастау алады. Мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – азаматтардың бейбіт, қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау.

Бұл жауапты міндет, ең алдымен, құқық қорғау органдарына жүктеледі. Бүгінде полиция қызметкерлері тек құқық бұзушылықтың алдын алушы ғана емес, сонымен қатар отбасы институтын нығайтуға үлес қосушы, жанжалдардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды жүргізуші және зорлық-зомбылықсыз қоғам қалыптастыру жолындағы сенімді әріптес ретінде танылуда.

Қауіпсіздік – баршаға ортақ құндылық әрі ортақ жауапкершілік. Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде өзекті әлеуметтік проблемалардың біріне айналды. Жыл сайын Қазақстанда 400-ден астам әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегіп, кемінде 80 әйел қаза табады.

Сонымен қатар, республика бойынша ішкі істер органдарына күн сайын отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға қатысты 300-ге дейін хабарлама келіп түседі. Бұл деректер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қоғам үшін аса маңызды әрі шұғыл назар аударуды қажет ететін мәселе екенін айқын көрсетеді.

Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының Жарлығымен адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары бекітілді. Осы жоспар аясында Ішкі істер министрлігінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылды. Бүгінде бұл бағытта республика бойынша 756 қызметкер жұмыс атқарса, Алматы облысында 59 қызметкер осы міндетті жүзеге асыруда.

Аталған бөлімшенің негізгі міндеттері:

  • тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін ерте анықтау;
  • жедел әрекет ету және мониторинг жүргізу;
  • жәбірленушілерді қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
  • зорлық-зомбылық куәгерлеріне қолдау көрсету;
  • қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу;
  • агрессорларды қайта әлеуметтендіру;
  • халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру.

Сонымен қатар, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу фактілері бойынша жауапкершілік күшейтіліп, бұл құқық бұзушылықтар енді Қылмыстық кодекс аясында қарастырылатын болды. Бұл – азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Сондай-ақ жаңа заң талаптарына сәйкес, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға қатысты сот ерекше талаптар белгілей отырып, психологиялық көмек алу шараларын тағайындауға құқылы. Бұл өз кезегінде құқық бұзушының мінез-құлқын түзетуге және қайталама зорлық-зомбылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, заңда меншік нысанына қарамастан, агрессорды тұрғын үйден 30 тәулікке дейін шығару нормасы қарастырылған. Аталған шара ең алдымен жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар тәуекелін бағалау стандарты негізінде агрессорларды қайта әлеуметтендіру мәселелері тұрақты бақылауда болады. Осы бағыттағы шешімдерді келісу және жүйелі жұмысты үйлестіру мақсатында тоқсанына кемінде бір рет жұмыс кеңестері өткізіліп отырады.

Ведомствоаралық топ қызметінің негізгі бағыты – қайталама құқық бұзушылық жасау қаупі жоғары тұлғалармен кешенді түзету жұмыстарын жүргізу. Атап айтқанда, тәуекелді бағалау стандарты бойынша 8 балдан жоғары көрсеткішке ие азаматтарға медициналық, психологиялық, әлеуметтік және өзге де көмек түрлері көрсетіледі.

Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне өзара іс-қимылды күшейтіп, проблемалық мәселелерді бірлесіп қарау және оларды шешудің тиімді жолдарын әзірлеу ұсынылады.

Бүгінде психологиялық көмек көрсету тәртібі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекспен реттеледі.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат отбасыдағы сыйластық пен қауіпсіздікті сақтауға жауапты екенін ұмытпауы тиіс.

Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана біз зорлық-зомбылықсыз, қауіпсіз әрі берекелі қоғам қалыптастырып, нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз.

Алматы облысы Полиция департаментінің

Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының

бастығы, полиция полковнигі

Кунтунов Нұржан Сайлауұлының ұсынуымен мақаланы әзірлеген — Ә.Фазылова