Он бір жыл алтын ұя мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындап, тарыдай болып табалдырығын аттаған сәттен, бүгін, міне таудай болып Балқаш ауданы түлектері үлкен өмірге қанат қақты. Мектеп қабырғасындағы соңғы вальс биінен, үлкен өмірге деген алғашқы қадамдарынан, түлектер жанарындағы жалыннан да білім шаңырағына деген қимастық сезімнің оты лаулай түскендей. Осыған орай Балқаш өңірінде оқу жылының аяқталуын білдіретін дәстүрлі соңғы қоңырау салтанатты жиындары өтті. Сондай салтанатты шара аудан орталығындағы Бақтыораз Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясында «Білімім – Отаныма» тақырыбында өрбіді.
Мерекелік шараға Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, «Amanat» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Марат Ноғайбаев, Балқаш аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Серікқазықызы қатысып, бітіруші түлектерге сәт-сапар тіледі. Сонымен қоса, қуанышты күні аталмыш білім шаңырағынан түлеп ұшқанына 20 жыл толған түлектер бас қосып, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Тоқтар мен Бейбіт те бітіруші түлектерді арнайы ән шашуымен құттықтап келді. Айта кетейік, бала жүрегін біліммен жаулаған, аяулы ұстаздар Роза Наймантаева, Дидар Әбжанова, Индира Болатқызы және Жұлдыз Тілеубекқызы бүгін 11 «А», 11 «Ә», 11 «Б», 11 «В» сыныптарының түлектерін үлкен өмірге қанат қақтырды. Түлектер жанын ерекше толқыныс пен қимастық сезімнің бойлағанына куә болдық.
Мемлекеттік Гимнен бастау алған салтанатты жиынның шымылдығын түрген аудан әкімі Азат Үкітайұлы барша бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.
– Ұстаздардың шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі әрдайым құрметке лайық. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген ұстаздар қауымына шынайы алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, олардың білім жолындағы жеңістеріне қолдау көрсетіп жүрген ата-аналарға ерекше ризашылығымды жеткіземін. Ұрпақ тәрбиесі – ортақ мүдде. Ал осы жолдағы бірлескен еңбек өскелең ұрпақтың жарқын болашағына негіз болады, – деген аудан басшысы түлектерге алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетіп, таңдаған мамандықтарының иесі атануына және болашақта еліміздің қай саласында қызмет етсе де, туған жердің абыройын асқақтататын азамат болуына тілекші екенін айтты.

Аудан басшысының ақжарма тілегінен кейін сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Серікқазықызы мен Б. Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Альвира Манатқызы оқу жылының қорытындысына тоқталды. Сондай-ақ туған жерге тағзым ете отырып, жанашырлық көрсетіп, «Алтын ұя» түлектер саябағының бой көтеруіне себепкер болған білім шаңырағының 2006 жылғы түлектеріне ризашылығын білдірді. Сонымен қоса, 2025–2026 оқу жылында белсенділік танытқан «Жыл таңдауы – үздік сынып» номинацияларының игерлерін марапаттады. Бұдан кейін мерекелік шара бітіруші түлектер, мектеп мақтаныштары Азиза Серікболқызы мен Ахмедияр Қуаныштың жылы лебізімен жалғасты. Одан кейін жүректерде мәңгі өшпес із қалдырған соңғы қоңырау соғылып, түлектердің мектеп қабырғасындағы соңғы вальс биіне кезек берілді. Бұдан соң мектептің 20 жылдық түлектері аудан әкімі Азат Үкітайұлымен бірге «Алтын ұя» – түлектер саябағының лентасын қиды. Осы тұрғыда толығырақ тоқтала кетсек, Б. Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының 20 жылдық түлектері мектеп ауласына «Алтын ұя» түлектер саябағын сыйға тартты. Бұл – осы білім шаңырағынан 20 жыл бұрын түлеп ұшқан арда азаматтардың туған жерге деген ерекше құрметі мен қамқорлығының айқын көрінісі. Аталған игі іс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында қоршаған ортаны қорғауға және туған өлкені көркейтуге бағытталып отыр. «Алтын ұя» түлектер саябағына 250 жеміс ағашы, туя ағаштары отырғызылып, демалуға арналған орындықтар да орнатылған. Бұл мұндағы білім нәрімен сусындайтын оқушылар мен олардың ұстаздарының бір мезгіл табиғат аясында демалуына мүмкіндік беретіні сөзсіз. Б. Бейсекбаев аиындағы мектеп-гимназиясының 20 жылдық түлектерінің ұйымдастыруымен Балқаш аудандық мәдениет үйі алаңында аудан жұртшылығына арналған гала концерт өтеді. Онда қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары – Төреғали Төреәлі, Мөлдір Әуелбекова және «Меломен» тобы өнер көрсетеді.
Осылайша бүгін Б. Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясынан 44 түлек үлкен өмірге қанат қақса, оның 7-еуі «Алтын белгіге», 6-уы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Соғылған соңғы қоңырау сыңғыры – ол тек алтын ұя мектеппен қоштасу емес, болашаққа бастайтын алғашқы қадам. Білім мен тәрбиені жанына серік еткен биылғы түлектердің болашақта ел дамуына үлес қосатын азаматтар болары сөзсіз. Алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуде бітіруші түлектердің он бір жылғы білімі сараланып, таңдаған маман иесі болуына шынайы тілекшіміз. Сәт-сапар, жас түлек!
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы
