Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Спорт пен мерекені тоғыстырған веложарыс

Спорт пен мерекені тоғыстырған веложарыс

28 қаралым

Республика күні қарсаңында Ұйғыр ауданында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған игі бастама жүзеге асты. Шонжы ауылында ұйымдастырылған аудандық велоспорт жарысы салауатты өмір салтын серік еткен тұрғындардың басын қосып, мерекелік көңіл күй мен спорттық бәсекені жарасымды ұштастырды. Жүзден астам адамның қатысуымен өткен бұл шара аудан жұртшылығының спортқа деген қызығушылығы артып, белсенді өмір салтына бет бұрғанын айқын аңғартты.

Аудандық велоспорт жарысы 22 қазан күні Шонжы ауылының орталық алаңында өтті. 25 қазан – Республика күніне орай ұйымдастырылған спорттық шара аудан әкімінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мен аудандық дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Еліміздің егемендігі мен мемлекеттілігін ұлықтайтын Республика күні қарсаңында өткен жарыстың өзіндік мәні бар. Өйткені елдік мұрат жолында бірлік пен ынтымақ қаншалықты маңызды болса, қоғамның дамуы үшін дені сау, белсенді азаматтардың болуы да соншалықты қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, аудан көлемінде ұйымдастырылып отырған осындай спорттық шаралар тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, олардың өзара байланысын нығайтуға ықпал етеді.

Таңертеңнен орталық алаңға жиналған қатысушылардың көңіл күйі көтеріңкі болды. Бірі жарыс жолында өз мүмкіндігін сынауға келсе, енді бірі спортқа деген қызығушылығын танытып, мерекелік шараның бел ортасынан табылуды мақсат етті. Әртүрлі жастағы тұрғындардың бір алаңда бас қосуы велоспорттың көпшілікке қолжетімді әрі тартымды спорт түрі екенін көрсетті.

Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Талғат Байедилов сөз сөйлеп, спорттық шараның маңыздылығына тоқталды. Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар жарыс алдындағы дайындық жаттығуларын орындап, белгіленген бағыт бойынша сынға түсті.

Бұл жолғы додаға 120-ға жуық адам қатысып, 13 шақырымдық қашықтықты бағындыруға күш салды. Әрине, мұндай жарыста тек жылдамдық қана емес, төзімділік, табандылық, күш-жігер мен өз мүмкіндігіңді дұрыс бағамдай білу де маңызды. Сондықтан жарысқа шыққан әрбір қатысушы үшін белгіленген қашықтықты еңсерудің өзі үлкен жігер мен жауапкершілікті талап етті.

Спорттық сайыстың қорытындысы бойынша ерлер арасында Тимур Шакиров үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Мухтар Серікжановқа бұйырса, үшінші орынға Ришат Қасымов табан тіреді. Әйелдер арасындағы бәсеке де тартысты өтті. Жарыс қорытындысында Руфиза Илиева жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Екінші орынды Дилбирим Дилшадова иеленсе, үшінші орын Малика Якуповаға бұйырды. Сонымен қатар спорттық шара барысында ерекше белсенділігімен және үлгілі қатысуымен көзге түскен азаматтар да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, «Ең үлкен жастағы қатысушы» номинациясымен Саутов Абдуллин, ал қыздар арасында «Белсенді қатысушы» номинациясымен Гулзадам Турдиева марапатталды.

Ұйғыр ауданында өткен велоспорт жарысын бір күндік спорттық бәсеке аясында ғана бағалауға болмайды. Мұндай бастамалар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен тұрақты шұғылдануға деген ынтасының артуына және жастардың бойында табандылық пен мақсаткерлік қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді.

Әсіресе жарысқа әртүрлі буын өкілдерінің қатысуы көпшілікке ой саларлық өнеге болды. Өйткені спорттың жасқа қарамайтынын, белсенді өмір салтын ұстануға әрдайым мүмкіндік бар екенін осындай шаралар нақты көрсетеді. Жасы үлкен қатысушылардың жігері жастарға үлгі болса, жас буынның құлшынысы бұқаралық спорттың болашағына деген сенімді нығайтады.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы

↑