Перейти к содержимому
Главная страница » Шекарашы ит туралы баллада

Шекарашы ит туралы баллада

Биыл ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің аумағында жаңа фильм түсірілетін болды. Фильм – шекарашы мен оның ел шебіндегі төрт аяқты сенімді серігі туралы. Нұрлан мен оның Таймас атты итінің айнымас достығы баяндалады.

Кинолог пен шекарашы ит

Кейде достыққа адалдықты иттен үйрену керек секілді көрінеді. Осындайда өзім ел шебіне жасаған журналистік іссапарлардың бірінде шекарашылардың бірінен естіген мына бір жүрек тебірентерлік әңгімені еріксіз еске аламын.

Шығыстағы шекара шебінде бір жауынгер қызмет атқарды. Оған бекітілген иттің аты Юстус болатын. Талай шекара бұзушының ізіне түсіп, құтылып кетуіне жол бермеген немістің өте ақылды овчаркасы еді. Әсіресе итке иесімен бірге шекараға шыққан ұнайтын. Олардың алдында ондаған шақырымдар жатыр. Екі елдің арасын бөлген шекараның бойы тыныштық құшағында. Трактор тәртіппен тырмалап кеткен бақылау-із кесу жолағы тап-таза. Тек, мұның алдамшы сәт екенін, екеуді де жақсы біледі. Кез келген уақытта бұзылуы мүмкін. Сондықтан, көрші шекара бөлімшесімен түйіскен жерге жеткенше екеуі де тоқтамайды. Сосын екеуінің «әңгімесі» басталады. Айтушы – иесі, тыңдаушы – иті. Шекарашы оған бәрі-бәрін айтар еді. Алыста өзін күтіп жүрген сүйген қызы жайында. Әскерден кейін өзінің осында, досының жанында қалғысы келетінін, ал сүйгені бұл туралы білетінін, тіпті қолдағанын… Юстус болса, осының барлығын басын алдыңғы екі аяғының басына қойған күйі «үнсіз» тыңдап жатар еді.

Міне, осындай күндердің бірінде екеуінің достығына сызат түскен. Оған шекарашының өзі кінәлі. Ол итінің өзіне қаншалықты адал екенін білмек мақсатпен Юстусты тамақтандырып, қыдыртуды бөлімшедегі тағы бір кинологқа қалдырады да өзі жол жүріп кеткен сыңай танытады. Содан кейін оқу-жаттығу шекара бұзушыға арналған киімді киеді. Әрі қарай, барлығы «сценарий» бойынша өрбиді. Артынан оқша атылған ит мұны жерге құлатып, өткір тістерін шекара бұзушының жеңіне қадаған күйі қатып қалады. Бұл – Юстустың иесін танымағанын білдіретін еді. Тағы иттің тістері де шекарашының білегін ауыртып жіберген. Ақыры шыдай алмаған ол: «Жібер, Юстус, бұл мен ғой! Танымай қалдың ба?», — деп айғайлап жіберді. Осы сәт не болғанын білесіз бе? Иесінің дауысын естіп, абдырап қалған ит тістерін босатады да өзі шоқиып отыра кетеді. Осы сәт Юстустың көздері сондай мұңды болатын…

Әңгіме осы жерге келгенде мен сұхбаттасыма: «Неге?» деп сұрақ қойдым. «Себебі бұл дұрыс емес еді. Иесі иті мен екеуінің арасындағы достыққа шүбә келтірді. Адал екенін сынап көрмек болып, досының көңілін қалдырды», деді. Мен ойланып қалдым. Өйткені, сұрапыл сөздер еді.

Ал «Нұрлан мен Таймас» туралы фильм. Бұл енді басқа тақырып, басқа әңгіме. Мұны біз алдағы күндері білетін боламыз. Бұлай дегенім, осы жолдардың авторы да жаңа көркем фильмнің консультанты болып бекіген. Сондықтан, жақын арада басталатын түсірілім сәтінен фоторепортаж жасайтынымызға сенімдіміз. Айтпақшы, түсірілім алаңы үшін таңдау – Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының үш елдің шекарасы түйіскен жерде орналасқан шекара бөлімшесіне түскен. Ал бүгін біз болашақ фильмнің продюссері Гүлназ Тілеубек бастаған шығармашылық топпен бірге «Алматы» халықаралық әуежайын барып, ҰҚК Шекара қызметі «Алматы» шекаралық бақылау басқармасына қарасты «Жүк» және «Жолаушылар» шекаралық бақылау бөлімдерінің қызметімен танысқан. Болашақ фильмге қажетті материалдар үшін…

Бұл – алда қарбаласқа толы күндер күтіп тұрғанын көрсетеді.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА

ҰҚК Шекара қызметі

Алматы облысы бойынша департаменті