Перейти к содержимому

Түркі дүниесінің рухани көпірі

Биыл түркі әлемінің ғылымы мен руханияты үшін айрықша маңызға ие тарихи оқиға – Бірінші Баку түркология құрылтайының өткеніне 100 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласында түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын жаңғыртуға бағытталған маңызды жобалар жүзеге асты.

Күллі түркі әлемінің тарихында терең із қалдырған Бірінші түркология құрылтайының маңызы ерекше. Сол дәуірдің саяси ахуалы, құрылтайды ұйымдастырудың негізгі себептері мен кеңестік биліктің ұстанымдары бұл оқиғаны тек бір қырынан бағалауға болмайтынын көрсетеді. Дегенмен, бір нәрсе анық. Құрылтай нәтижелері түркі халықтарының ғылымы мен мәдениетінің дамуына тың серпін беріп, ағарту ісі мен сауат ашуға үлкен ықпал етті. Алғаш рет барлық түркі халықтарының өкілдері – зиялы қауым, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері жиналып, ортақ тарих, мәдениет, этнография, түркі тілдері мен әліпби мәселелерін бірлесіп талқылап, маңызды шешімдер қабылдады. Сондықтан Бірінші түркология құрылтайы түбі бір түркі жұрты үшін ХХ ғасырдағы рухани-мәдени тарихымыздағы маңызды бетбұрыстардың бірі саналады.

Осынау ғасыр бұрынғы үлкен істің жалғасын тауып, жүйелі жолға қойылуы –уақыт талабы. Осы орайда бауырлас елдердің мемлекет басшылары түркі интеграциясын тек саяси-экономикалық салада ғана емес, рухани, мәдени кеңістікте де нығайтуға айрықша мән беріп отыр. Соңғы жылдары түркі дүниесінің рухани тұтастығын нығайту, тарихи сананы жаңғырту және ортақ мәдени мұраны халықаралық деңгейде дәріптеу бағытында белсенді жұмыс атқарып келе жатқан Түркі мәдениеті және мұрасы қоры бүгінгі таңда түркі әлемінің беделді мәдени-гуманитарлық ұйымдарының біріне айналды. Қордың бастамасымен жүзеге асып жатқан жобалар түркі халықтарының ортақ тарихын терең тануға, бауырлас халықтардың ғылыми ынтымақтастығын күшейтуге және келер ұрпаққа ортақ рухани мұрамызды аманаттауға қызмет етіп келеді.

Сондай игі істердің бірқатары 21-22 мамыр күндері Алматы қаласында өтті. Бірінші Баку түркология құрылтайының 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми және мәдени іс-шараларға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан, АҚШ, Оңтүстік Корея және Солтүстік Кипрден келген белгілі түрколог ғалымдар, Түркі мемлекеттері ұйымы, TÜRKSOY, Халықаралық Түркі академиясы,  Түрік тілі қоғамдастығы сынды халықаралық ұйымдардың жетекшілері, зиялы қауым өкілдері мен мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Бірінші Баку Түркология Құрылтайының 100 жылдығын атап өту жөніндегі тапсырма 2025 жылғы 7 қазанда Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің XII Саммиті аясында берілген еді. Соған сәйкес Алматы қаласында ұйымдастырылған жүз жылдық мерейтойы 21 мамырда  ғылым мен білімнің үлкен орталығы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында «Бірінші Баку Түркология Құрылтайының мұрасы және XXI ғасырдағы Түркі әлемі» атты халықаралық түркологиялық конференциямен бастау алды.

Халықаралық сипозиум аясында түркология ғылымының өзекті мәселелері, цифрлық гуманитарлық зерттеулер, жасанды интеллект пен түркологияның байланысы, түркі халықтарының әдебиеті мен фольклоры, археология, этнология, өнер тарихы, мәдени дипломатия және түркі әлемінің интеграциялық үдерістері кеңінен талқыланды.

«Қазіргі XXI ғасырда тілдік мұраны сақтау тек архив пен кітапта ғана емес, жасанды интеллект жүйелері мен цифрлық платформаларда жалғасуы тиіс. Осы ретте, университетте іске қосылған жоғары өнімді суперкомпьютерлік кластер ауқымды деректерді өңдеуге және цифрлық гуманитаристика саласын ілгерілетуге жаңа серпін берді. Ортақ мұраны ұлықтау мақсатында университетімізде Түркітану және алтайтану институты, Жазба жәдігерлер орталығы жемісті жұмыс істеп келеді. Өткен жылы ашылған академик Әбдуәли Қайдар атындағы Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы орталығы бауырлас елдердің академиялық ықпалдастығын жаңа деңгейге көтерді», – деген ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев түркітану саласын дамыту бағытында оқу орнында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

Халықаралық конференцияда Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова: «1926 жылы дәл Баку қаласында өткен Бірінші түркология Құрылтайы ортақ тіл, тарих, мәдениет және рухани мұраны жаңа ғылыми деңгейге көтеруде, сондай-ақ заманауи түркі интеграциясының берік негізін қалыптастыруда аса маңызды рөл атқарды», – деген Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова соңғы екі жылда материалдық және материалдық емес мәдени мұраны сақтау, зерттеу және халықаралық деңгейде насихаттау бағытында 140-тан астам жобаны жүзеге асырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастамалардың барлығы түркі өркениетінің бай мұрасын әлемдік мәдени кеңістікте лайықты танытуға бағытталған.

Сондай-ақ түркология ғылымының дамуындағы жаңа ғылыми бағыттар мен түркі әлемінің интеллектуалдық интеграциясының маңызы жөнінде ой қозғаған халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев жаһандану үдерісі қарқын алған сайын түркі әлемінің ортақ құндылықтарын ғылыми тұрғыдан зерттеу, сақтау және келешек ұрпаққа жеткізу бұрынғыдан да маңыздырақ бола түскенін тілге тиек етіп,  бауырлас халықтар арасындағы ықпалдастықты нығайтуда ортақ мұраларға жүргізіліп жатқан зерттеулердің орны ерекше екенін айтты.

ҚазҰУ-да екі күнге ұласқан халықаралық конференцияда оннан астам елдің ғалымдары баяндама жасап, ой-пікір бөлісті.

Бірінші Баку Түркология Құрылтайының 100 жылдығы аясында ұйымдастырылған іс-шаралар ары қарай Орталық музей мен  Ұлттық кітапханада жалғасын тапты.

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде «1926/2026: Бірінші Баку түркология Құрылтайының 100 жылдығы» атты тақырыптық экспозиция ашылады. Көрмеде Әзербайжанның Ұлттық тарих музейі мен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві қорларында сақталған сирек тарихи құжаттар, фотосуреттер, ресми хаттамалар мен ғылыми материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ақтоты Райымқұлова: «Бұл тарихи жиналыс бауырлас түрік халықтарының ойшылдары мен интеллигенциясын біріктіріп, ортақ тарихты терең зерттеуге және болашаққа стратегиялық бағыттарды анықтауға жол ашқан маңызды оқиға болды», – деп атап өтті.

Тек өткенді еске алу ғана емес, түркі халықтарының ортақ рухани тамырларын терең түсінуге бағытталған мәдени миссия іспетті бұл көрме музей қонақтарына бір ай көрсетіліп, ары қарай түркі елдеріне жол тартпақ.

Бакудегі түркологиялық құрылтайдың 100 жылдығына орай өткізілген ауқымды іс-шараның бірі Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында болды. Мұнда әзербайжандық ғалымдар – Низами Джафаров, Махира Гусейнова және Айсель Гариблидің «Бірінші түркологиялық Құрылтай» атты ғылыми еңбегі мен «1926/2026: Бірінші Баку түркология Құрылтайының 100 жылдығы» бейнедеректер шежіресінің тұсаукесері өтті, әрі еліміздің және шет елдік түрколог ғалымдар, мемлекет пен қоғам қайраткерлері бас қосып, түркі жұртына ортақ мұраны толық зерттеу мен жан-жақты насихаттау, әрі болашақ ұрпаққа заман талабына сай жеткізу мәселелері жөнінде ойларын ортаға салды.

Жиынды ашқан Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова Баку түркология Құрылтайының 100 жылдығы аясында ұйымдастырылып жатқан жобалар мен оның мақсатына, сондай-ақ қордың жұмысына тоқталып, «Қазіргі таңда Түркі мәдениеті және мұрасы қоры түркі әлемінің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу, қалпына келтіру және халықаралық деңгейде дәріптеу бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Соңғы екі жылдың ішінде қор тарапынан түркі әлемінің көрнекті тұлғалары, түркі әлемінің тарихи інжу-маржандары, түркі әдебиетінің, түркі ғылымының інжу-маржандары атты кітап сериялары аясында елуден астам іргелі басылым жарық көрді. Бүгін таныстырып отырған «Бірінші түркологиялық съезд» еңбегі де түркі әлемінің тарихы інжу-маржандары сериясы шеңберінде басылып шықты. Бұл басылымдардың барлығы – түркі халықтарының ортақ тарихи жадын сақтауға, ғылыми мұрасын жүйелеуге және жас ұрпақтың рухани санасын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар», – деді Ақтоты Райымқұлова.

Конференция Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен ашылды. Мемлекет басшысының үндеуін Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Құттықтауда Баку құрылтайының тарихи маңызын ерекше атап өткен мемлекет басшысы түркі халықтарының ғылыми және рухани тұтастығын нығайтудағы рөліне жоғары баға берген.

«Ұлы Дала өркениетінен бастау алған бауырластық байланыстар бүгінде мәдениет, білім, ғылым және руханият салаларындағы ықпалдастық арқылы жаңа мазмұнмен толығып отыр. Бізді жақындастыратын тек тарихи тамыр ғана емес, ортақ құндылықтарымызға деген құрмет пен болашақ алдындағы жауапкершілік. Сондықтан түркі әлемінің бай мәдени мұрасын сақтау, жан-жақты зерттеу және оны әлемге кеңінен таныту баршамызға ортақ міндет… Бұл – тұтас түркі халықтары үшін тарихи маңызы зор басқосу. …Дүние жүзі түбегейлі өзгерістерге бет бұрған қазіргі заманда да елдеріміздің бірлігін бекемдеп, ықпалдастығын арттыру айрықша маңызды. Бұл – бабалар аманаты, өткеннің өнегесі» делінген құттықтауда.

Алқалы басқосуда  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Өзбекстан Ғылым академиясы Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік әдебиет музейінің директоры Жаббар Эшонқұлов, Анкарадағы Хаджи Байрам Вели университетінің профессоры Мехмет Чевик және өзге де отандық, халықаралық деңгейдегі танымал спикерлер баяндама жасап, жаңа еңбектерге жоғары баға берді. 

Қордың бастамасымен жүзеге асқан халықаралық конференциялар, көрмелер, ғылыми еңбектер мен мәдени жобалар түркі халықтарының ортақ тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосуда. Бүгінде Түркі мәдениеті және мұрасы қоры тек мәдени жобаларды жүзеге асыратын ұйым ғана емес, түркі әлемінің ғылыми және рухани ықпалдастығын нығайтатын маңызды халықаралық платформаға айналып отыр.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ