Қонаев қаласында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай жасөспірімдер арасында футболдан өткен республикалық чемпионат өз мәресіне жетті. Жарысқа Алматы және Қызылорда облыстарынан, Алматы мен Шымкент қалаларынан 2011 жылы туған 140-астам жас футболшы қатысты.
Аталған чемпионат футбол ойнайтын балалар арасында дарындарды дер кезінде анықтап, олардың қабілет-қарымын ары қарай шыңдай түсу, оларды спорттық додаларға жиі қатыстырып, мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беру мақсатында өткізіліп отыр.
«Балалардың физикалық және тактикалық дайындық деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Осы мақсатта облыстық, республикалық маңызы бар бірқатар байқау өткізілуде. Былтыр Алматы облысының жас футболшылары Қазақстан чемпионатында 2-орынды иеленіп, шеберліктерін көрсете білді. Алда спортшыларымызды жаңа жарыстар күтіп тұр, өйткені жазғы футбол маусымы енді ғана басталды», – дейді футболдан ОМБСЖМ директорының орынбасары Ернар Нұрланов.
Айта кетейік, осы жас санатындағы Қазақстан чемпионаты Қонаев қаласында 7-16 мамыр аралығында өтеді. Тағы бір ел біріншілігі биыл Ақтөбе қаласында ұйымдастырылады.
«Футбол жарысы балаларға жаттығу кезінде үйренген әдіс-тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді. Ойын барысында нағыз футболшы тез шешім қабылдап, әртүрлі тактиканы қолдана білуі тиіс. Сонымен қатар балалар командамен жұмыс істеуге машықтанады. Олар тынбай еңбек етіп, біліктілігін үнемі жетілдіру арқылы жеңіске жетуге болатынын жарыс кезінде анық түсінеді. Бұл тек футбол алаңында ғана емес, өмірде де қолданатын маңызды сабақ.», – деді Қонаев қаласындағы футболдан ОМБСЖМ жаттықтырушысы Бекназар Увакбаев.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Қызылорда қаласынан келген «Жігер» футбол командасы жеңіп алды. 2-орын Қонаев қаласындағы ОМБСЖМ ойыншыларына бұйырды. Ал үшінші орынды «Іле-Сәулет» командасы алды.
Чемпионатты Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алматы облыстық дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығы, футболдан ОМБСЖМ (облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі) ұйымдастырып отыр.