Райымбек ауданында республикалық және облыстық БАҚ өкілдеріне арналған екі күндік пресс-тур ұйымдастырылды. Аудан әкімі Берік Дүйсенбаев пен әкім орынбасарлары, бөлім басшылары, жетекші сала мамандары журналистерді Аспантау өңірінің тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Райымбек ауданының өз алдына мәртебе алғанына биыл жеті жыл болды. Аз деуге келмейтін, көп деуге болмайтын осы уақыт аралығында өңірде жүйесін тапқан оңтайлы істер аз емес. Өңірдің еңсесін қайта тіктеуіне мемлекеттік бағдарламалардың орынды жүзеге асырылуы және облыс тарапынан қолға алынып жатқан игі шаралардың ықпалы аз емес. Аудан негізінен ауылшаруашылықты аймаққа жататындықтан, бұл өңірдің хал-ахуалы да осы саламен тығыз байланыста өріліп келе жатқаны ақиқат. Бүгінгі есеп бойынша ауданда 238 мың бас қой-ешкі, 58 мың ірі қара, 40 мың жылқы бар. Осынау төрт түлік малды өз төлі есебінен көбейтіп, ет өнімін молайту шаруа қожалықтарының еншісінде. Сондай-ақ ауылшаруашылығы алқабының 39,4 мың гектары дәнді дақылға тиесілі. Өткен жылы барлық егіс алқабының әр гектарынан 20,7 центнерден 25,1 мың тонна алтын дән жиналса, биыл диқандар қауымы бұл көрсеткішті заманауи технологияларды іске қоса отырып еселеуге білек сыбана кірісіп отыр. Аудан таулы өңірдің дарқан дақылы – картоп өсіруге де қолайлы мекен саналады. Өткен жылы 2246 гектар алқапқа отырғызылған картоптан гектарға шаққанда 219 центнерден өнім алынды. Голландиялық «Аризона», «Артемис», «Агрия», «Санте» аталатын картоп тұқымдары бүгінде осы өңірге жерсіндіріліп, таулы аймақтың төл өніміне айналып кеткен. Сондай-ақ шаруа қожалықтары лизингпен 100 трактор және түрлі маркалы ауылшаруашылық техникаларын сатып алуға қол жеткізді. Аудан мәртебесін алған жеті жыл ішінде өңірде 131 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Аудандағы 20 елдімекеннің 18-і орталықтандырылған ауызсумен толық қамтамасыз етілді.
Аудан үшін ұзақ жылдар бойы шешімін күткен өзекті мәселе – Нарынқол мен Кеген арасындағы республикалық маңызы бар күрежол. БАҚ өкілдері жұмыс сапарын осы мәселеден бастады. Жолдың қазіргі таңдағы жай-күйінен аудан әкімі Берік Дүйсенбаев өзі хабардар етті.
– Күре жолдың адам айтқысыз дәрежеде тозуы арғы-бергі қатынасқа ғана емес, өңір экономикасына да кері әсерін тигізгенін жасыра алмаймыз. Аудан халқының ұзақ жылғы арманы мен жоғары орындарға күн құрғатпай қойған талап-тілегі өткен жылы Парламент Сенатының араласуымен шешімін тапқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Нәтижесінде Нарынқол мен Кеген арасындағы 89 шақырымдық күре жолдың орташа жөндеу жұмысына республика бюджетінен 9 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Нарынқол мен Текес аралығындағы 15 шақырымға бөлінген 1 миллиард 200 миллион теңге толығымен игеріліп, ел игілігіне жаратылуда. Ендігі қалған 74 шақырым жол 7,5 миллиард теңгенің еншісінде. Күре жолдың орташа жөндеу жұмысымен «Нұрлы жол» ЖШС айналысады. Мердігер компания барлық жұмыс күшін, техникасын жеткізді. Келесі жылдың қоңыр күзінде күре жолды толығымен бітіріп, пайдалануға беруді жауапкершілігіне алып отыр. Демек, жолдың мәселесі де біржола шешілетін болады, – деген аудан әкімі өңірдегі облыстық маңызы бар жолдардың да жайына қанықтырды.
Мердігер компанияның жолға жауапты басшысы Қанат Әбілқайыровтың айтуынша, жолдың беткі қабаты сүріліп, 20 сантиметрден асатын қалыңдықта құм-тас, топырақпен көтеріледі. Төселген қабаттың үстінен 11 см қалыңдықта асфальт төселеді. Екі жолақты жолдың ені – 8 метр. Ерекше айтатын тағы бір жаңалық – жол жөндеушілер асфальт пен шағылды алыстан тасымайды. Асфальт-бетон жасайтын зауытты осы жолдың бойынан орнатпақ. Ол үшін арнайы жер бөлініп отыр. Жұмысқа негізінен осы ауданның азаматтары тартылмақ.
Қарасаз ауылында «QARASAZ – FOOD» ЖШС сүт зауытын іске қосқанына биыл үшінші жыл. Зауыт бастығының орынбасары Ерсін Айбарұлының айтуынша, сүт сатып алуды алғаш 2000 литрден бастаған өндіріс орны бүгінде оның көлемін 15 мың литрге дейін жеткізген. Зауыт ішіндегі заманауи қондырғылар арқылы әр күнгі жиналған сүттен тәулігіне 14 түрлі өнім дайындалады. Қаймақ, маңыз, сары май, қатық, айран, сүзбе, құрт, ірімшік, басқа да майлылығы жоғары өнімдер Алматы, Қонаев қалаларынан, облыстың аудандарынан ашылған дүкендерде шекті бір бағамен ғана халыққа ұсынылуда. Зауыт сонымен қатар табиғи сүт өнімдері арқылы шетелдермен де байланыс орнатып, ауқымын кеңейте түсуде. Мұнда жұмыспен қамтылған 15 адамға төленетін еңбекақы да көңілге қонымды. Аудан әкімінің қолдауымен қазіргі таңда барлық ауылда сүт сатып алатын арнайы орындар ашылған. Мұның өзі өндіріс орнының тоқтаусыз жұмыс істеуіне игі ықпалын тигізіп отырғаны анық.
Қарасаздан өткен жылы заман талабына лайық өнер мектебі салынып, іске қосылды. 250 оқушыға арналған мектепте бүгінгі таңда шәкірттер домбыра, баян, басқа да музыкалық аспаптарды үйренумен қатар, көркем сурет, тігін, тоқыма, мүсін, сәндік қолданбалы өнерін, ағаш шебері мамандықтарын да игереді.
Ауданда «Алтын дән-1» атты ауылшаруашылық өндірістік кооперативі жұмыс істейді. 11 шаруа қожалығының басын қосқан, 25 адамнан құралған бұл еңбек ұжымы астық, картоп өндірумен шұғылданады. Аз уақыт ішінде кооператив таулы өңірдің ауа райына қолайлы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіріп, молшылық негізін қалап үлгерді. Алқаптарды тамшылатып суару әдісін алғаш қолға алған да осы кооператив. Биыл өздеріне тиесілі астық алқабын суландыру мақсатында тереңнен су тартатын арнайы шетелдік қондырғы сатып алып, қазір мақсатты іспен шұғылдануда. 250 метр тереңдіктен су тартатын қондырғы алғашқы нәтижесін бере бастады. Енді тереңдіктен сорғызылған су 30 мың текше метр су сиятын арнайы қоймаға жиналып, содан кейін, тамшылатып суару технологиясы арқылы алқаптарды қамтамасыз ететін болады. Сөйтіп, өмірі су бетін көрмей, тағдыры аспанның жаңбырымен шешіліп келген алқап сулы да нулы алқапқа айналмақ. Бұған Дулат Құлмамыров жетекшілік ететін еңбекқор жандардың сенімдері нық. Өндірістік кооператив Нидерланд мемлекетімен іскерлік байланыста. Жыл сайын аталған мемлекеттен картоптың «Артемис», «Аризона» атты жаңа тұқымдарын сатып алады. Дәстүрге айналған бұл шаруа биыл да жалғасын тапты. Қазір 200 тонна картоп егілуде. Кооператив алдағы қыста 10 мың тонна картопқа арналған қойма салуды жоспарлап отыр.
Ауданда спорт саласы да дамып келеді. Бұған жекелеген ауылдардан ірге көтерген заманауи спорт кешендері мен жаттығу алаңдарының саны жыл санап артып келе жатқаны дәлел. Сарыбастау ауылында салынған спорт кешені ауыл жастарының спортты серік етуіне жол ашып отырғаны анық. Мұндағы бокс, күрес залдары, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары спортсүйер қауымның тұрақты орнына айналған. Сүмбе, Қызылшекара ауылдарынан ашылған шағын спорт кешендері де ел игілігіне қызмет етуде.
Аудан орталығынан бой көтерген 4 қабатты, 250 орынды емхана құрылысы да аяқталуға жақын. Өңірде 7 жыл ішінде 8 елдімекеннен заманауи үлгідегі емдеу орнының салынып, пайдалануға берілуі – Аспантау өңірінің экономикалық тұрғыда дамып келе жатқанының тағы бір айқын көрінісі. Аудан орталығы Нарынқолдан биыл 40 отбасыға арналған 2 қабатты 20 үйдің құрылысы басталды. Баспананың әрқайсысы 75 шаршы метрден тұрады. Құрылысты жауапкершілігіне алған – «Строй-Индустрия» ЖШС. Сөйтіп, аудан орталығы алдағы уақытта сәнді де салтанатты жаңа үйлермен ауқымын бұрынғыдан да кеңейте түсетін болады. Ауданда 9 Мәдениет үйі жұмыс істейді. Былтыр Жамбыл ауылынан тағы бір өнер ошағы ашылды. 180 орынды бұл нысан қазіргі таңда ауылдың мәдени тұрғыда дамуына лайықты үлес болып қосылуда.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша қарастырылған 521 млн теңгеге ауданда 93 адам ие болған. Олардың 63-і ауылшаруашылығын дамытуды мақсат етсе, 30 адам жеке кәсіп ашуға мүмкіндік алып отыр. Солардың бірі – Тегістік ауылының тұрғыны, «Эко-Чикен» кәсіпкерлік нысанның иесі Мұхтар Мәлібеков. 2,5 пайызбен берілетін 27 миллион 430 мың теңге несиеге ие болған кәсіпкер Тегістіктегі ауылшаруашылығына арналған индустриялық аймақтан 1 гектар жер алып, етті «бройлер» тауығын өсіруді мақсат етуде. «Қордай құс» фабрикасымен келісімшарт жасасқан кәсіпкер енді сол жерден 6000 бас шөжені алып келуге бармақ. Сөйтіп, 45 күнде жетілетін тауық асырап, етін тұтынушыларға төменгі бағада ұсынуды мақсат етуде. Сол арқылы азық-түлік бағасының тұрақтануына жол ашпақ. Бұл кәсіп Райымбек ауданында тұңғыш рет қолға алынып отырғанын айтқан жөн.
Қақпақ ауылының өр жағындағы Орта Қақпақ аталатын тау аңғарының кіре берісінен салынған электр жүйесі екі жылдан бері қуат көзін өндірумен айналысып келеді. Бүгінде аталған станса тәулігіне 2,2 МгВт электр энергиясын өндіреді.
Журналистердің Райымбек ауданына жасаған екі күндік жұмыс сапары барысында мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылып, жүйесін тапқан бұдан басқа да игі істер назардан тыс қалған жоқ. Ел игілігі жолындағы атқарылып жатқан жұмыстарға куә болған БАҚ өкілдері ауданның жайдарман жаңалығын, жан жадыратар жақсылықтарын жалпақ жұртқа жария ету үшін келген жақтарын бетке алып, жолға шықты.
Жұмабек ТҰРДИЕВ,
Райымбек ауданы