Өз кәсібін мейрамхана бизнесінен бастаған Shakh Eco Food компаниясы бүгіндері ауыл шаруашылығы бағытында да тың бастамаларымен танылып келеді. Қазіргі таңда ол жылыжайда көшет, көкөніс өсірумен, тұқым шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ сүт бағытындағы ірі қара малын баптауды, ет бағытындағы құс, асыл тұқымды құс және балапан өсіруді қолға алған. Бұл экологиялық таза өнімдердің барлығы өз мейрамханаларында қолданылады әрі тұтынушыларға да сатылады.
Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округі аумағында жұмысын жүргізіп жатқан компания 2022 жылы наурыз айында ресми тұрде тіркелгенімен жылыжай бизнесін жолға қою жұмысы әлдеқайда ертерек басталған.
– 2020 жылы жалпы аумағы 4 гектарды құрайтын жылыжай кешенін сатып алып, оны қияр мен қызанақ өсіруге бейімдеп жөндеуден өткіздік, – дейді компания негізін қалаушы Гүлдана Жақсылықова. – Ісіміз сәтті жүріп жатқан соң, 2021 жылы қосымша 4,7 гектарлық жылыжай кешенін салып, 2023 жылы «Өңірді дамыту жол картасы» жобасы аясында тағы 6 гектарлық жылыжай тұрғыздық. Осылайша кезең-кезеңімен сұранысқа ие жылыжай шаруашылығын дамытып келеміз. Өз жұмысымызда әсіресе құрылыс технологияларына ерекше мән береміз. Мысалы, алғашқы жылыжайды нидерланд технологиясы бойынша шыныдан тұрғызсақ, екіншісін түрік технологиясы негізінде поликарбонаттан салдық. Ал жылыту арнайы салынған блок-модульді қазандық арқылы жүзеге асады.
Қызанаққа келсек, жапон селекциясындағы «Пинк Парадайз» сорты таңдалды. Бұл сорт домалақ-жалпақ пішінімен, шырынды әрі етті болуымен және қабығының беріктігімен ерекшеленеді. Қабығының тығыз болуы ұзақ сақталуына және тасымалдауға ыңғайлы болуына әсер етеді. Өнім тамыры қуатты болғанымен, күтімі күрделі. Орташа мерзімде пісетін бұл сорттың вегетациялық кезеңі – шамамен 100 күн.
Мұнда жыл сайын орта есеппен 250 мың түп қызанақ отырғызылады. Өнім 10 ай бойы жиналады. Топырақтың орнына арнайы Шри-Ланкадан әкелінетін кокос субстраты пайдаланылады. Оның жарамдылық мерзімі – үш жыл, мерзімі келгенде ауыстырылып отырады. Барлық жылыжай кешендерінде қажетті жағдайлар жасалған. Ең алдымен, жарықтандыру және тамшылатып суару жүйесі жолға қойылған. Ауа ылғалдылығы мен температурасы, суару және қоректендіру процестері автоматтандырылған. Орташа температура +19°C шамасында ұсталады. Салқын болғанда жылыту жүйесі, ал ыстықта арнайы желдеткіштер іске қосылады. Сонымен қатар қияр мен қызанақ гүлдерін табиғи жолмен тозаңдандыру үшін арнайы аралар сатып алынған.
Маңызды жайт – Shakh Eco Food компаниясының өнімдері экологиялық жағынан таза, денсаулыққа пайдалы, себебі көкөніс өсіруде химиялық заттар қолданылмайды.
Компанияның жылыжай шаруашылығында шамамен 50 адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Елтай ауылдық округінің тұрғындары. Әлеуметтік жауапкершілік аясында қызметкерлерге жатақхана, тамақпен қамтамасыз ету, жұмыс орнына дейін тасымалдау сияқты қолдау көрсетіліп отыр.
Жылыжай кешенінің өндірістік қуаты – әр гектардан жылына 300 тонна қызанақ пен қияр жиналуда. Жер қоры 20 гектар болғандықтан, Shakh Eco Food компаниясының жылыжай бизнесін әрі қарай кеңейтуге, өндірістік қуатын арттыруға, салық түсімін көбейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға толық мүмкіндігі бар.
Осылайша компания өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, Алматы қаласы маңында азық-түлік белдеуін қалыптастыруға және жалпы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отыр.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы