Биыл халқымыздың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуда. Осыған орай республика көлемінде түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мерейтой аясында Заречный ықшам ауданындағы 3660 әскери бөлімінде де тағылымы терең шара өтті.
Әскери бөлімнің 2-атқыштар ротасының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі командирінің орынбасары, аға лейтенант Көпжасар Самғар қарамағындағы сарбаздарға арнап ашық тәрбие сағатын ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – жас сарбаздарға Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын таныту, оның рухани мұрасын бойларына сіңіру және ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру.
Тәрбие сағатында Абайдың поэзиясынан үзінділер оқылып, оның қара сөздеріндегі терең ойлар талқыланды. Сарбаздар ақынның «Толық адам» тұжырымдамасы мен оның жастар тәрбиесіндегі орны жайлы пікір алмасты. Шара барысында қатысушылар Абайдың өнегелі өмір жолы мен халқына сіңірген еңбегіне назар аударды.
Тәрбие сағатынан кейін әскери қызметшілер Қонаев қаласындағы ретро музейге барды. Музейдегі көне жәдігерлер мен тарихи экспозициялар сарбаздарға ел тарихының әр кезеңін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Әсіресе қазақ халқының жауынгерлік дәстүрлері мен отансүйгіштік рухын көрсететін бөлімдер әскери қызметшілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Бұл шаралар жастардың тарихи танымын кеңейтіп, елжандылық рухын арттыруда маңызды рөл атқарды. Абай Құнанбайұлының мерейтойын осындай мазмұнды іс-шаралармен атап өту оның мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру жолындағы игі іс деп білеміз.
Әлия Әбдіғалиева,
3660 әскери бөлімінің мемлекеттік
тілді енгізу жөніндегі офицері
Алатау қаласы