Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін елімізде ашаршылық құрбандарының рухына тағзым жасалып, қуғын-сүргін құрбандары ақталып, есімдері ел жадында қайта жаңғырды. Мемлекет басшысының Жарлығымен 31-мамыр – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланғаны белгілі. Осы атаулы күннің қарсаңында осы тақырыпқа қалам сілтеген Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қазақ журналистикасының қайраткері, Балқаш ауданы мен Қонаев қаласының Құрметті азаматы, өлкетанушы, ардагер-журналист Зарыққан Есілбаев ақсақалдан бір ауыз пікір сұраған едік.
31-мамыр – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланғанына да 30 жылға жуықтап қалыпты. Бұл туралы сөз қозғалғанда «Ақкөл көтерілісінің ақиқаты» атты кітабымды, анамның нәресте шағынан нәубет жылдардың азабын тартқан куәгер, ал әкемнің сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болғанын айналып өте алмаймын.
Анам Бибігүлсім Нәбиқызының 1970 жылы айтқан әңгімесі есіме оралып отыр. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан уезіне жыландай жылжып жеткен ашаршылықтың алғашқы құрбандығына шалынғандардың бірі оның анасы екен. Шешем ол кезде еңбектеп жүрген он айлық сәби болса керек. Туыстары аштықтан өлген анасының тас емшегін еміп жатқан жерінен көтерген күйі Қытайға көш түзеген елге қосылады. Отызыншы жылдарда елін сағынған әкесі Нәби қайтадан бергі бетке өтеді. Бірақ мұнда оларды тағы да ашаршылық арандай аузын ашып қарсы алады.
Өзім әкем Әбілқасымнан 7 жасымда жетім қалдым. Бертінге дейін әкемнің 15 жыл «халық жауы» болып тар қапаста қамалып, тек Сталин өлген 1953 жылы ғана түрмеден босап шыққандығынан мүлдем хабарсыз болдым. Әкемнің қандай қылмысы үшін сотталғандығы мен үшін әлі күнге дейін жұмбақ. 25 жылдан бері ҚР Президенті архиві, ҚР Орталық мемлекеттік архиві, Шығыс Қазақстан облыстық, Зайсан мен Тарбағатай аудандарының архиві, Алматы облыстық, Балқаш аудандық архивтерімен тығыз қарым-қатынаста зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін. Бірнеше тарихи-танымдық кітаптар жаздым. Әттеген-айы, әкемнің соттылығы туралы құпия құжатты қолға түсіре алмай келе жатқандығым. Десе де үміт отым сөнген жоқ. Ауызша тарихты архив материалдарымен ұштастыра отырып жазуыма 1985 жылы Михаил Горбачев КСРО-ның бас хатшысы болып сайланғанан кейін «қайта құру» саясатын айналымға енгізгендігінің жағымды ықпалы болды. Жариялылықтың арқасында, Қазақстандағы 1921-1922, 1931-1933 жылдардағы жантүршігерлік ашаршылықтың, сондай-ақ 1937-1953 жылдардағы сталиндік жаппай саяси қуғын-сүргін туралы бар шындықтың беті ашылды. «Қайта құрудың» алғашқы жылы лебімен республикалық газет-журналдарда 1930 жылдардағы ақтаңдақтар туралы там-тұмдап болса да мақалалар жариялана бастады. Анам марқұмның «Күлпаш» әңгімесін оқып отырғанымда неліктен жылағанын, кітабымды не себепті отқа тастағанын сол кезде ғана санама сәуле түсіргендей әсер етті.
1931-1933 жылдардағы ашаршылықтан Балқаш ауданында (жергілікті ОГПУ-дың мәліметтері бойынша) байырғы 60 мың халықтың 12 мыңы көшіп кеткен, 36 мыңы өлген, қалғаны барлығы 12 мың адам болған. Архив құжаттарын сөйлеткенде осылай дейді. Әлі күнге дейін аудан халқы 30 мыңның төңірегінен не асып кетпей, не кеміп қалмай келе жатыр. Қара құйынның қасіретін осы деректер айғақтап тұр.
Нәубет жылдардың ақиқаты баяндалған «Ақкөл көтерілісі» тақырыбы төңірегінде із шиырлауыма Балқаш ауданының Бақанас ауылында тұрған марқұм Темірғали Сыдықұлы басты себепкер болды десем, шындықтан алыс кетпеймін. Қария «Әкем Сыдық пен оның туған інісі Сыдықбайдың кінәсіз жазаланғандарын заң алдында дәлелдеп, шамам жетсе ақтап алсам деген соқыр үміт пайда болғалы бойдан маза кетті», – деген еді. Қолымнан келіп жатса көмектесуден қашпайтынымды айттым. Одан кейін Қазақ КСР-нің бас прокуроры Жармахан Тұяқбаевқа, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Алматы облыстық басқарма бастығы Б.Баякеновке Темірғали ағаның атынан бір рет емес, бірнеше рет хат жөнелтілді. «Үміт үзілді-ау» деген тұста 1991 жылы Алматы облысының прокуроры И.Бақтыбаевтан ағайынды Сыдық пен Сыдықбай Оспановтың ақталғандығы жайында мөр басылған хат қолымызға тиді. Темірғали ақсақал хатты көкірегіне қайта-қайта қыса берді, әжімді жүзін жас жуып тарам-тарам сақалына сіңіп жатты.
Сөйтіп, ізденістің нәтижесінде Ақкөл көтерілісі құрбандарының алғашқы екеуін ресми ақтауға қол жеткізгенде іштей қуандым. Мұны мен үлкен жақсылықтың бастамасы деп білдім, солай жорыдым. Осылайша көтерілістің шындығына бастайтын баспалдаққа қадам бастым. Алайда түпкі нәтижесіне жету үшін арада 20 жылға жуық уақыт өтетінін ол кезде мен пайымдай қоймадым. Жалпы, кітапты Балқаш ауданының жұртшылығы жылы қабылдады. Ақкөл көтерілісі туралы жазылған тұңғыш еңбек болған соң, сын айтушылар да болмай қалған жоқ.
2008 жылы Балқаш ауданының 80 жылдығында Ақкөл көтерілісі құрбандарына арналып ескерткіш орнатылып, пошта үйінде атылған адамдардың аты-жөндері қашалып жазылды.
Менің жанымды қинайтын «әттеген-айдың» бірі – осы көтеріліс құрбандары жатқан «Пошнай тамға» ескерткіш тақта орнатылмады. Бұл тақырыпты 2013 жылы Балқаш ауданының әкімі Бейсеғали Жүнісовке, 2016 жылы аудан басшысы болған Ғалым Тоқпейісовке, биыл аудан тізгінін ұстап отырған Азат Құтпанбетовке айттым. Ақкөл ауылының тұсында көтеріліс құрбандарына ескерткіш орнатылғанымен, сол ескерткіштен 200 метр ғана арырақ тұрған ескі пошта үйі қоршаусыз, мал тұяғының астында тапталып жатқанына 94 жылдың жүзі болды. 2013 жылы біраз ел азаматтары бұл істі қолға алғандай болып еді, соңы сұйылып, берген уәделері желге ұшып кетті. Осыған налитын кездерім бар.
Зарыққан ЕСІЛБАЕВ,
Балқаш ауданының Құрметті азаматы