Алматы облысының ақпараттық кеңістігіне «Qonaev Media» телеарнасы қосылып, өңірдің тыныс-тіршілігінен хабар бермек. Қазіргі уақытта телеарна ұжымы көрерменге сапалы телевизиялық бағдарламалар ұсыну үшін дайындық жұмыстарын жүргізуде.
– Басты мақсатымыз – ел мен аймақтағы өзгерістер мен жаңалықтар жайынан хабар таратып, қоғамға пайдалы жобаларды ұсыну, оқиға орнынан тікелей репортаж жасап, шынайы ақпарат беру. 1,5 миллионнан астам халқы бар Алматы облысы – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Сондықтан өңірлік телеарнаның болуы маңызы. Жаңалықтар, мәдени-танымдық, спорт пен туризмге бағытталған бағдарламалар жоспарлануда. Сондай-ақ өңірде болып жатқан әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмайды, – дейді телеарна директоры Қымбат Хангельдина.
Қазіргі уақытта 80-ге жуық маманнан тұратын штат жасақталу үстінде және техникалық құралдармен қамтамасыз ету мәселесі де аяқталып келеді. Эфир мазмұны қартты да, жасты да, кішкентай бүлдіршіндерді де, сондай-ақ әлеуметтік сала қызметкерлерін, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтарды қамтитын кең аудиторияға бағытталған. «Qonaev Media» жобалары эфирден бөлек цифрлық платформалар арқылы да көрсетіледі. Бұл ақпараттың көрерменге жедел берілуіне және олармен тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Телеарна мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру, білім беру, тіл саясаты, педагог мәртебесі, «Жайлы мектеп» жобасы, оқу үдерістерінің цифрландырылуы, білім беру саласындағы ақпараттық технологияның рөлі, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, дәрігер мамандығының беделі, ауыл медицинасы мен жалпы медициналық мәдениет мәселелеріне арналған бағдарламалар жасауды көздеуде. Сонымен қатар азаматтар мен билік арасындағы диалогты қалыптастыруға, ұлттық және отбасылық құндылықтарды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді.
Телеарна директорының айтуынша, «Әкімге сұрағым бар», «Сұхбат», «Кәсіптің құпиясы», «Жедел жәрдем», «Қазыналы өлке», «Q-Night», таңғы және кешкі ойын-сауық хабарлары эфирге жол тартып, мәдени-музыкалық «ETHNIC SOUNDS» бағдарламасы көрсетілмек. Сондай-ақ мектеп оқушыларына арналған танымдық жобалар бар. Онда әр ауданның оқушылары оқу пәндері бойынша сынға түсіп, білімін, логикалық ойлауы мен тапқырлығын ортаға салып, өзара жарысқа түседі. Ал апталық аналитикаға арналған хабарда сарапшы мамандар аймақ пен елдегі басты оқиғаларға шолу жасайды.
Телеарна әзірге Алматыда орналасқан, Қонаев қаласына медиаорталық ғимараты салынғанда, облыс орталығына қоныс аударады. Қыркүйек айынан бастап толығымен эфирге шығатын болады.