Кеген аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шеризат Мекебаевтың жетпіс жасқа толған мерейтойы аталып өтті. Ол – өлең өлкесіне өзіндік қолтаңбасымен келген, шығармашылығын ойдағыдай жалғастырған пайымы бөлек қаламгер.
Шеризат Сәрсенбайұлы 1954 жылы 30 мамырда Қарасаз ауылында дүниеге келді. 1962 жылы Ф.Энгельс атындағы орта мектепке қабылданып, 1972 жылы аталған білім шаңырағын аяқтады. 1972-1974 жылдар арасында әскерде азаматтық борышын өтеді. Спорт ротасында самбо күресін меңгереді. 1972 жылы Свердловск қаласында сарбаздар арасында өткен дивизия біріншілігінде топ жарады.
Алғашқы еңбек жолын 1974-1979 жылдар аралығында Нарынқол аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресі, самбо және дзюдодан жаттықтырушы болып бастады. 1976 жылы Калуга қаласындағы бүкілодақтық студенттер бәсекесінде Алматы физкультура және спорт институтының намысын қорғап, жеңімпаз атанады. Әр жылдарда қазақ күресінен облыстық, республикалық турнирдің жүлдегері болады. Шәкірттері – Ерлан Әлиев, Мақсат Рысов қазақ күресінен қалалық, облыстық федерацияны басқарды. Бауыржан Тәліп екі рет әлем чемпионатының биік тұғырынан көрінді. Шеризат Сәрсенбайұлы 1980-1998 жылдары Кеген аудандық спорт мектебінде бапкерлік қызмет атқарды. Одан кейін Ө. Жаңабаев атындағы орта мектепте дене тәрбиесінен бірінші санаттағы мұғалім болып, зейнеткерлікке шықты.
Ұстаздық қызмет атқара жүріп, қолынан қаламы түспеді. «Қоңыр қаз», «Жүрегімнің көзінен жас ағады», «Ол күндер оралмайды» атты өлеңдер жинағының авторы. «Еңбек ардагері» және «Ақтаңгер» төсбелгісінің иегері. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Кеген ауданының Құрметті азаматы һәм спорт ардагері.
Мерейтой кешінде Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков той иесін аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың Алғыс хатымен марапаттап, иығына шапан жапты. Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры Ержан Тоқтарұлы ақынға басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хатын табыс етті.
Игі шарада Шеризат Сәрсенбайұлының «Өмір деген…» атты жаңа жыр жинағының таныстырылымы өтті. Кәдірбек Құныпияұлы, Сағатбек Медеубекұлы бастаған қаламгерлер ізгі тілектерін арнады. Халықаралық Д.Қонаев қорының вице-президенті Дәулетбек Жанботаев «Қонаев» орденін, «Ер намыс» қоғамының төрағасы Ерболат Алядин «Алаш» орденін ақынның кеудесіне тақты.
Ақын Кәдірбек Құныпияұлы Шерзат Сәрсенбайұлын мерейтойымен құттықтады.
“Сізді жетпістің биігіне абыроймен көтерілген мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Бүкіл саналы ғұмырыңызды өңір спортының дамуы мен әдебиетінің өркендеуіне арнадыңыз. Райымбек және Кеген аудандарының жұртшылығы сізді ұлағатты ұстаз, спорт ардагері, қарымды қаламгер ретінде жақсы таниды.
Ауыл балаларын қазақ күресі, самбо, дзюдоға баулып, шыңдадыңыз. Сіз сияқты спорт шеберінен тәлім алған шәкірттер дүбірлі жарыстарда ел мерейін үстем етіп, ұстаз үмітін ақтады. Спорт саласында қажырлы еңбек ете жүріп, қолыңыздан қасиетті қаламды тастамадыңыз. Өмір толғаныстарын өлеңмен өрнектеп, оқырмандарыңыздың ыстық ықыласына бөлендіңіз. «Жүрегімінің көзінен жас ағады», «Өмір деген», «Ол күндер оралмайды» атты кітаптарыңыз – соның дәлелі. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атандыңыз. «Еңбек ардагері» медалін иеленіп, өңір әкімінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен марапатталдыңыз. Көп жылғы еңбегіңіз, халық алдындағы қызметіңіз қашанда бағалы.
Қадірлі Шеризат Сәрсенбайұлы, қаламыңыз қуатты, жасыңыз ұзақ болып, жаңа туындыларыңызбен оқырманыңызды қуанта беруіңізге тілектеспіз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз!” – деді Кәдірбек Құныпияұлы.
Осыдан кейін қаламгердің бір топ замандастары жырдан шашу шашты. Атап айтқанда, Дариға Саламатова, Сәлім Жусанбай, Жақсылық Әбдіраманов, Мұхтархан Қалиұлы, Даубай Мамытұлы, Елеусіз Ахметкерімұлы, Ілияс Әлиасқарұлы және Алмат Исәділ сынды ақын-жазушылар кеш көрігін қыздырды. Ақын әрі әнші Кәдірбек Сүлеймен Шеризат Мекебаевтың сөзіне жазылған «Қоңыр қаз», әнші Сәмиға Әлдекенова «Сәбиіме» әндерін орындады. Бұл күні ақынның жаңа әндерінің де тұсауы кесілді. Өнер саңлағы Сержант Жетпісбайұлы бастаған «Үміт» әжелер ансамблі Еркебұлан Темірболатұлының «Таң-нұрым» және «Басқа бақыт керек емес» атты әндерін нақышына келтіре шырқады. Ақынның жиен немересі Фараби Шыңғыс күй шертті. Кешті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков ақ батасымен түйіндеді. Мерейтой иесі көрсеткен құрметі үшін жиналған көпшілікке ризашылығын білдірді.
Осылайша, ел-жұрты Шеризат Сәрсенбайұлының шығармасына лайықты бағасын беріп, ақынмен бірге қуанды, ақынмен бірге шаттанды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы