Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ашық аспан астында мерекелік шара өтті. Елдімекен балдырғандарын шаттыққа шомдырған мерекелік концерт ауыл жастарының бастамасымен ұйымдастырылды.
Ең алдымен ауыл әкімі балаларды айтулы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
– Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Өңірімізде балалардың жан-жақты дамуына, әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты жұмыстар жүргізілуде. Ойын алаңдары ашылып, балдырғандардың спортпен айналысуына жаңа мүмкіндіктер жаратылуда. Барша бүлдіршінге шуақты жаз айымен қатар келген мерекеде шаттыққа толы балалық шақ пен бақытты ғұмыр тілеймін! – деді Рахат ауылдық округі әкімінің міндеттін атқарушы Руслан Қыдырқожаев.
Мерекелік бағдарлама аясында кішкентай суретшілер қылқаламмен, бормен түрлі тақырыпта сурет салып, шахмат ойнап, асық атты. Жас өнерпаздар ән айтып, би биледі. Ал ауыл жастары мыңға жуық балаға балмұздық пен түрлі тәтіллерді тегін үлестірді. Құлыншақтарды қуантқан ауыл жастарына ақсақалар да дән риза болды.
– Адам баласы өмірге келгенде алғаш болып мейірімділікті сезері хақ. Жөргекте жатқан шақалақ тас құрсағын жібітіп, бала дегенде бауыр еті езілетін ана мейіріміне бөленеді. Бұл турасында «Адам нәсілін жер бетінде баяндатып тұрған бірден-бір күш – мейірім мен рақым ғана» деп белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев бекер айтпаса керек. Осы екі құндылықты бойына сіңіріп, ұштастыра білген адам ғана артына сөнбес із қалдырып, бұл өмірді толыққанды сүрдім деп айта алады. Иә, жомарттық, мейірімділік сынды асыл қасиеттер екінің бірінің, егіздің сыңарының бойынан табыла бермес. Бірақ біздің ауылда уыздай ұйыған береке, жақсылықпен жалғасып келе жатқан тамаша дәстүр бар. Сол дәстүрді жастар жаңғыртып жатыр. Бүгінде балалардың жайраңдаған жүзін көріп қуанып отырмыз. Өйткені олар үлкендерден ізгіліктің жолын үйренеді, – деді Үсен қария.
Өз тілшіміз
Еңбекшіқазақ ауданы