Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Sheksiz mumkindikter» инклюзивті спорттық лагерінің бірінші маусымының жабылу салтанаты өтті. Үш жыл бұрын жұмысын бастаған сауықтыру орны биыл да 250-дей баланы ата-аналарымен бірге қабылдап, олардың болашағына жарқын үміт сыйламақ.
Қапшағай көлінің жағасына республиканың түкпір-түкпірінен келген психикалық және физикалық дамуында кінәраты бар балдырғандардың қуанышында шек жоқ. Себебі, бұл сауықтыру орнының бала денсаулығын жақсартуға септігі мол. Жобаның басты мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін балаларды ортаға бейімдеу, оларды ата-аналарымен бірге спортпен шұғылдануға ынталандыру, толыққанды өмір сүруге бағыттау. Осыған орай мұнда паралимпиадалық спорт насихатталып, ерекше қамқорлықтағы балаларға психологиялық кедергілерді жеңуде көмек көрсетіледі. Лагерь аясында жеткіншектер робототехника, гипс пен балауыздан бұйым жасау, аспаздық және бейнелеу өнері бойынша шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысты. Сондай-ақ психологтармен кеңес және ата-аналардың бала дамуына белсенді қатысуын арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізілді. Лагерь аясында балдырғандарға робототехника, гипс пен балауыздан бұйым жасау, аспаздық және бейнелеу өнері бойынша шеберлік сабақтары өтті.
– Бұл жай ғана лагерь емес, шын мәнінде әрбір балаға толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам құру жолы. 2022 жылдан бері жоба 650 ерекше қамқорлықты қажет ететін баланы қамтыды. Олар мұнда тек спортпен және шығармашылықпен айналысып қана қоймай, жаңа достар тауып, өз-өзіне деген сенімдерін нығайтады. Ал ата-аналар үшін бұл – пайдалы ақпарат пен нақты қолдау алатын маңызды алаң. Жақын арада біз 400 баланың Қазақстан өңірлеріндегі тарихи нысандар мен өндірістік кәсіпорындарға саяхат жасауына мүмкіндік ашатын «Туған елге саяхат» кәсіби бағдар пойызын іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Ерекше балалардың ата-аналары инклюзивті лагерьдің қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Олардың айтуынша, қазіргі көптеген лагерь мен шипажайларда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы жағдай мен инфрақұрылым жоқ. Сондықтан «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен «ДЦП Life» қоры бірлесіп, Қазақстанда алғаш рет әр балаға ыңғайлы жағдай жасайтын, толықтай бейімделген инклюзивті лагерь тұжырымдамасын жасап шықты. Бұл еліміздегі осындай форматтағы алғашқы жоба. Ол үш жылдан бері табысты жүзеге асырылып келеді және ерекше балаларға демалып, дамуға және жаңа әсер алуға мүмкіндік беріп отыр.
– Біздің жақсы істің жаршысы атануымызға ерекше қамқорлықтағы балалардың санатына жататын қызымыз Іңкәр басты себеп болды. Мұндай мәселемен бетпе-бет келген соң өзіміз сынды ата-аналардың жайын жақсы түсінеміз. Перзентімізді аяққа тұрғызайық, қуантайық деп бар күш-жігерімізді сарп етеміз. Арбада таңылып отырса да кішкентай жеткіншектің жүрегі, сезімі бар, ақыл-ойы түзу. Басқа балаларымыз жазғы лагерьге кеткен кезде ерекше қамқорлықтағы балдырғандарға арналған лагерьдің жоқтығынан Іңкәр қызымыздың жиі көңілі түсіп, қоғамнан оқшауланып қалатыны жүрегімізді ауыртатын. Сол себепті ерекше қамқорлықтағы балдырғандардың тынығып әрі емделуіне негіз болатын лагерь ашуды жөн көрдік,– деді«ДЦП Life» қорының негізін қалаушы Зәуре Итенова.
Ерзат АСЫЛ