Талғар аудандық әкімдігінде «АССАМБЛЕЯ. ПАРЛАМЕНТ. МӘСЛИХАТТАР» жобасы аясында ҚХА мүшесі, облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаевтың «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл: бейбітшілік, тұрақтылық, даму» тақырыбында Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарындағы этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың өкілдерімен кездесуі өтті. Маңызды басқосуға облыстық мәслихаттың депутаттары мен Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков қатысты.
Кездесуде алғаш сөз алған Қуат Байғожаев Алматы облысы – 105 этнос өкілдері тату-тәтті тұрып жатқан құтты мекен екенін айтып, облыста жұмыс істейтін барлық этномәдени бірлестіктер халықтар достығын нығайтып, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны дәріптеуде үлкен еңбек сіңіріп келе жатқанын, олардың ұйымдастыруымен өтетін түрлі іс-шаралар – бірлік пен берекенің нақты көрінісі екенін атап өтті.
– Халқымызда «бірлік бар жерде – тірлік бар» деген терең мағыналы сөз бар. Бүгін біз осынау аталы сөздің өміршеңдігіне тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз. Ел ішіндегі татулық пен келісімді сақтау – ұлттың берекесі мен тұрақтылығының кепілі, ал мәслихат – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Қазіргі таңда Алматы облысының мәслихаттарында 228 депутат жұмыс атқарады, оның ішінде 38-і – облыстық мәслихат депутаттары. Депутаттар ішінде – орыс, ұйғыр, әзербайжан, кәріс, украин сияқты бірнеше ұлттың өкілдері бар. Олардың бәрі өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жұдырықтай жұмылып, еселі еңбек етуде. Сонымен қатар өздері өкілі болып саналатын этникалық топтардың мүдделерін қорғау, олардың қоғамдық өмірде белсенді болуы және ұлттар арасындағы татулық пен келісімді нығайтуға бір кісідей атсалысуда. Халық сайлаған қалаулылардың бұл қызметі өте маңызды. Өйткені татулық пен тұрақтылықты ту еткен ел ғана алға басатынын тарих талай рет дәлелдеген.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл мен мәдениетті дамыту, қоғамдық келісімді нығайту, жастарды тәрбиелеу, ардагерлер, ақсақалдар мен әйелдер кеңесінің қызметі сынды бағыттар – Ассамблея жұмысының басты ұстанымына айналды. Биыл еліміз үшін аса маңызды қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – берекелі бірліктің, баянды болашақтың бастауы болған құрылымның мерейлі белесі.
Ассамблея – ел ішіндегі түрлі этностарды біріктіріп, «Көп түрлі болсақ та – біртұтас халықпыз» деген қағиданы өмірге айналдырған құрылым. 30 жыл ішінде ол қоғамдық келісімнің нағыз мектебіне айналды, – деді Қуат Сұлтанұлы.
Одан кейін ҚХА мүшесі, облыстық «Элефтерия» гректер қоғамының төрағасы Наталья Тифанциди сөз алды. Ол өткен 30 жыл ішінде ҚХА – халқымыздың тату достығы мен мызғымас бірлігінің символына айналғанын тілге тиек етті. Облыстық гректер қоғамдық бірлестігі өткен жылы өзінің 20 жылдығын атап өткенін, ал Талғар ауданының Панфилов ауылындағы гректер қоғамдық бірлестігі 27 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтып, басты мәселе – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау екеніне тоқталды.
Ал Талғар аудандық корей этномәдени орталығының төрағасы Ровик Цой 1937 жылы Қиыр Шығыстан күштеп жер аударылған корей ұлтының өкілдері 90 жыл бойы Қазақстанды мекендеп келе жатқанын алға тартты.
– Біз ешқашан тарихи Отанымыз деп Кореяға көшпейміз, біздің Отанымыз – Қазақстан! Бізде қазір ана тілімізді, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді сақтап, одан әрі дамытуға толық жағдай жасалған. Корей тілінде газет шығады, ұлттық театрымыз бар. Ол тек Қазақстанда ғана емес, көршілес Ресей мен Кореяда да белгілі. Ассамблея бізге барлық ой-пікірлерімізді, ұсыныс-талаптарымызды ашық айтуға мүмкіндік беріп отыр. Ол қазір қатардағы қоғамдық ұйымнан Конституциялық институтқа айналды. Елдегі ұлтаралық татулық пен ауызбіршілікті нығайтуға үлкен ықпалы етіп отырған абыройлы да беделді мекеме. Көпұлтты қоғам болып өмір сүріп жатқанымыз – біздің үлкен байлығымыз. Корей диаспорасының өкілдері – Қазақстанның Еңбек Ері, дәрігер Юрий Пя, белгілі кәсіпкер Юрий Шин сияқты еліміздің дамуы үшін еселі еңбек етіп, қомақты инвестиция тартып жатқан азаматтарды бүкіл еліміз біледі, бәріміз оларды мақтан тұтамыз. Тек тату бірлік пен шынайы ынтымақты сақтап, әрбіріміз еліміз үшін адал да нәтижелі еңбек еткенде ғана мемлекетіміз дамиды, халқымыздың келешегі жарқын болады, – деп түйді Ровик Викторович.
Кездесуде сөз алған ҚХА мүшесі, «Ассамблея жастары» РҚБ Талғар аудандық филиалының мүшесі Кристина Гончарова, Еңбекшіқазақ ауданының ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Нұрбүбі Насырова, Славян этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Татьяна Панова, «Ассамблея жастары» РҚБ Еңбекшіқазақ аудандық филиалының мүшесі Мұрат Назипов Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы тұрақтылық пен береке-бірлікті сақтаудағы маңызы мен рөлін атап көрсетіп, өздері қызмет ететін бірлестіктердің қандай жұмыстар атқарып жатқаны жайында айтты.
Кездесу соңында Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков басқосудың тарихи мән-маңызы жайында айтып, Ассамблея мен этномәдени орталықтардың қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып жатқанына ризашылығын білдірді. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналып, этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылған ұйым халықтар достығын нығайту, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлерді сақтау және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға бағытталған іс-шараларға белсене атсалысумен бірге ел экономикасының дамып, халқымыздың әлеуметтік жағдайының да жылдан-жылға жақсаруына салмақты үлес қосып отырғанын атап көрсетті. Қазіргі күні ауданда 54 этнос өкілдері тату тіршілік кешіп, азаматтар түрлі салаларда табанды еңбек етуде.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы