Халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартудағы басты бағыттардың бірі қолжетімді баспана екені белгілі. Халық тығыз орналасқан Қарасай жерінде бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінеді. Аудан Алматы шаһарына жақын орналасқандықтан мұнда шеттен көшіп келіп жатқандар қатары көп. Соған сәйкес баспанаға сұраныс та күн санап артуда. Әрине, жергілікті билік тарапынан бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін түрлі шаралар атқарылуда. Соның нәтижесінде өткен жылы ауданда 87 отбасы үйлі болса, күні кеше тағы 37 қарасайлық отбасы баспаналы болу бақытына қол жеткізді.
Нақтырақ айтқанда, аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында салтанатты шара ұйымдастырылып, мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекте тұрған бір топ қарасайлықтарға талай жылдан бері тағатсыздана күткен баспана кілті табыс етілді. Қуанышты шара барысында аудан әкімі Жасұлан Естенов жаңа қоныс иелерін құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Соңғы жылдары ауданымызда көптеген өзгерістер орын алып, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Әрине, тұрғын үй мәселесі де ерекше назарда. Халықты баспанамен қамту мақсатында барлық мүмкіндікті пайдаланудамыз. Мұның барлығы да тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асуда.
Жаңа баспана иелерін қуаныштарымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа шаңырақтарыңыз шаттық пен жақсылыққа толы болсын деп тілеймін, – дей келе аудан басшысы 37 қарасайлық отбасыға жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, республикалық және жергілікті бюджет арқылы қоныс иелері атанғандар қатарында әлеуметтік осал топқа жататындар, зейнеткерлер, толық емес отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектігі барлар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жандар бар.
Шара барысында тұрғын үй кезегінде тұрып, баспанаға қол жеткізгендердің бұл күні қуаныштарында шек болмады. Салтанатты рәсімнен кейін пәтерге ие болғандар атынан зейнеткер Жарылқасын Айнабеков сөз сөйлеп, ақ батасын берді. Сондай-ақ бірқатар аналар да мемлекеттің қолдауын сезініп жатқандары үшін аудан басшысына ыстық лебіздерін жеткізіп, алғыстарын айтты.
Өткен жылы ауданда 87 отбасыға пәтер кілті табыс етілген еді. Ал биылғы жылдың соныңа дейін тағы 95 шақты отбасын баспаналы ету жоспарланған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Қарасай ауданы