-13 °c
Qonaev
Saturday, June 7, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ІЗАШАР

    05.06.2025
    in Барлық жаңалықтар
    ІЗАШАР

    Фото: adyrna.kz

    0
    SHARES
    1
    VIEWS

         Кеше ғана дүниеден озған жерлесіміз – жазушы, журналист, қоғам қайраткері Эрнест Төрехановтың еңбегі мен ісі ел есінде сақталатыны анық. Белгілі қаламгер Жанболат Аупбаевтың асыл жанның өнегелі өмірінен сыр шерткен эссесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

    Эрнест Төреханов… Бұл есіммен біздің ең алғаш өткен ғасырдың 60- шы жылдары аяғында «Лениншіл жас» газеті арқылы танысқанымыз бар. Басылымның сол кездегі редакторлары Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердіқұлов жандарына кілең сайдың тасындай іріктелген, мықты-мықты жас таланттарды жиғанын бүгінде көп айтып жүрміз ғой. Мысалы, Ақселеу Сейдімбеков, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Əнес Сараев, Оралхан Бөкеев, Сағат Əшімбаев, тағы басқа дарын иелері кейін əдебиеттегі танымал тұлғаларға айналған осы шығармашылық иелері қатарында Эрнест Төрехановтың да фамилиясы оқтын-оқтын газет бетінен көрініп, өзінің сүйекті, қызықты мақалаларымен оқырмандарын баурай бастаған еді. Əсіресе оның спорт тақырыбында жазылған дүниелері ізденгіштігінен, білім қорының молдығынан хабар беріп, оқырмандар талғамын жаңа бір деңгейге көтеріп отыратын. Əлі есімізде, ол сол кездегі КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, əлем жəне Еуропа чемпионы, ерлер арасында биіктікке секіруден алты мəрте рекорд жаңартқан атақты Валерий Брумельдің Алматыға келген бір сапарында одан сұхбат алып, жақсы дүние жариялады. Сондай-ақ алты дүркін əлем чемпионы, бес дүркін КСРО чемпионы, Олимпиада ойындарының алтын медаль иегері, сол кездегі «зілтемір құдайы» атанған Давид Ригертпен арадағы əңгімесі де өте қызғылықты еді. Ол уақытта күнде қолға түсе бермейтін, Қазақстан астанасына тек зəуде бір келіп қалатын мұндай тұлғалармен əңгімелесу республикалық жастар газетінің де, ондағы тілшінің де беделін өсірері айтпаса да түсінікті. Біздің түсінігімізде Эрнест Төреханов журналист ретінде сол кездегі «Лениншіл жастың» спорт тақырыбына міне, осындай қадамдары арқылы мол ықпалын тигізді.

    «Жазушы өмірді, адамды тану керек», – дейміз. Осынау «танып-білулердің» жолында ол қай қиырларды шарламайды дейсіз? Эрнест Төреханов та бір кездері жоғарыдағы өзіміз сөз еткен журналистік кəсібінің арқасында 70-ші жылдары жаңадан ашылған Маңғыстау облысының аймақтық газетінде қызмет атқарған адам. Өзі Алматы облысындағы Нарынқол өңірінің тумасы, кəмелетке жеткен шағында Алматы атты əсем қалада оқып, еңбек жолын бастаған жас жігіттің сонау қиян түкпір, шалғай шетке барып, қызметін жалғастыруы оның «адамтану» іліміне тереңдей енуіне, шығармашылық қырының ашыла түсуіне мол септігін тигізген болар деп ойлаймыз. Иə, Маңғыстаудағы жалынды жылдар жазушы өмірінде өзіндік із қалдырмауы мүмкін емес.

    1977 жылы қазақ жастарының шығармашылығына үлкен серпін берген «Жалын» баспасы ашылды. Қауырсын қалам иелерінің талантты шоғыры топтасқан осы ортаға екі жылдан соң біздің кейіпкеріміздің де келіп қосылғаны бар. Оның елжұртқа қаламгер ретінде танылған шағы өз ойымызша осында еңбек еткен уақытымен тұспа-тұс келеді. Өйткені, сол кезеңде оның əңгімелері мен повестері баспадан дүркін-дүркін жарық көріп, оқырмандардың қолына тиіп жатты. Айталық, 1978 жылы алғашқы кітабы «Хантəңірі» жарық көргеннен соңғы бес жылдың бедерінде «Алтын шеңбер», «Таудан түскен із», «Ер кезегі», «Алыстағы ақ қала» сынды көркем шығармалары бірінен соң бірі шықты. Кеңес үкіметінің бір жақсылығы – жазушылар кітаптарының тиражына таршылық жасамайтын. Екіншіден, кез-келген автордың туындысы баспадан сұрыпталып, іріктеліп, сондағы көркемдік кеңестің талқысынан соң барып оқырманға жететін. Сəйкесінше, жазушының қаншама ұйқысыз түндерді бастан өткеріп, көз майын тауысып, жан сезімін тереңнен қозғап жазған кітаптары қалың оқырманнан да, əдеби ортадан да өз бағасын алып үлгеретін. Біздің кейіпкеріміздің де алғашқы кітаптары оған қаламгер дейтін абыройлы атақты осындай жолдармен алып беріп, оны өзінің лайықты биігіне шығарғаны даусыз.

    Эрнест Төрехановтың шығармашылығы жайлы сөз қозғағанда əрдайым таразының бір ұшында оның азаматтығы тұрады. Ол еркін ойлылығымен, мəдениетті де ұстамды жүріс-тұрысы жəне қашанда əділін, турасын айтатын шыншыл болмысымен күні бүгінге дейін қоғамның түрлі проблемаларына азаматтық үн қосып келе жатыр. Оның бірден-бір айғағы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы мақалалары, сұхбаттары, ой-пікірлері. Ол мемлекеттік тіл, ұлттық сана, білім мен ғылым, əдебет пен мəдениетке қатысты көптеген мəселелерге өзінің дара көзқарасын білдіруді азаматтық борышы санайды. Мемлекеттік тіл демекші, Эрнест Төреханов көп жылдар бойы «Қазақ тілі» қоғамында қызмет атқарды. Сол ұйымды құруға атсалысқан аз азаматтың бірі. Əрі осы қоғамның «Ақ жарық – Белый свет» атты газетінің бас редакторы қызметін атқарғаны да көзі ашық жұртшылықтың есінде. Жуырда қаламгердің өзі республикалық «Ана тілі» газетіне сұхбат беріп, мемлекеттік тілге байланысты қордаланған проблемаларды ортаға салды. «Қазақ тілі» қоғамы құрылған бірінші күннен бастап қызмет істеген тіл жанашыры ретінде осы күнге дейін ана тіліміздің неге көсегесі көгермей келе жатқанын сол əңгімесінде тəптіштеп тұрып баяндады. Əрине, қаламгердің қоғамдағы ең көкейкесті мəселелер жайлы көпшілікке үн қатып, шамырқануы заңды құбылыс. Əр еңбек адамы өзіне бекітілген жұмысты соңына дейін орындауға талпынатыны қандай шындық болса, ой адамдарының да өз миссиясын түбіне дейін жеткізуді көздейтіні сондай ақиқат. Бұл орайда өзінің белсенді өмірлік бағдарынан тайқып көрмеген Эрнест Төреханов та азаматтық борыш атты ұстанымға адал қызмет етушілердің бірі əрі бірегейі.

    Біз əдетте көзі тірі аға буын қаламгерлеріміздің шығармашылығы туралы сөз қозғаған кезде оларды шартты түрде тəуелсіздікке дейінгі жəне тəуелсіздік жылдарындағы деп бөліп айтқымыз келіп тұрады. Жоғарыда өзіміз сөз етіп отырған шығармашылық иесінің Кеңес Одағы тұсында бес кітабы жарық көргенін айтқанбыз.Тəуелсіздік жылдары да қаламгер ағамыз үшін жемісті уақыт болғаны анық. Оны «Алматыда күн ашық», «Мəңгіліктен бір үзік» жəне «Ескендір мен Роксана» атты кітаптары дəлелдейді. «Алматыда күн ашық» кітабы тəуелсіздік жылдарындағы қазақ зиялыларының өмі ріне арналған. Ол нарықтық қатынастардың баяғыдан қалып тасқан құндылықтарға əсері жайлы оқырманның ой толға уына жетелесе, «Мəңгіліктен бір үзік» шығармасы фантас тикалық дүние. Ал, «Ескендір мен Роксана» романы тура лы біршама таратып айтқымыз келеді.

    Тəуелсіздік жылдарындағы шығармашылық еркіндік бірқатар жазушыларымыздың бұрын тың болып келген тақырыптарға түрен салуына жол ашты. Сол қатарда Эрнест Төрехановтың «Ескендір мен Роксана» романы да тұр. Атақты Александр Македонский мен оның некелі жары, қаңлы қызы туралы көлемді дүние өткен тарихымызды басқаша бағамдап салмақтауға , жаңа көзқараспен ой түюге шақырады. Шығыс елдері Ескендір Зұлқарнайын деп атаған тұлға жөнінде есте жоқ ескі заманнан осы күнге дейін 30 мыңнан астам еңбектер жазылғанын ескерсек, бұл тақырыпқа мойын бұрып, жолаудың өзі қиын екені түсінікті. Бірақ, тарихтағы ең ұлы қолбасшы осы деп өмір бойы дəріптеп келе жатқан көбіне еуроцентристік пиғылдағы жазғыштар болғандықтан, олар біздің мүддемізді ешқашан ескермейтіні, ескермек түгілі белден басып тұқыртуға даяр тұратыны бесенеден белгілі. Осы тұрғыдан келгенде түркі жұртындағы көзі қарақтылардың да өз айтары бар дер едік.

    …Александр патша Азия мен Еуропаны түгел жаулап алмақ ниетпен аядай ғана Македониядан аттанғанда 22 жаста болғанын əлем тарихы мақұлдайды. Оның атақты жорығы он жылға созылған. Осы мерзім ішінде Парсы жұрты мен Бактрияға, Соғдияға жəне Сақ еліне, одан əрі Вавилон мен қазіргі Үндістанға соғыс ашып, жүріп өткен жерлерін қан қақсатып басып алғанын тарихшылар мен ақын-жазушылар түрлі-түрлі мазмұнда жазады. Қаламгер Эрнест Төреханов та «Ескендір мен Роксана» романына негізінен ұлы қолбасшының сол кезеңдегі ерлікпен өрілген өмір тарихын арқау еткен. 400 беттік көлемді туындының негізгі ерекшеліктерінің қатарында мұнда басы артық оқиғалар мен детальдардың, кейіпкерлердің, шұбалаңқы сөйлемдердің жоқтығын айтуға болады. Жарты əлемді жауламақшы болған əміршінің пиғылы мен қимыл-қозғалысы, оның айналасындағы өтіп жатқан оқиғалар жоғары динамикалық баяндаумен өрілген. Он жылда өз мақсатына жетеқабыл болған, жорықта үнемі алдыңғы шепте жүрген патшаның ұзын-сонар ой кешіп, сарайда салбөксе боп отырмасы белгілі ғой. Дегенмен оны өз деңгейінде суреттей алу үшін жазушы шеберлігі қажет-ақ. Роман сол талапты орындаған. Алғашқы парағын ашқаннан бастап құдды көркем фильм көргендей сезіммен соңына дейін бір деммен оқылатын дүние болып шыққан. Біздіңше, осы кітапты жазуда қаламгер көп еңбектенген, яғни, деректерді өте мол жинап, талдап, зерделеуге біраз уақыт жұмсаған. Бас кейіпкерден бастап оның айналасындағы бүкіл персонаждар тарихта болған адамдар. Образдар галереясы өте бай. Олардың əрқайсысының бейнесі тарихи шындықтан онша ауытқымаған. Мысалы, Александрдың жорықтары туралы одалар жазды делінген Каллисфен өмірде болған адам. Аристотельдің туысы əрі шəкірті оны ұлы ұстаздың өзі Александрдың шығысқа қарай жасаған жорығына жібергені жайлы мəліметтер көп жерде бар. Жорық барысында ұлы қолбасшы мен Каллисфен өзара келісімге келе алмай, патша оны жазаға тартады. Кейбір деректерде ол өз-өзіне қол жұмсаған делінеді. Орыс зерттеушілерінің көбі Каллисфенді тарихшы, философ етіп көрсеткен. Ал, Эрнест Төреханов романында ол ұлы ақын бейнесінде суреттеліпті. Патша оны өзіне қарсылас болғаны үшін зынданға тастатады. Кейін əмірші өлген соң он төрт жылдан кейін патшаның жесірі Роксана оны зынданнан шығартып, ұлы ақынмен бетпе-бет сөйлеседі. Билеушіге ашық қарсы шығуының мəнін сұрайды. Жалпы, кейіпкерлер ішінде ең алдымен Каллисфенге тоқталып отыруымыздың себебі, романда ұлы қолбасшының жанына ерген адамдардың арасында ой-өресі патшаға деңгейлес, кезі келген жерінде қаһары қатты, жұдырығы жуан Александрды сынап-мінеуге шамасы жеткен адам да осы. Қаламгер жарты əлемді билесем деген ашкөз, тойымсыз ниетпен мыңдаған сарбаздардың, қарапайым адамдардың обалына, өліміне се- 156 бепкер болған əмірші мен оны керек жерінде тоқтамға шақыра білген ақынды таразының екі басына қойған.

    Роксана Александрдың таңдап, ұнатып алған алғашқы жары. Қаңлы патшасы Ақсүйек Байтақтың (əдебиеттерде Оксиарт деп аталады – ред.) қызы. Бұл – романдағы мағлұмат. Александр жайлы ең негізгі кітаптарда, мейлі ол ғылыми, мейлі ол көркем əдебиет болсын, Роксананың сұлулығына талас келтірілмегенімен, оның патшаға өз еркімен тұрмысқа шыққаны жоққа шығарылады. Тіпті Роксана туралы мəліметтер қым-қиғаш. Бір авторлар оны Бактрия патшасының қызы еді десе, екіншісі Соғдия бегінің бойжеткені екенін алға тартады. Десе де қай деректе болсын ол бəрібір Александр Македонский жаулап алған елдің аруы. Яғни, Ұлы дала жұрты атынан кепілдікке берілген ешқандай бас бостандығы жоқ тұтқын. Мұндай жанның тағдыры патшаның уысында. Сондай-ақ, оның қызғаншақтығы патшаның екі əйелін өлімге қиғанын да тарих алға тартады. Əміршінің кейінгі тағдыры жайлы Александр қайтыс болған соң Роксана Македонияға барып енесімен, оның анасы Олимпиадамен мүдделес болғанда айтылады. Бірақ, əдебиеттерде жақтастарының аздығынан ұлы қолбасшыдан қалған жалғыз тұяқ IV Александрды да, өзін де қорғай алмай, дұшпандарының қолынан ажал құшты деген нұсқа көбірек. Осылай болса да жаңа деректерде, яғни, орыс зерттеушісі Ю.Д.Петуховтың «Евразийская империя скифов» атты көлемді еңбегінде Роксана сақ патшасының ай мен күндей сұлу қызы ретінде суреттелген.

    Ал енді романға келер болсақ, үйсін, қаңлы, массагет, сақ тардың б.з бұрынғы 330-шы жылдарда бөлек-бөлек патшалық болғаны баяндалады. Александр сақтармен үш жыл соғыса ды. Бұл шайқаста қаңлылар мен үйсіндер сақтарға көмектесіп, басқыншыларға ұлтарақтай да жер бермейді. Екі жақ та əбден қажыған кезде Александр Тасқала бекінісінде отырған қаңлы патшасы ақсүйек Байтақпен келіссөз жүргізеді. Осы жерде Роксанаға құда түседі. Романда қаламгер ұлы қолбасшының келіссөзге дейін Роксананы үш рет көргенін, оған шын ынтыққанын, егерде бұл дала аруына қолы жетсе, соғысты тоқтатып, Үнді жеріне аттанбақшы болған ниетін де қиюын келістіріп жазған. Байтақ келісім бермейді. Қызының өз еркі өзінде екенін айтады. Егер Александрға тұрмысқа шықпаса Ұлы даланың соғыстан көз ашпайтынын, бекініс, қорғандардың өртеніп, сарбаздардың ажал құшатынын, туыс тарының тағдыры қыл үстінде болатынын ойлаған сұңғыла қыз қолбасшымен өзі көзбе-көз жолығып, оған келісімін береді. Бірақ, патшаға өзі де шарттар қояды. Міне, Эрнест Төреханов романының басты артықшылығы. Романда сақтар əйгілі қолбасшының гректер мен македондықтардан, парсылардан құралған қырық құрау жасағынан жеңілмейді. Əрі қаңлы патшасының қызы Роксана өз еркі өзіндегі бұла бойжеткен ретінде Александрға келісіммен, ықтиярымен тұрмысқа шығады. Бұл тұста Александр мен Роксананың арасына теңдік белгісі қойылған. Роман кейіпкері Роксана ханшайым тек ажарлы, сымбатты əйел ғана емес, ол патшаның ақылшысы, оның дүние-мүлкін қорғаушы. Александр өлген соң төркін жұртының ықпалымен шағын патшалық құрады. Оны Александрдың жалғыз ұлы IV Александр кəмелет жасына жеткенше өзі басқаруды ойға алғанымен, кітап соңында Кирополь кентінің басиесі Аршад бекке тұрмысқа шығып, билікті соның уысына береді…

    Тарихтағы Александр патша қарама-қайшылығы бір басына жететін күрделі тұлға. Романда əміршінің осы қиын образын ашу барысында қаламгер оның айналасындағы жандардың да бейнесін мейлінше анық етіп жасаған. Патшаның əкесі Филипп алысты ойлайтын сұңғылалығымен, анасы Олимпиада мансапқұмарлығымен, қатыгездігімен, патша кеңсесінің басшысы Антипатр мейлінше адалдығымен, қарт ұстаз Лисимах қулығымен, екіжүзділігімен, бас сардар Парменион ержүректігімен, Птолемей, Гефестион, Филота секілді əскербасылар өр де тəкаппар мінездерімен, патшаның жанынан қалмайтын серігі, қамыт аяқ, сайқымазақ Монолах мінезқұлқының еркіндігімен, басқа да толып жатқан кейіпкерлер əрқайсысы өзіне тəн ерекшелікпен бедерленген.

    22 жасында жарты əлемді билемекке жорыққа аттанған жас патша қандай болу керек? Талантты, тəкаппар, өр, қызуқанды, өзімшіл, намысшыл, ақылды, айлалы болатын шығар? 158 Жазушы Эрнест Төрехановтың Ескендірінің бойынан осы айтылған қасиеттердің бəрі табылады. Ол өзі «соғыстың Аристотелі» деп бағалайтын бас қолбасшы Парменионның кеңестегі уəжіне құлақ аспай, шабуылды өз дегенімен бастап кеп жібереді. Сондағы ойы: «Соғыс жоспарлы шаруа емес. Соғыс – шайқас-жаңылтпаш, ол –ақынның шабыты, ол – есепті төте жолмен шығару, ол –жанкештілік, ол – жау пиғылын алыстан білу, оған күтпеген қарекетті таңу, шатастыру. Парменион… Ұлы қолбасшы. Əр сарбаздың медеті. Ол əлі де талай жеңісті жақындатуы мүмкін. Ал, соғыс өнеріне ІІІ Александр келгенін ол əлі ұққан жоқ».

    Бас кейіпкеріне осындай ойларды таңған қаламгер оның зор қабілет иесі екенін роман бастала салғанда ұғындырады. Дереу шешім қабылдау, бірден бұйрық шығару, жан-жағын түгел шолып ойлау, өзін барынша еркін ұстау Александрға тəн қасиет. Бірақ, əмірші Парсы елін жаулап алған соң өзгереді. Сол жұрттың əдебімен, əдетімен билеп-төстей бастайды. Сонда оған ең алғаш қарсы шыққан адамдар – басқа емес, өзі сеніп,өзі жақын тұтып жүрген жандар болады. Неге? Осы сауалға Александрдың мына бір ой толғанысы жауап беретін сияқты. «Онда көсемдер, шешендер, философтар көпау. Əр үйдің алдына бір-бір бақыр алтын төгіп, қорасына төрт түлік мал қамап берсең де жақпайсың. Өйткені… Өйткені олар дүниеге сенің көзіңмен қарамайды. Өз көзімен қарап, өз сөзін айтады. Алтынды алады, қолыңнан жем жейді. Сөйте тұра өзін сенен артық санайды. Бұл не? Бұл халықтың асқақ рухы ма əлде əумесерлігі ме? Парсылар… Олар бөлек халық. Мың жерден философ бол – сіңірің созылған кедей болсаң есі түгел адам деп есептемейді. Есі түгелдің тіршіліктегі есебі де түгел болуы тиіс. Бірінен бірі үйренсін. Эллиндіктер аспаннан салбырап жерге түссін. Парсылар бел жазып, бас көтерсін».

    Александр Персепольде парсылық салтты қабылдап, патшаның шапанының шалғайын сүйгізуді, патшаға иілгізуді сенімді серіктерінен бастағанда олардың шоршып түсуі, тіпті Каллисфендердің жауға айналуы патшаның өзі айтқан элладалықтардың асқақ рухынан болса керек. Маңайының Персепольден басталған дұшпандығы Үнді жеріне барғанда да толастамайды. Патшаны өлтірмек болған əрекеттер күшейе түседі. Жарты əлемді жаулап алса да, оны өз тəртібімен, заңымен, өз ережесімен билеп-төстеуге ғұмыры жетпей, 33 жасында бақилық болады. Жау қолынан, соғыса жүріп емес, сарай маңайындағылардың қастандығынан.

    Романда қаламгер патша болудың елді билеп-төстеуден бұрын қаншалықты қатерлі, қорқынышты екенін, кез-келген сəтте оның басы домалап кету қаупін, билеушінің əрдайым жалғыздық күйін кешетінін, өз ойымен өзі арпалысып жүріп жүйке жүгін ауырлата берерін жақсы жеткізген. Басты кейіпкердің бірі – Роксана ханшайымға келсек, ол ақылды, айлалы, жігерлі, қайратты, отты ару. Яғни, оның образы – қадым ғасырлардағы сақ, қаңлы, ғұн қыздарының жинақталған образы деуге келеді. Негізі бұл романдағы жазушының да, біздің де табысымыз, мақтанышымыз – Роксана образы. Далалықтар тіліндегі «Рухшана» гүл тəкаппар, паң, өр. Сонысымен ол тарихтағы ұлы қолбасшылардың бірі Александрды бас игізеді.

    Иə, Қазақ елінде ақылымен де, көркімен де көзге түскен, есімдері ерлігімен тарихта қалған арулар, бегімдер мен ханшайымдар аз болған жоқ. Олардың ішінде ел мен елдің татулығы, ата-анасының , туыс-бауырларының жарқын өмірі үшін шет жұртқа ұзатылып, сондағы халық сүйіспеншілігіне бөленгендері де аз емес. Мысалы, VI ғасырда қызылбастарды Тұран даласынан түре қуып шыққан сақ патшайымы Тұмар ханым, XII ғасырда моңғол ұлысына ұзатылып, ұлы қаһан Шыңғысханның ақылшысы атанған найман қызы Бөрте бегім, өнегелі өмірі Шығыстың жеті жұлдызының бірі, атақты əзербайжан ақыны Низами жырына арқау болған ХІІІ ғасырдағы қыпшақ аруы Аппақ сұлу. Бұл ардақтыларымыздан басқа XV ғасырда ежелгі Русь жеріне билік еткен Иван Грозныйға бас имеген қайсақ қызы Сүйімбике ше? Ол аз десеңіз, ХІХ ғасырда Ресейдегі небір дулы да шулы істерді шеберлікпен шеше білген атақты адвокат Федор Плевако мен ХХ ғасырдың басындағы Ұлы қазан төңкерісіне қарсы шығып, қызыл комиссарлардың иманын аузына үйірген жаужүрек генерал Лавр Корниловты еске алайық. Олардың туған аналары да қазақ қыздары еді ғой.

    Роксана (сол замандағы сақ тілі сазымен айтар болсақ, Рухшана –гүл аты – авт.) да солардың бірі əрі бірегейі. Бұған дейін біз төл əдебиетімізде тек есте жоқ ескі замандағы жоғарыдағыдай асыл ана – апаларымыз туралы екі-үш тарихикөркем шығарманы білуші едік. Олар: жазушы Сəуірбек Бақбергеновтің «Бөрте – Шыңғысханның əйелі» повесі мен Болат Жандарбековтің «Томирис» романы жəне Шəрбану Бейсенованың «Сүйімбике» деректі кітабы болатын. Енді сол ізашар туындыларға қаламгер Эрнест Төрехановтың «Александр мен Роксана» шығармасы қосылып отыр. Жақсы үрдіс. Құптарлық қадам. Алдағы уақытта осы желі өзінің жалғасын тапса дейміз. Халқымызда: «Із ілгері тартады», – деген сөз бар ғой. Иə, солай болғай!

    Жанболат АУПБАЕВ,

    Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

    Ұсынымдар

    Елордада Президент шыршасы өтті

    Елордада Президент шыршасы өтті

    1 year ago
    Мектебіміз апатты жағдайда тұр

    Мектебіміз апатты жағдайда тұр

    6 months ago
    Жанармай тапшылығының алдын алатын оңтайлы шешім

    Жаңа автобустар жүреді

    1 year ago
    Ардагерлерді құттықтады

    Ардагерлерді құттықтады

    1 year ago
    Татулық пен тұрақтылық кепілі

    Татулық пен тұрақтылық кепілі

    3 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>