Құрбан айт мерекесінде Іле ауданына қарасты Төле би ауылында жаңа мешіт құрылысы аяқталып, имандылыққа ұйыған жандарға есігін айқара ашты. Адамдарды ізгілікке, береке мен бірлікке, тұтастыққа бастайтын осынау қасиетті орынның бой көтеруіне «ВТК GROUP» компаниясының директоры Тоқан Ботабеков ұйытқы болды. Жиналған көпшілік кең жүректі кәсіпкерге алғаусыз алғыстарын арнады.
Белгілі меценат Тоқан Ботабековтің есімі тек Іле ауданы ғана емес, аймаққа кеңінен таныс. Айтулы азамат еліміздің құрылыс саласының өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Компанияға қарасты заманауи кірпіш зауыты сапалы материалдарымен нарықта сұранысқа ие. Кәсіпорында жүзге жуық адам жемісті еңбек етуде. Сонымен қатар ол ел руханиятының дамуына атсалысып, қайырымдылық жасаудан шет қалған емес. Батыр бабаларға арналған еңселі ескерткіштердің бой көтеруіне, тұлғаларға қатысты кітаптардың жарық көруіне, Мұқағали мұрасын ұлықтауда, балаларға арналған ойын алаңдарының ашылуына, басқа да ізгілікті істерге үнемі демеуші болып келеді. Кезінде тасқыннан зардап шеккен аймақтарға да кірпіштерін жөнелтіп, қиналған ағайынға қолұшын созды.
Оның бойындағы ізгі қасиет, әрине, отбасынан дарығаны анық. Әкесі Көкеннің өнегелі жолын баласы Тоқан сәтті жалғастырды. Жоғары оқу орнын Мәскеуде бітірген құрылыс маманы адал еңбегінің арқасында бүгінгі дәрежеге жетті. Зайыбы Ләззат Қайсарқызы екеуі бір-біріне үнемі демеу болды. Олар өңірді өркендету жолында қажыр-қайратын аямады. Балалары да сол тәлімді бойына сіңіруде. Еңбектері еленіп, «Құрмет» орденінің иегерлері атанды.
Мешіттің ашылу салтанатында мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Нұрлан Оразалин жүрекжарды лебізін білдірді.
– Әз Төленің атындағы еңсесін тіктеп көтерген бір кездегі шағын елдімекен, бүгінде іргелі ауылға айналған ел тұрғындарын қасиетті күнмен құттықтаймын! Кешегі қиын-қыстау кезеңде уақыттың иыққа салған салмағын қайыспай жүріп көтерген Көкен әкеміздің ұрпақтарына ел-жұрттың атынан ризашылығымды білдіремін. Тоқан бауырымыздың қаншама уақытты кейінге қалдыра отырып, өзінің тапқан-таянған қаражатымен салған мешіті имандылық мектебін ұйытудың үлкен төрі болсын! – деді Нұрлан Мырқасымұлы.
Бұдан кейін сөз алған облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Тұрымбетов, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Тынышбай Досымбеков, тағы басқа ел азаматтары кәсіпкердің қайраткерлік қырын жан-жақты сөз етті. Облыстық мәслихатқа депутат болған кезіндегі игі істерін, бүгінгі таңда қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде атқарып жатқан қызметін айрықша атап өтті.
Қасиетті мерекеде жиналған қауым Көкен қажы атындағы мешіт ауласында ұлттық спорт жарысын тамашалады. Шара соңында ас беріліп, аруақтарға Құран бағышталды.
Болат МӘЖИТ
Іле ауданы