Өткен ғасырдың 70-80 жылдары қазақ әдебиетіне, оның ішінде прозаға бір шоғыр жас жазушылар қадамын имене басып, әрқайсысы өз тақырыбымен, өз қолтаңбасымен, бірін-бірі қайталамай, таптаурын болған ескі сарынды шиырламай өз үнімен, жолымен келіп қосылды. Әдеби сын да бірден осынау қаламгерлердің жазғанын, жариялағанын жіті қадағалап, назар аудара бастады.
Бұрыннан белгілі, аты елге кең жайылған, аға буын қаламгерлер де бұл толқынға аса ілтипатпен қарап, үлкен ықылас бөліп, ортасынан қара үзіп озғындап шапқан жас жазушыларға алғашқы пікір, байламдарын айтып, баталарын беріп жатты.
Осынау талантты, дарынды шоғырдың бір парасын санамалап шықсақ, олар – Баққожа Мұқай, Мархабат Байғұт, Несіпбек Дәуітай, Марат Қабанбаев, Тұрысбек Сәукетай, Мереке Құлкенов, Әлібек Асқар, Жұмабай Шаштайұлы, Серік Асылбеков, Қуандық Түменбай, Дидахмет Әшімхан, Мәди Айымбетов, Бекен Ыбырайым, Тұрлыбек Мәмесейіт, Нұрдәулет Ақыш, Қуаныш Жиенбай сынды қаламгерлер еді. Осынау бірден өздерін таныта, мойындата келген қалың топтың бел ортасында өз тақырыбымен, ешкімге ұқсамайтын шынайы, көркем баяндау мәнерімен, қысқа әрі суретті жазу стилімен көрінген қаламгер Нағашыбек Қапалбекұлы да болды десем артық айтқандық емес.
Нағашыбектің алғашқы көркем туындыларына назар аударып, оның сюжет құрудағы шеберлігін, тосын көркемдік шешімдерге бара алатын батылдығы мен тапқырлығын дөп басып таныған суреткер қаламгер Тәкен Әлімқұлов болғанын бұл күнде біреу білсе, біреу білмейді.
Өзі де тарихи тұлғаларды қайта тірілтіп, әсіресе ақындық, өнер саласында атағы алысқа кеткен саңлақтар туралы классикалық туындылар жазған Тәкен Нағашыбектің осынау тарихи-танымдық тақырыпқа батыл барып, біліп жазатынына, әсіресе тарихи деректерді тереңнен тартып сөйлете білетініне қызыққан. Жас жазушының алғашқы аяқ алысына, қаламгерлік қолтаңбасына, өзіндік стиліне қуанып қолын қысып, осы бағытыңнан тайма, деп ақ батасын беріпті.
Шын мәнінде, қолына қалам ұстаған алғашқы мезеттен бастап Нағашыбек Қапалбекұлы өзі таңдап алған тарихи тақырыбына адал болды. Қаншама тарихи тұлғаларды қайта тірілтті. Бізге беймәлім, шаң басып, ұмытылып, ел есінен біржолата өшуге айналған тұлғаларды ортамызға қайта алып келді.
Олардың халық жүрегіндегі орнын, елдің махаббатын өздеріне қайтарды. Том-том кітаптар ақтарып, архивтерді аралап, бір-бір түйіршектен жинап, қайта зерттеп, қайта бейнелеп, қалың оқырманның қолына кітап етіп қайта табыстады.
Әрине, оның шығармаларының негізгі, басым бөлігін көркем туындылары құрайды. 1980 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген тұңғыш кітабы «Еңлікгүл» атты туындысынан бастап, кеше ғана баспа жүзін көрген «Жер жүрегі», «Күн бетінде секпіл бар», «Миллионер» атты жинағы мен жаңа жарық көрген «Сакура гүлдегенде» деп аталатын повесіне дейін қаншама кітаптарымен қалың қазақ оқырмандарын қуантты.
Осының қатарына соңғы жылдары жарық көрген «Кек» романын қоссақ жазушының ұзақ дайындықпен келіп, үлкен тақырыптарға қалам тербеп, ұзақ жылдардан бері өзі зерттеп, зерделеп жүрген сүйікті тарихи-танымдық деректеріне қайта оралғанын аңғарар едік.
Нағашыбек Қапалбекұлы соңғы ширек ғасыр бойында өзінің тұтас шығармашылық еңбегін туған жердің бай тарихын, сол киелі топырақта дүниеге келген, еліне танылған, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, өнеріне өлшеусіз үлес қосқан саңлақтарға арнап, солардың ғұмырбаяндық деректеріне табан тірей отырып, танымдық маңызы өте жоғары кітаптарды жарыққа шығарды. Олардың тағдырын, шығармашылық сапарын өзінің көркем туындыларына арқау етті. Сол кітаптардың басым көпшілігі тарихи кезеңдер мен тарихи тұлғалардың ақиқатын бүгінгі қазақ оқырманына жеткізуді мақсат етті. Осынау еңбектер арқылы қаламгердің өзі де әдебиетіміздің белгілі тұлғасына айналды.
«Дос жүрегі», «Таудан түскен тұман», «Қызыл елік», «Махаббатсыз өмір жоқ», «Жерошақтың түтіні», «Біздің ауыл тау жақта», «Құт пен жұт», «Мақыш Балуан», «Аспанқора аңызы», «Ақ шымылдық» тағы басқа кітаптарына оның повестері мен әңгімелері, эсселері, ертегі, әфсана, аңыздары еніп, жеке-жеке еңбек ретінде жарыққа шықты. 2007 жылы «Махаббатсыз өмір жоқ» атты кітабы Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласындағы «Бийиктик» баспасынан қырғыз тілінде жарық көрді.
Нағашыбек Қапалбекұлының қалам тартқан тақырыптарының ішінде ең басты орынды тарихи тұлғаларға арналған туындылары иеленеді. Қазақтың ұлы жырауы Жамбыл және оның ақындық төңірегі жөнінде көп ізденіп, терең зерттеп, жинаған деректерін ел мен жер, өткен мен бүгінгі оқиғалармен сабақтастыра отырып, танымдық тағылымы мол дүниелер жазды.
Қаламгердің «Бала Жамбыл» атты повесі тартымды оқиғаларға, нақты деректерге табан тіреген шығарма. Жамбыл өмірінен жазылған жаңа, көркемдік бітім-болмысы бірден көзге түсетін тың туындының әсіресе тарихи тағылымы назар аудартады.
Жазушының басқа да туындыларының кейіпкерлері – қазақ елінің біртуар перзенттері. Атап өтсек, олар – Қарасай, Шапырашты Наурызбай, Өтеген, Райымбек, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Бекболат секілді дулығалы батырлар, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Өтеп, Әбдіғали, Есдәулет секілді дуалы ауызды ақындар, Төле би, Балуан Шолақ, Сарыбай би, Андас датқа, Медеу Пұсырманұлы, Құртқа тәуіп, Нұрғиса Тілендиев, тағы да басқа тарихи тұлғалар. Елге атағы кең жайылған біртуар тұлға Мақыш Балуанға арнап тұтас повесть жазып жарыққа шығарды. Қарасай батыр жайлы «Қарасай, Қарасай», Жамбыл жайлы «Жамбыл ата», «Киесі – қызыл жолбарыс» атты туындылары, сондай-ақ Сарыбай би Айдосұлы, Мақыш балуан Райымбекұлы туралы жеке еңбектері қазақ оқырманының ықыласына бөленген, жоғары баға алған тың, өте тартымды туындылар десек қателеспейміз.
Нағашыбек Қапалбекұлы жоғарыда аталған прозалық жинақтарында өмір сырына үңіліп, үлкен-үлкен көркемдік жинақтаулар жасауға ұмтылады. Өзінің алдындағы үлкен ағаларының қаламгерлік шеберлік тәсілдерінен үлгі алды, сөйтіп, өзі де жаңа стильдік ізденістерімен, өзіндік қолтаңбасымен, өзіндік тақырыбымен көріне алды.
Қаламгердің шығармалары өмір шындығын көркем бедерлеген, сыршыл, әрі автордың құнарлы тілін, сюжет құрудағы шеберлігін, кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесіне үңіле білетін қабілетін айқын танытқан туындылары десек артық айтпаймыз.
Жазушы идеологияға күштеп таңылған жасанды қалыптардан қашып, соны тақырыптық ізденістерге бет бұрды. Өз туындыларында замандас бейнесін жасай отырып, алдымен кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін, психологиясын, көңіл күй, рухани әлемін терең ашып көрсетуді мақсат етті. Өмірдегі үздіксіз күрес үстіндегі адамның жеке тұлғасына ерекше мән беріп, оның ішкі әлеміне бойлай отырып, адамгершілік асыл қасиеттерін, азаматтық позияциясын оқырманға үлгі етіп ұсынды. Осылайша кейіпкердің адамгершілік және моральдық болмысын бейнелеуге алдыңғы кезекте баса назар аударғанын автордың шығармаларынан жазбай тануға болады.
Кейінгі жылдары жазған дүниелерімен оқырманын елең еткізген Нағашыбек Қапалбекұлының кітабы «Біздің ауыл тау жақта» деп аталады. Сол кітаптағы «Махаббатсыз өмір жоқ» деген әңгімесі Жомарт деген ақынжанды жігіт пен Гүлжан деген қыздың ортасындағы қасіретті тағдырға құрылған. Әңгіме оқырман жүрегіне терең әсер ететін, адам жанының нәзік пернесін қозғайтын тартымды туынды. Алғашқы махаббат сезімі, қызғаныш, күйініш, түңілу, бір сөзбен айтқанда өрімдей жастарға етене жақын ішкі сезім толқындарының барлығы өз арнасында терең көрініс табады. Екі жастың арасындағы қайғылы махаббат дерті, жүрегі жараланып, жан дүниесі тұйыққа тірелген, кейіпкер басынан өтетін ауыр қайғыны шығармаға арқау еткен. Гүлжан тағдыры, жаза басып, опық жеген ақынжанды Жомарт, тағы да басқа сюжеттік желілер арнасы осы жастар төңірегінде өрбіп, кейіннен олар әр түрлі, әркелкі бағыттағы авторлық мақсатқа сай тарамдалып кете барады. Қаламгердің тартымды, бейнелі тілмен, қызықты оқиғалармен кестелеп, астарлап отырып жеткізетін өмір шындығы, яғни жастар өмірі оқырманын жалықтырмайды.
Нағашыбек Қапалбекұлының «Үрей» әңгімесінде Шәрбәнкүл атты қыз баланың қорғансыздың күйін кешкенін, тағдыр ауыртпалығын басынан өткізген кейіпкердің жан дүниесіндегі сезім құбылыстары, адамдардан көрген зорлық-зомбылығы, қиянаты, барлығы шынайы өмірдің көріністерін жеткізеді. Тіршілік ауыртпалығын басынан өткізген әлгі қыз бала жынданып кетіп, кейін өмірден озады. Бұл әңгімеде де Кеңес дәуіріндегі жетім-жесірдің ауыр тағдырындағы тарихи белестер, сол замандағы қиын-қыстау кезеңдер, барлығы кейіпкер тағдырымен сабақтасып жатады. Енді осының барлығы оқырманға әсер етеді. Жан дүниесін қозғайды, тебірентеді, толғандырады. Жүректің түбінен бастау алған осынау көңіл толқындары, кейіпкер тебіренісімен терең сабақтасып суреттеледі.
Нағашыбек Қапалбекұлының әңгімелерінен басқа көлемді повестері де оқырманнан жақсы баға алған дүниелер. Жалпы Нағашыбек повестері ең алдымен, адамның рухани байлығын, адамгершілікті ту етіп көтереді. Адамдық асыл қасиеттерді мадақтау, зұлымдық пен қатыгездікті, надандық пен тоғыршарлықты ашына айыптау – жазушы туындыларында жемісті жалғасын тапқан.
Қаламгер шынайы көркем шығарманың осынау дүниетанымдық, жасампаздық қуатын дәл аңғарғандықтан, өз кейіпкерлерін әрқилы іс-әрекеттер аясында көрсетіп, олардың өмір сынынан қалай өтетінін боямасыз жеткізеді. Жұмыр басты пенденің тағдыр соқпағы, тіршілік қамында қайғы мен қуанышты қатар арқалаған адамдар қатынасы, барлығы нақты кейіпкерлер болмысы арқылы танылады.
Нағашыбек Қапалбекұлы повестерінің ішінде ерекше көзге түсетіні «Мақыш балуан» повесі. Бұл туынды өзі балуан, өзі әнші, өзі ақын Мақыш балуанның тағдырынан сыр шертеді. Жазушы балуанның өмірі туралы ел аузынан естіген аңыз-әңгімелерден түйгенін көркем тілмен қағаз бетіне түсірген.
Мақыштың балуандығын ел арасындағы аңыздардан жазушы көп естиді. Оның қырғыздың атақты батыры Тістеуікпен найзаласып, жеңгенін ауыл ақсақалдары тебірене айтып отырады екен. Повесте бұл оқиға да әсерлі берілген. Мақышты Қастек болысына атақты мемлекет қайраткері Ораз Жандосов ревком қылып тағайындаған. Колхоздастыру кезінде, «асығыстық жасамайық, артын күтейік, бәрі жақсы болып жатса көше жатамыз», – деп қарсылық жасағаны үшін, Мақыш Балуанды абақтыға жауып, артынан ату жазасына кеседі. Жамбылдың үзеңгілес серігі, ақын, батыр, әрі балуан Мақыш Райымбекұлының қилы-қилы тағдыры әр қырыннан әңгімеленеді. Бұрынғы Қастек болысы, қазіргі Жамбыл ауданының тұңғыш ревкомы болған, өнерімен қазақ-қырғызға аты кеңінен танылған, кейін репрессия құрбанына айналған Мақыш балуанның өмір деректері повестің негізгі арқауын құрайды. Бір сөзбен айтқанда көркем туынды да осынау тарихи оқиғалар негізінде жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Мақыш балуан» повесі жазылды. Сондықтан да бұл туынды тарихи сипатымен ерекше көзге түседі.
Жазушының келесі күрделі шығармасы – «Бала Жамбыл» повесі. Бұл шығарма тарихи оқиғаларға толы. Жамбылдың дүниеге келгеннен бастап жастық шағын кең қамтып суреттеуге арналған. Жамбылдың Жамбыл тауының баурайында дүниеге келгендіктен Жамбыл атануы, сол кездегі жаугершілік заман, одан кейінгі Жамбылдың өмірі тарихи оқиғалармен терең сабақтастықта өрнектелген. Шығармадағы Ұзынағаш өзені, Аюлы, Қақпатас, Сұлутөр, Үлкенсаз, Көктөбе, Сарысай таулары жазушының өзі туып-өсіп, табиғатын күнде сезініп өскендіктен шынайы, әрі тартымды суреттелген. Ал Сұраншы батыр, Жамбыл, Жамбылдың әкесі Жапа, Сарыбай би, т.б. заманындағы елді бірлікте ұстаған тарихи тұлғалар да повесть ішінде бой көтереді. Сол кездегі барымта, түрлі дау-дамайлар, қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты қарым-қатынастар, ұлттық салт-дәстүр, т.б. барлығы да әсерлі бейнеленген. Шығармада ел аузында аңызға айналған Жамбылдың «қызыл шұбар жолбарысы», ұлы ұстазы Сүйінбайдан бата алуы тарихи оқиғалармен астасып, нақты кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы ашылады.
Нағашыбек Қапалбекұлының қаламгерлік еңбектің сыртында, туған жердің үлкен жанашыры, насихатшысы екенін баса айту қажет. Ақындар мен батырлар елі саналатын Жамбыл ауданының әйгілі тарихи тұлғалары жайлы ғылыми зерттеулері, сол жерде ғұмыр кешкен ақындар мен жыраулар, олардың мол мұрасы туралы үнемі қалам тербеп жүреді. Алатау өңірі мен көрші қырғыз еліне даңқы тараған әйгілі дүлділ жүйріктер, сөз саңлақтары туралы эсселері де газет беттерінде жарық көрді. Әсіресе, қаламгердің суырып салма, жезтаңдай ақын Саяділ Керімбековтің атақты жүйрік Көкбайтал жайлы жазып қалдырған «Көксағым» атты поэмасын Ғылым академиясының қолжазба қорынан тауып, оны араб тілінен аудартып, келер ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде ұсынуын атап өтуге тұрады.
Нағашыбек Қапалбекұлының ғылыми-зерттеу бағытындағы еңбектерінің бірі – «Шамшырақ» кітабы. Туындының аты айтып тұрғандай, жазушы бұл еңбегінде кітаптанудың ұзақ ғасырларға созылған өзіндік тарихын, тас ғасырынан тамыр тартып, ұрпақтарға мирас болған таңбалар, көне мәдениетіміздің бастау-бұлағы, таңбалы тастағы бейнелер, әлем мәдениеті мен руханиятындағы аса құнды жәдігер – Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі жазу құпиясы, халық өмірінің, мәдениетінің баға жетпес құндылықтары жайында ой қорытады.
Жазушы туған ел, өскен жер тарихын, мәдени құндылықтарын білуге құштар оқырман қауымға көп мағлұмат беретін Жамбыл ауданының сексен жылдық жүріп өткен жолын баяндайтын «Ақындар мен батырлар елі» кітабының шығуына себепкер болды. Бұл еңбекке еліне, жеріне қамқор болған батырлар, есімі елге ұран болған тарихи тұлғалар, сондай-ақ бүгінгі дәуірдегі еңбек және соғыс ардагерлері, қарапайым еңбегімен қадір-құрметке ие болған қажырлы ауыл адамдары енгізілді.
Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы «Батаменен ел көгерер» жинағында данагөй, ғұлама әз Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билерден бастап, әйгілі батырлар мен ақындар, билердің баталарын топтастырған. Жинақ «Бабалар батасы», «Аталар батасы», «Ағалар батасы» атты бөлімдерден тұрады. «Батаменен ел көгереді, жаңбырменен жер көгереді» демекші, бұл кітап туған әдебиетін іздейтін, сөз өнерінің қадірін білгісі келетін келешек ұрпаққа асыл тұмардай құнды дүние болатыны сөзсіз. Осындай әр алуан тақырыптарда ғылыми-танымдық зерттеу жүргізіп, кітап болып басылып, оқырмандар игілігіне жараған еңбектері жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының тағы бір қырын, яғни оның көп ізденетін, тыным таппай жаңа дүниелерді ашуға, соларды елге танытуға ұйытқы, дәнекер болып жүретін елгезек мінезін, көңілі сергек, азаматтық, кісілік қасиетін танытады.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Жамбыл атындағы сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның Құрметті жазушысы, белгілі қаламгер Нағашыбек Қапалбекұлы ұлы бабаларының, асыл текті аталарының батасын алған, туған жерінің, елінің түгел тарихын жазып шыққан, үнемі жақсы істің басында, жақсылар мен жайсаңдардың қасында жүретін, игі іс-шаралардың ұйтқысы болып, берекесін келтіріп ұйымдастыра білетін іскер, парасатты басшы екенін сан мәрте дәлелдеді.
Бұл қасиеті әсіресе Жамбылдың 175 жылдық мерейтойы тұсында өзі бас болып жарыққа шығарған жыраудың таңдамалы қырық томдығын, биыл ғана Сүйінбай ақынның 210 жылдығына арналған таңдамалы он томдығын жинақтап, өз қолынан өткізіп «Қазақ университеті» баспасынан шығарған еңбегінен жарқырап көрінді.
Танымал азамат, қажырлы қоғам қайраткері ретінде Нағашыбек Қапалбекұлы бүгінгі күні де сандаған игі іс-шаралардың басы-қасында жүр. Қазіргі таңда жетпіс бес деген мерейлі жастың биік белесіне абыроймен көтеріліп отырған қаламдас-достың тынымсыз жазушылық ізденісі тағы да бізге тағылымды кітап болып оралатынына бек сенеміз.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы