⛅
6°C
Қонаев
Сәрсенбі, Қазан 22, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Қарадаладан табылған қазына

    Сақ дәуірінен сыр шертеді

    20.06.2025
    in Барлық жаңалықтар
    Қарадаладан табылған қазына
    0
    SHARES
    15
    VIEWS

         Қасиетті Қарадаладан біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларға тән Сақ дәуірінен сақталған алтын бұйымдар табылды. Қойнауына қазынаны қымтап алып, ғасырлар бойы тұма тарихты тереңіне сақтап жатқан ұлы далаға археологтардың табаны тисе болды, олжалы болып жататыны рас. Өткен жылы ««Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының мамандары Сарытоғай мекеніне жүргізген зерттеуде де үлкен олжамен қайтқан еді.

    Ұйғыр ауданының орталығы Шонжыдан күншығысқа қарай шамамен 10-12 шақырым жол жүрген соң тізбектелген обаларға көзіңіз түседі. Бұл – жергілікті халық үшін күнделікті көріп жүрген көрініс. Ешкім оның астарына үңіліп, құпиясына бойлағысы да келмейді. Бірақ бұл обалардың әрқайсысы бір тарих екенін іштей сезінеміз. Елдігіміз қолға тиген соң, рухани байлығымызға ден қоя бастадық. Тарихымызды таңбалауға кірістік. Мәдени ескерткіштерімізді ескеріп, еліміздің, жеріміздің тарихын түгендеуді қолға алдық.

    Осыдан бірер ай бұрын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы конкурс ұйымдастырған еді. Сол байқауда жеңімпаз атанған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  археологиялық экспедициясы 20 күннен астам уақыт ауданда зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ішіне ғасырлар бойы бүккен сырын жайып салып, тарихи жаңалықты жарқ еткізген сол жұмыстар жайында археологиялық экспедицияға жетекшілік еткен ҚазҰУ тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байқонақовпен тілдескен едік.

    Тоғызбұлақ учаскесіндегі обалардың біразы тоналып кеткен екен. Ал кейбірі апатты жағдайда тұр. Десе де зерттеушілер Тоғызбұлақ-1, Тоғызбұлақ-2 қорымдарындағы алты обаны ашып, сараптама жүргізді. Тоғызбұлақ-1 қорымында жиырмадан астам оба анықталса, оның оны алыстан тізбектеліп көрінеді. Солардың арасында ерекше көзге тұскен 4 оба ашылды. Біріншісінен жас баланың сүйегі табылса, екіншісі тоналғандықтан, шашылған сүйек қалдықтары ғана кездесті. Ал үшінші, төртінші обада ғалымдар күтпеген олжаға жолықты. Дәл осы обалардан қыш ыдыстар, киімге, белдікке арнайы жасалған алтын қапсырмалар және алтын жүзік табылды.

    Олардың арасындағы ең құнды жәдігер – алтын жүзік. Салмағы – 8 грамм. Онда арыстан бейнесі бейнеленген. Бір қарағанда бұқаға, тағы бір көз салсаңыз қойдың тұмсығына да келетіндей. Мұны тарихшылар синкретизм дейді. Яғни бір-бірімен біте қайнасқан, жігі ажырамаған алғашқы қауымдық немесе архаикалық мәдени кезеңге тән құбылыс. Мұндай бірнеше бейнені бір бейнеге тоғыстыру тарихи ескерткіштерде көптеп кездеседі. Алтын жүзіктен дәл осы синкретизм көрінісін аңғаруға болады.

    Профессор Досбол Сүлейменұлының айтуынша, бұл жәдігерлер біздің заманымыздан бұрынғы IV-III ғасырларда өмір сүрген Сақ тайпаларына тиесілі. Бұған ғалым нақты мысалдарды да келтірді. Атап айтсақ, тарихтан белгілі сақтар аң стилін көп пайдаланған. Ғалымдардың пайымдауынша, ерте қола дәуіріндегі сақ тайпаларында зооморфтық этно-әлеуметтік стильдің пайда болуы үшін сол заманның өзінде барынша жағдай қалыптасқан екен. Оларды жасауда өз кезеңінде дамыған технологияны қолданғаны, сондай-ақ ою-өрнек үлгілерін жасау үшін пайдаланатын құрылғылары қалыптасқандығын осы уақытқа дейін жеткен заттай құндылықтардан көруге болады. Демек, ерте темір дәуірінен бастау алған аңдық стильдегі әшекейлер қоғам өміріне қарай бейімделіп, аспан әлемі мен жер әлемі арасындағы мифологиялық дүниетанымның бірсыпыра элементтерін бейнеледі. Сақ кезеңіндегі аң бейнелері үштік әлем, яғни құс, тұяқты жануарлар, жыртқыш аңдар мен тіршілік арасындағы сабақтастық идеяны тудыру негізінде қалыптасса керек. Сондай-ақ аң стилі өз кезеңіндегі өрнектердің алдыңғы қатарында болды. 1969-70 жылдары Есік қорғанынан тоналмай табылған сақ ханзадасының қабірінен төрт мыңнан астам алтын тоғалар мен жапсырмалардың басым көпшілігі аңдық стильде жасалғандығын ғалымдар мен археологтар әлі күнге айтып жүр. Демек, алтынды өндеу мен аң стиліндегі әшекейлерді жасау сақ тайпаларында дамығандығын аңғаруға болады.

    Міне, дәл осы аң стилі Қарадаладан табылған алтын жүзікте де анық байқалады. Досбол Сүлейменұлы осыған ұқсас жүзік Есік қаласынан табылған «Алтын адамда» болғандығын да айтып өтті. Оның үстіне арыстан бейнесі династиялық билікті, көшбасшылықты, қорғаушылықты, ерік-жігерді білдіретіндіктен, бұл обада да жай адамның мүрдесінің жатпағанын аңғаруға болады.

    Сонымен қатар осы обалардан табылған алтын қапсырмалар ішінде қазақтың қошқар мүйіз оюына ұқсас жұқа қапсырмалар, тапшы тәрізді қапсырмалар, алтыннан жасалған шынжырдың бөлшегі де бар.

    Ғалымның тағы бір таңғала отырып баяндаған дүниесі – Тоғызбұлақ-1 учаскесіндегі №2 обадан шыққан қыш ыдыстың сынығы. Тіпті, ұстағышы да бар. Сыртындағы оюланған бедері де анық байқалады. Досбол Сүлейменұлы осы уақытқа дейін қаншама қазба жұмыстарын жүргізіп жүріп дәл осындай ұстағышы бар өзіндік ерекше қыш ыдысты кездестірмегенін жасырмады. Сондай-ақ темірден жасалған жебе ұштары, киіз қалдығы, тіпті өртелген сүйек қалдықтары да табылған. Тағы бір таңғаларлығы, №4 обадан ер адам мен әйел адамның жақын жерленгенін аңғарды зерттеушілер. Дәл осы мүрденің жанына тастан жасалған дән үккіш те бірге қойылыпты. Бұл да сол замандағы тайпалардың өзіндік бір ұстанымы, ерекшелігі болса керек.

    Қазба жұмыстары барысында табылған барлық жәдігерлер алдағы уақытта арнайы зертханаға жіберіліп, тарихи ескерткіштердің жасын, рухани құнын, халық үшін маңызын анықтамақ. Әзірге жерлеу рәсіміне, обалардың орналасу стиліне, ондағы табылған құнды заттардың жасалуына қарап ғалымдар Сақ дәуірінің көзі деген болжам жасап отыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің отыздан астам студенті қатысқан бұл экспедиция осылайша Қарадаладан олжалы қайтты. Жүздеген жылдар бойы бұғып жатқан бағалы тарихи мұраларға қол жеткізді.

    Қарадаладан қазына табылғанын ести сала ауданға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев арнайы келді. Ұйғыр ауданының әкімі әкімі Бота Елеусізовамен бірге зерттеу аймағына барды. Болашақта бұл өңірдегі өзге де обалар зерттеліп, зерделенетінін, яғни жұмыстардың жалғасатынын жеткізді. Әрине, мұндай құндылықтар қазақ даласының кез келген қиырында кездесуі де мүмкін. Десе де, дәл қазір Қарадаладан табылған қазына санамызды бір сілкіп алды.

    Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

    Ұйғыр ауданы

     

    1 of 2
    - +

    1.

    2.

    Ұсынымдар

    Жүйелі жұмыс – жайлы тұрмыс

    Жүйелі жұмыс – жайлы тұрмыс

    3 months ago
    Ұлы сезімнің көшбасшысы

    Ұлы сезімнің көшбасшысы

    6 months ago
    Аружанның білезігі қауіптен құтқарады

    Аружанның білезігі қауіптен құтқарады

    1 year ago
    ҒАСЫР ТОЙЫ

    ҒАСЫР ТОЙЫ

    11 months ago
    Балқаш ауданында 6 ауылға газ тартылды

    Балқаш ауданында 6 ауылға газ тартылды

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>