Адам баласының қызыққа толы кезеңдерінің бірі – мектеп қабырғасында оқыған балдәурен балалық шағы. Білім ордасына тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан жандардың барлығы да оқушы кезін сағынып, естен кетпес әсерлі сәттерді емірене еске алатыны анық.
Мектеп түлектерінің алтын ұясына деген құрметі ерекше. Әсіресе соңғы қоңырау кешінде өздері оқыған білім шаңырағына арнайы келіп, ұстаздарына құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасауы айнымас дәстүрге айналып келеді. Биыл да ел сүйсініп айтарлықтай сондай игі шараға куә болдық. Балқаш ауданының орталығындағы М.Сеңгірбаев атындағы білім шаңырағының 1980 жылғы түлектері мектеп ауласынан демалыс аллеясын салып, ұстаздар мен оқушыларды қуанышқа бөледі.
Салтанатты шараға Балқаш аудандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Қошаханова, М.Сеңгірбаев атындағы орта мектептің директоры Айгүл Жұмаханқызы, сонымен қатар ардагер-ұстаздар Шұратбек Жексенов пен Ғалия Садықбайқызы арнайы қатысып, жаңа аллеяның лентасын қиып, түлектерге алғыстарын жаудырды. Шұратбек Жексенов 45 жыл бұрын үлкен өмірге қанат қаққан түлектерінің қасиетті қарашаңыраққа жасаған тартуына ризашылығын білдірді. Көңілі толқыған ұстаз өзінің баптаған шәкірттерінің биікте самғап жүргеніне шүкіршілік айтып, өткен шақтан естелік әңгіме өрбітті. Білім шаңырағының ауласына заманауи демалыс аллеясын жасаған түлектердің қай-қайсысынан сұрасаңыз да: «Сыныптастардың басын қосып, осындай ауқымды істі қолға алуды ұйымдастырған Нарымбет Әбдібаев пен Сәкен Алсаев», – деп, олардың азаматтығы мен іскерлігіне тамсанады.
Мектеп ажарын көрікті етіп тұрған жаңа аллеяның ерекшелігіне тоқталар болсақ, ол жерге 55 дана туя және 30 дана қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызып, 115 шаршы метр жерге тастар төселген. Сондай-ақ орындықтар орнатылып, маңына қоқыс жәшіктері де қойылған. Шара соңында түлектер «Оспанқожа ата» мешітіне барып, өмірден өткен ұстаздары мен сыныптастарының рухына Құран бағыштап, ас берді.
Әрбір адам үшін кіндік қаны тамған ауылынан ыстық жер бар ма? Қайда жүрсе де өзінің туып-өскен ауылын, білім нәрімен сусындатқан мектебін ұмыту әсте мүмкін емес. Иә, алтын ұя – білім ошағы қашанда шәкіртімен қадірлі. Сол үшін ұстаздар мен шәкірттердің арасындағы өнегелі байланыс қай кезде де құнды. М.Сеңгірбаев атындағы орта мектебінің 45 жылдық тү-лектерінің білім шаңырағына жасаған тартуы – соның айқын дәлелі деп білеміз. Өйткені олардың ауызбіршілікпен атқарған игі істері өзгелерге үлгі болатыны сөзсіз.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы