2017 жылы 7 ақпанда Қарасай ауданында жаңа кәсіпкерлік субъектісі – Clever Medical компаниясы тіркелген болатын. Бұл компания Қазақстанда алғашқылардың бірі болып медициналық бұйымдарды әзірлеу, жобалау, өндіру және зарарсыздандырумен айналыса бастады. Алайда, бұл маңызды қадамға дейін компания басшысы Асқар Айтелиев (білімі бойынша кардиохирург) елімізге шетелден медициналық бұйымдарды жеткізген.
Сол уақытта Асқар Едігеұлы бұл үдерістің өте күрделі әрі аса тиімді емес екенін түсінді. Себебі, өзіндік құны салыстырмалы түрде төмен медициналық бұйымдарды елге жеткізуге көлемді қаражат жұмсалатын, сонымен қатар, бұған көп күш пен уақыт кететін, ал бұл арада тапсырыс сұраныссыз қалып қоюы мүмкін екеніне көз жеткізеді. Бұған қоса, барлық шетелдік өндірушілер жеке тапсырысқа сай өнім шығара алмайтын. Осылайша, ол қажетті капитал жинап, медициналық бұйымдарды өндіретін отандық өндіріс ашу жөнінде шешім қабылдайды. Бірте-бірте бұл жоспар іске асып, зауытты құруға бір миллиард теңге инвестиция салынды.
– Біздің кәсіпорын таза аймақ өндірістік инфрақұрылымын құруда Словакияның Sky Medical компаниясының тәжірибесіне сүйенді, – деді Асқар Едігеұлы. – Бұл күрделі ұғым, яғни, «таза аймақтар» инженерлік және құрылыс шешімдерінің кешенін білдіреді. Ол жерде таза орта – ауадағы, аймақтағы бактериялардың, вирустардың және басқа да ластаушылардың мөлшері барынша аз болады. Бұл тек ғимараттар емес, сонымен бірге жабдықтар, жүйелер мен материалдарға да қатысты. Тіпті қабырға, төбе, еден, есік, терезе де тот баспайтын болаттан немесе антистатикалық материалдардан жасалуы керек. Сонымен қатар, ауа температурасы, ылғалдылығы мен қысымын реттеп отыратын желдету және кондиционерлеу жүйелері де жақсы ойластырылған. Мұның бәрін басқару және автоматтандыру жүйелері реттейді.
Кәсіпорында 300-ден астам атау бойынша дайын өнім шығарылады. Олардың қатарында операциялық және кардиоторакалды бөлімдерге, жансақтау, нейрохирургия, нейроинтервенция, интервенциялық кардиология мен ангиография бөлімдеріне арналған процедуралық жарақтар бар. Сонымен бірге инфузиялық желілер, қорғаныс жапқыштары, ақ желеңдер, дренажды катетерлер, қысым датчиктері, тағы басқа да өнімдер шығарылады.
– Біз өндірістік желіні үнемі кеңейтіп отырамыз, – деді Асқар Едігеұлы. – Мәселен, стерильді жеке процедуралық жинақтарды жобалау мен өндіруге, кардиологиялық катетер, дренаж бұйымдары, қан-тамырлық өткізгішіне, стент, хирургиялық халат, бахила, қорғаныш жапқыштарын жасауға рұқсат беретін сертификаттарымыз бар. Clever Medical компаниясының жеке процедуралық жинағы туралы бөлек айтқым келеді, бұл топтама нақты ота үшін іріктеліп дайындалған стерильді құралдар мен шығын материалдарынан тұрады. Осындай жинақтың болуы дәрігерге шұғыл әрекетке бірден кірісуге мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, секундтар шешуші рөл атқаратын шұғыл жағдайларда өте маңызды. Сонымен қатар, бұл өндіріс озық технологиялармен және зияткерлік ресурстармен жабдықталған. Мұнда сапа менеджменті жүйесі енгізілген. Бұл – еліміз үшін аса маңызды сала екенін, әрі оның халықаралық сапа стандарттарына сәйкес сәтті дамып жатқанын білдіреді.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы