Перейти к содержимому

«Қонаев-Алматы» пойызы жаңа вагонмен толықты

«Алматы-Қонаев» бағытындағы электр пойызы жаңа вагонмен толықты. Соның арқасында пойыздағы орындар саны 294-ке жетті.

Айта кетейік, пойыз қызметіне жауапты мекеме де ауысты. Бұған дейін бұл міндетті «Жолаушылар тасымалы» АҚ атқарған болатын. Енді тамыз айынан бастап мұндағы жұмыс толықтай «Тұран Экспресс» ЖШС-не өтті.

Пойыз таңғы сағат 5:47-де Қонаев қаласынан Алматыға жол жүреді. Сағат кешкі 20:30-да Алматыдан облыс орталығына қайтады. Жол ақысы – 450 теңге.

фото: Alataunews

«Билеттер кез келген теміржол бекеттерінде сатылады. Тіпті, бекетке бас сұқпай-ақ, пойыздың ішінде де билет сатып алуға мүмкіндік бар», — дейді Алматы облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қанат Шарапиев.

«Қонаев-Алматы» пойызы өткен жылдың қараша айында іске қосылған. Алғаш рет 175 орынға арналған 3 вагон жолаушыларға қызмет көрсете бастады. Бүгінгі таңда вагондар саны 6-ға жетті. Орындар да біртіндеп көбейіп келеді. Екі қалаға қатынайтын жолаушылар саны да артты. Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын еселене түсетіні анық.