Америка Құрама Штаттарының Кентуки штатында гранттық негізде білім алып жатқан жалғыз қазақстандық – Алматы облысының тумасы Даниял Қуаныш. Газетіміздің өткен сандарының бірінде Балқаш ауданына қарасты Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының түлегі Даниялдың АҚШ-тың 8 университетіне грант жолдамасын ұтып алғанын мақтанышпен хабарлаған едік. Бұл жас талапкердің табандылығы мен білімге деген құштарлығының жемісі ғана емес, Қазақстан жастарына шексіз мүмкіндік сыйлаған ұлы құндылығымыз тұғырлы тәуелсіздігіміздің жемісі. Бүгінде әлемдік білім кеңістігінде жүрген Даниялдың жетістігі туған жерінің мерейін өсіріп, егемен еліміздің білімді де өршіл ұрпағының әлеуетін танытатын жарқын үлгі. Осы орайда Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойы қарсаңында жерлесіміз Даниял Қуанышпен тілдесу мүмкіндігі туып, арнайы сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Даниял, Қазақстан мен АҚШ арасындағы бірнеше сағаттық уақыт белдеуінің айырмашылығына қарамастан тілдесуге уақыт тапқаныңа алғысымыз шексіз. Білесің, өзің жайлы бұрын да мақала жазған болатынбыз. АҚШ-тың 8 университетіне грант ұтқан едің, қазір қайда оқып жатсың? Не себепті ол оқу орнын таңдадың?
– Ең әуелі, не себепті шетелде білім алуды таңдағаныма тоқталғым келеді. Мұндағы басты себеп – білім көкжиегімді кеңейтіп, әлемдік білім беру жүйесінің озық тәжірибесін меңгеру болды. АҚШ – ғылым, технология және инженерия салалары қарқынды дамыған мемлекеттердің бірі. Сондықтан осы елде білім алып, заманауи технологиялармен танысып, өзге елдің оқу жүйесі мен мәдениетін көргім келді. Сонымен қатар шетелде оқу адамға тек кәсіби білім ғана емес, өз бетінше шешім қабылдау, жауапкершілік, бейімделу және жаңа ортада еркін қарым-қатынас жасау сияқты маңызды қасиеттерді де қалыптастыратыны сөзсіз. Мен үшін бұл – үлкен мүмкіндік әрі болашағыма жасалған маңызды қадам. Алдағы уақытта алған білімім мен тәжірибемді туған елімнің дамуына жұмсағым келеді. Сондықтан АҚШ-тың Кентукки штатындағы Centre College оқу орнын таңдадым. Ол Данвилл қаласындағы жеке гумманитарлық университет. Негізі 1819 жылы қаланған. Маями қаласындағы жоғары оқу орнына да шақырту алғанмын. Бірақ ол жақта жастар көбінесе өз уақытын қыдыруға бөлетіндіктен, мен білімге ден қойсам деп, өз қалауыммен дәл осы оқу орнын таңдадым. Мұнда білімге баса назар аударылады. Көбінесе сабақ, дәрістерді профессорлар өткізеді. Онан соң оқу бітіргеннен кейін жұмысқа тұру мүмкіндігі де өте жоғары. Дипломының дәрежесі халықаралық деп танылған. Мегаполис емес. Көп қыдырмай, білім алуға шексіз уақыт арнауға болады. Оның үстіне осында оқи жүріп, басқа да шетелдерге барып, тәжірибе жинақтаудың мүмкіндігі зор.

– Алғаш сабаққа барғанда қандай әсер алдың? Шетелдік студенттер сені қалай қарсы алды?
– Шыны керек, ол жақтағы студенттер мені өте жылы қарсы алды. Қазақстан деген мемлекет туралы біледі. Тіпті оқу уақыты басталмай тұрып, біз студенттер бірлесе арнайы сайт ашып, алдын ала кімдермен оқитынымыздан да хабардар болдық. Оның үстіне жатақханада тұратын көршімізді де өзіміз таңдадық. Оқуға барғанымда топтағы студенттер күтіп алды. Адамдары өте ашық, сабақ беретін профессорларымыздың өзі далада көріп қалсақ, емен-жарқын әңгіме айтады. Яғни, онда білім қуып барған жас өрендерге барынша еркіндік берілген.
– Жауабыңда жатақханада тұратыныңды, тіпті бөлмедегі көршіңді де өзің таңдағаныңды тілге тиек еттің. Осыған толығырақ тоқталып өтсең. Сабағың қай уақытта басталады? Тамақтану жағынан мәселелер жоқ па?
– Иә, кампус ішіндегі жатақханада тұрамын. Жанымдағы жігіт – осы жақтың тумасы. Демалыс күндері ол үйіне барып келеді. Ал сабақтарымыз әртүрлі уақытта өтеді. Тамақтары жақсы. Өзіміз барып, асханадан таңдап аламыз. Бір қызығы, мұнда ауылдағыдай шай көп ішпейді. Көбінесе кофе ішеміз. Аздап салмақ қосқаным да бар…
– Сабақтарың қай тілде өтеді? Бірге оқитын қазақ балалары бар ма? Штаттағы басқа қазақ жастарымен ұлттық мерекелерімізде бас қосып тұрасыңдар ма?
– Сабақтардың барлығы ағылшын тілінде өтеді. Шыны керек қалаға енді үйренісіп жатырмын. Әзірге мұнда білім алып жатқан қазақстандықтар жоқ. Тек келесі жылы бір қазақ баласының оқуға келетінінен хабардармын.
– Тобыңда өзің секілді басқа елдерден келген студенттер көп пе?
– Иә, бар. Жастар дүниежүзінің әр түкпірінен келіп, білім алуда.
– АҚШ-та қанша уақыт білім аласың? Ондағы мақсат қандай? Қазақстанға қайтып оралу жоспарыңда бар ма?
– Мен АҚШ-та жалпы 5 жыл білім алуды жоспарлап отырмын. Оның 4 жылы бакалавриатта, ал 1 жылы магистратурада оқуға арналады. Негізгі мақсатым – сапалы білім алып, кәсіби білімім мен тәжірибемді жетілдіру, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасу. Оқуымды аяқтағаннан кейін Қазақстанға оралып, алған білімім мен тәжірибемді елімнің дамуына, өз саламның өркендеуіне үлес қосу жолында пайдаланғым келеді. Болашақта өз елімде еңбек етіп, Қазақстанның дамуына үлес қосу – менің ең басты мақсатым.
– Ол жақта студенттерге шәкіртақы төлене ме? Алғашқы уақытта бәлкім қиындықтар болған шығар?.. Қанша дегенмен өзге мемлекетке үйренісу де оңай емес.
– Өкінішке қарай, мен қазіргі таңда шәкіртақы алмаймын, себебі бұл бағдарлама шетелдік студенттерге қарастырылмаған екен. Әрине, алғашқы айда біраз қиындықтар болды. Өйткені өзге елге барып, жаңа ортаға, басқа мәдениет пен өмір салтына бейімделу оңай емес. Дегенмен уақыт өте келе тез үйренісіп кеттім. Бұған оқу орнындағы оқытушылар мен студенттердің жылы қабылдауы, ашық қарым-қатынасы және қолдауы көп көмектесті. Өзімді жат ортада емес, керісінше, қолайлы әрі достық атмосферада жүргендей сезіндім. Қазір оқу мен күнделікті өмірге толықтай бейімделіп келемін.
– Шетелде оқып, біліміңді жетілдірудегі асқақ арманың қандай?
– Менің ең үлкен арманым – әлемдегі білім мен ғылымның озық жетістіктерін меңгеріп, білікті инженер маманы атану. АҚШ – білім беру жүйесі мен технологиялық даму саласында өзіндік орны бар, әлемге танымал мемлекеттердің бірі. Сондықтан дәл осы елде білім алып, шетелдік оқу тәжірибесімен танысу, заманауи технологияларды меңгеру менің көптен бергі арманым болатын. Болашақта инженерия саласында терең білім мен мол тәжірибе жинақтап, өз ісінің нағыз маманы болғым келеді. Ең бастысы, шетелде алған білімімді туған елімнің игілігіне жаратып, Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосу – болашақтағы асқақ арманым.
– Бұдан бөлек, сәл артқа шегініс жасасақ, өзің білім алған мектебің, ұстаздарың, сыныптастарың жайлы айтып берсең… Олармен қазір байланыстасың ба?
– Мен білім алған мектеп – Балқаш ауданының орталығында орналасқан Бақтыораз Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясы. Туған мекендегі аяулы ұстаздарыммен және сыныптастарыммен үнемі байланыстамын. Ұстаздарым шетелде жүргеніме қарамастан, жағдайымды сұрап, ақыл-кеңестерін айтып, өз қамқорлықтары мен қолдауларын білдіріп отырады. Олардың әрбір жылы сөзі мен үшін ерекше қуаныш әрі үлкен мотивация. Ал сыныптастарыммен де қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Қазір әрқайсымыз өз таңдауымыз бойынша жоғары оқу орындарына түсіп, жаңа ортаға бейімделіп, студенттік өмірге қадам басып жатырмыз. Алтын ұямда алған білімім мен ұстаздарымның берген тәрбиесі қазіргі жетістіктерімнің берік негізі деп білемін. Сондықтан туған мектебім мен ұстаздарыма әрдайым ризашылығым шексіз.
– Оқу орнында қандай ерекшеліктер бар? Сабақтан тыс уақытыңда немен айналысасың?
– Оқу орнымыздың өзіндік ерекшеліктері көп. Соның бірі – әр семестрде оқитын пәндерімізді алдын ала өз қызығушылығымыз бен болашақ мамандығымызға сәйкес өзіміз таңдай аламыз. Сабақтарды өз саласының білікті мамандары, профессорлар жүргізеді. Бұл студенттерге білім алу бағытын саналы түрде таңдауға және өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Сабақтан тыс бос уақытымды да тиімді өткізуге тырысамын. Кітап оқып, білімімді толықтырғанды ұнатамын. Сонымен қатар бассейнге барып, спортпен шұғылданамын. Мен үшін оқу мен демалыстың арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды.
– Сен Отан ұғымын қалай түсінесің? Жақын күндері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толғалы отыр. Еліміз егемендігін тіктеген мереке қарсаңында тәуелсіздік жайлы не айтасың?
– Мен үшін Отан – кіндік қаным тамған туған жерім, отбасым, өскен ортам, білім алған мектебім және барша Қазақ елі. Отан дегеніміз – тек туған жер емес, ол – әр адамның жүрегіндегі мақтаныш пен жауапкершілік сезімі. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толуы – барша халқымыз үшін айтулы әрі тарихи мереке. Тәуелсіздік – бізге ата-бабамыздың сан ғасырлық арманы мен күресінің арқасында жеткен ең қымбат құндылық. Бүгінде әлемнің қай түкпірінде жүрсек те, көк байрағымыздың желбіреп, еліміздің дербес мемлекет ретінде танылуы біз үшін үлкен мақтаныш. Қазіргі таңда АҚШ-та білім алып жүрсем де, жүрегім әрдайым туған еліммен бірге. Менің басты мақсатым – сапалы білім алып, білікті маман болып қалыптасып, Қазақстанға оралу және алған білімімді елімнің игілігіне жұмсау. Себебі Отанға қызмет ету – оны сөзбен ғана сүю емес, өз ісіңмен, біліміңмен және еңбегіңмен дәлелдеу деп түсінемін. Тәуелсіз еліміздің болашағы білімді, саналы әрі отаншыл жастардың қолында деп сенемін!
– Биылғы жылы алғаш рет Тәуелсіздік мерекесін өзге мемлекетте қарсы алғалы отырсың. Қандай сезімдесің?
– Тәуелсіздік мерекесін алғаш рет туған елімнен жырақта, өзге мемлекетте қарсы алғалы отырғандықтан, сезімім ерекше. Бір жағынан, шетелде білім алып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп жүргеніме қуанамын, екінші жағынан, осындай айтулы мерекеде туған жерімнің, отбасымның, жақындарымның жанында бола алмайтыныма аздап сағыныш бар. Дегенмен қай жерде жүрсем де, менің жүрегім – Қазақстанмен бірге. Шетелде жүріп көк туымызды көргенде, ана тілімізді естігенде туған елге деген мақтаныш сезімі ерекше артады екен. Тәуелсіздік мерекесі мен үшін елдігімізді, бірлігімізді және бейбіт өмірімізді бағалайтын қастерлі күн. Барша қазақстандықтарды келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
– Сенің ойыңша, Тәуелсіздікті нығайтуға қазіргі жастар қандай үлес қоса алады?
– Менің ойымша, Тәуелсіздікті нығайтуға қазіргі жастардың қосар үлесі өте зор. Ең бастысы – сапалы білім алып, заман талабына сай білікті маман болып қалыптасу. Бүгінгі жастар тек өз болашағын ғана емес, елінің ертеңін де ойлауы керек. Әлемнің озық тәжірибесін меңгеріп, жаңа технологияларды игеріп, оны Қазақстанның дамуына бағыттау – жастардың ел алдындағы маңызды міндеттерінің бірі. Сонымен қатар ана тілімізді, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеп, тарихымызды ұмытпауымыз қажет. Меніңше, Тәуелсіздікті нығайту үлкен істерден ғана емес, әр адамның адал еңбегінен, жауапкершілігінен және Отанға деген сүйіспеншілігінен басталады. Біз, жастар, білімімізбен, еңбегімізбен және нақты ісімізбен еліміздің дамуына үлес қосуымыз керек. Өйткені Тәуелсіздіктің болашағы – біздің қолымызда.
– Шетелде жүріп қазақтың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін насихаттауға қаншалықты көңіл бөлесің? Шетелдік достарыңа Қазақстанның қандай ерекшеліктерін мақтанышпен айта аласың?
– Шетелде жүрсем де, қазақтың салт-дәстүрін, ана тілімізді және ұлттық мәдениетімізді ұмытпай, оны өзгелерге таныстыруға әрдайым көңіл бөлемін. Менің ойымша, қай елде жүрсек те, өз ұлтымыздың болмысын, мәдениеті мен құндылықтарын құрметтеуіміз керек. Шетелдік достарыммен қарым-қатынас барысында Қазақстан туралы, халқымыздың қонақжайлығы, салт-дәстүрлері, ұлттық тағамдары мен тарихы жайлы айтып отырамын. Сонымен қатар қазақ тілінде сөйлеп, ана тіліміздің байлығы мен әсемдігін көрсетуге тырысамын. Өйткені шетелде жүрген әрбір қазақ – өз елінің бір өкілі. Өзге елге білім іздеп барсақ та, ұлттық болмысымызды сақтап, туған еліміздің мәдениетін таныту – біздің азаматтық парызымыз деп білемін.
– Шетелде жинаған білімің мен тәжірибеңді ел игілігіне қалай пайдалануды жоспарлап жүрсің? Қазіргі Қазақстан жастарына, әсіресе шетелде білім алуды армандайтын жастарға қандай кеңес бересің? Тәуелсіз Қазақстанның болашағын қалай елестетесің?
– АҚШ-та алған білімім мен жинақтаған тәжірибемді, ең алдымен туған елімнің дамуына пайдаланғым келеді. Инженерия саласында терең білім алып, заманауи технологиялар мен озық тәжірибелерді меңгеруді мақсат етіп отырмын. Болашақта Қазақстанға оралып, өз мамандығым бойынша еңбек етіп, еліміздің өндірістік, технологиялық дамуына өз үлесімді қосуды жоспарлаймын. Мен үшін шетелде білім алудың басты мақсаты – тек жеке жетістікке жету емес, алған білімімді ел игілігіне жарату.
Қазіргі жастарға, ең алдымен ізденуден, білім алудан және өз армандарына ұмтылудан ешқашан тоқтамаңдар дегім келеді. Алға қойған мақсатқа жету үшін табандылық, еңбекқорлық және ең бастысы, мықты дисциплина қажет. Шетелде білім алуды армандайтын жастарға мүмкіндіктерді зерттеп, тіл үйреніп, өздерін жан-жақты дамытуға кеңес берер едім. Әрине, басқа елге барып оқу оңай емес, қиындықтар да кездеседі. Бірақ сол қиындықтар адамды шыңдап, өзіне деген сенімін арттырады. Ең бастысы – қорықпай қадам жасау, уақытыңды тиімді пайдалану және бастаған ісіңді соңына дейін жеткізу.
Мен Тәуелсіз Қазақстанның болашағын ғылымы мен технологиясы дамыған, экономикасы өркендеген, бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде елестетемін. Еліміздің әлемдегі дамыған мемлекеттердің алдыңғы қатарынан көрінгенін қалаймын. Ол үшін білімді, жаңашыл, еңбекқор жастардың рөлі ерекше деп санаймын. Бүгінгі жас ұрпақ сапалы білім алып, өз саласында жетістікке жетсе, ертең еліміздің дамуына үлкен серпін береді. Мен де сол болашақты қалыптастыруға өз үлесімді қосқым келеді. Тәуелсіздігіміз мәңгі болып, Қазақстанымыздың абыройы асқақтай берсін!
– Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында туған еліңе, Қазақстанға қандай тілек айтқың келеді?
– Тәуелсіздік күні қарсаңында барша қазақстандықтарды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Ең алдымен, туған еліме тыныштық, халқымызға амандық, әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ғұмырлы болсын! Қазақстанымыз ғылымы мен білімі, экономикасы мен технологиясы дамыған, әлем мойындаған мемлекеттердің алдыңғы қатарынан көрінсін. Жастарымызға жарқын болашақ, үлкен мүмкіндіктер мен асқақ армандар тілеймін. Бізге осындай бейбіт те тәуелсіз елде өмір сүру бақытын сыйлаған ата-бабаларымыздың аманатына адал болып, еліміздің өркендеуіне әрқайсымыз өз үлесімізді қоса білейік. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Жасай бер, менің Қазақстаным! Себебі тәуелсіздік – өз тағдырыңды өзің айқындау, еркін білім алу, арманыңды жүзеге асыру және еліңнің дамуына үлес қосу мүмкіндігі. Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде менің де болашаққа деген сенімім мен арманым шексіз. Біздің міндетіміз – осы тәуелсіздікті бағалап, оны білімімізбен, еңбегімізбен нығайту.
– Сен үшін тәуелсіздік ұғымы нені білдіреді? Неліктен? Бір сөзбен айтқанда…
– Біздің Отанымыз – Қазақстанның табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес екені, оны тек қана көзбен көру керектігін түсіндірген болар едім. Шыныменде біздің еліміздің табиғаты ғажап, табиғи қазба-байлыққа бай. Биік-биік асқар тау, мөп-мөлдір өзендер мен көлдер, неше түрлі өсімдіктер мен дәрілік қасиеті бар шөптер, жан-жануардың сан алуан түрі кездеседі. Қазіргі таңда Қазақстан өркениетті, дамыған елдер қатарында келеді. Еліміз – тәуелсіз ел, дербес мемлекет болып XXI ғасыр табалдырығын сенімді аттадық. Ел өз қалауымен Президентті сайлап, Ата Заңымыз бен мемлекеттік рәміздерді қабылдадық. Ана тіліміз – қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды. Қазақстанның астанасы – Астана қаласы. Ол күннен-күнге жаңарып, жаңа белестерге көтерілуде дейтін едім.
– Даниял, әңгімелескеніңе рақмет! Шыны керек, сен сияқты жастарымызбен тек Алматы облысы ғана емес, барша Қазақ елі мақтанады. Алдағы білім жолыңа сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан – Алтынай СЕЙІТКЕН

