Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Үздік шекарашыға – сертификат!

Үздік шекарашыға – сертификат!

27 қаралым

Елімізде 2023 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген азаматтар үшін «Сарбаз 2.0» бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Бағдарлама аясында мерзімді әскери қызметін үздік аяқтаған жастар Ұлттық бірыңғай тестілеусіз жоғары оқу орындарына түсе алады. Сонымен қатар оларға жатақханадан орын беріліп, шәкіртақы төленеді. Бұдан бөлек, әскери кафедраға конкурссыз қабылдану мүмкіндігі қарастырылған. Осы мүмкіндікті қанша жас пайдаланды? Сарбаздарға грант беру бастамасы жастардың әскерге деген қызуғышылығын оята алды ма?
Журналистік зерттеу жүргізіп көрген едік, Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары гранттық бағдарламаға қатысуға ниет білдіретін сарбаздар саны тұрақты өсіп келеді екен. Бағдарлама іске қосылғалы 10 мыңнан астам сарбаз білім грантына ие болған. Көз қуантарлық дерек.


…Сүйінші жаңалық, осы аптада ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті бастығының тәрбиелік, идеологиялық және кадр жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Ж.Андасбаев жоғары оқу орындарына грант жеңіп алған «Күз – 2025» шақырылымының он сарбазына сертификат тапсырды. Департаменттің мәжіліс залында өткен салтанатты рәсімге бөлім бастығы подполковник А.Айсағалиев бастаған кадрлық бөлімнің жауапты тұлғалары қатысты.
Жанат Өміржанұлы жақында туған үйлеріне оралған сарбаздарға ел шетіндегі мінсіз қызметтері үшін алғыс білдірді.

«Бүгінгі шара – осының айқын дәлелі. Отанымыздың тыныштығы жолындағы қызметтерің өздерің секілді қаншама жас жігіттің арманын орындап, өздері таңдаған жоғары оқу орындарының студенті атануға көмектесті. Жарайсыңдар!» – деген департамент бастығының орынбасары, подполковник Ж.Андасбаев шекарашыларға сертикаттарды табыс етті.
Лайықты бағасын беру керек, 2027 жылы оқуға түсу мүмкіндігін иеленгендердің арасында еліміздегі шоқтығы биік жоғары оқу орындарын да таңдағандар кездесті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің болашақ студентін көріп, елең ете қалғанымызды несін жасырайық… Өйткені, аталмыш оқу ордасын осыдан тура 33 жыл бұрын бітіріп, маман атанған жайымыз бар.
…Рәсім соңында қатардағы жауынгер Бекдәулет Амангелдіні сөзге тартқанымызда: «Әскери ант қабылдаған сәттен бастап өз елімнің, отбасымның алдындағы жауапкершілікті терең сезіндім. Шекара мені қандай қиындық болса да төзе білуге, табандылық танытуға үйретті. Әскер – өмір мектебі деген сөз бекер айтылмаған.
Шынымды айтсам, менде мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, өзім таңдаған оқуға түсемін деген ой болған жоқ. Жауынгерлік даярлық бойынша жақсы көрсеткіштерімнің арқасында грант иегері атандым. Сіздерге ел алдындағы еңбегімді бағалап, сертификат бергендеріңізге алғысым шексіз. Мен өзімнің шекарада өткізген күндерімді ешқашан ұмытпаймын», – деді.
Иә, 2023 жылдан бері жалғасып келе жатқан грант беру бастамасы мерзімді қызметтің тартымдылығын арттырып қана қоймай, жастар арасында патриоттық рухтың күшеюіне де ықпал еткені анық. Бүгінгі шарадан ойымызға осыны түйген жайымыз бар.


Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы

↑