Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Білім саласына серпін береді

Білім саласына серпін береді

29 қаралым

         Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында еліміздің алдағы даму бағдарын айқындайтын маңызды міндеттер айқындалды. Жолдауда ел экономикасын нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл-аймақтарды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, білім мен ғылымды жетілдіру, цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға басымдық берілуі – уақыт талабынан туындаған мәселелер. Соның ішінде келесі жылды  «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау бастамасы ерекше назар аудартты.  Өйткені маңызды құрылыстардың ішінде мектептің де көптеп салынуы – тек инфрақұрылымдық жаңару ғана емес, ең алдымен, жас ұрпаққа сапалы білім беруге бағытталған қолайлы жағдай. Жаңа мектептің салынуы – біздің Жамбыл ауданында әлі де өзекті күйінде қалып отырған үш ауысымда оқыту мәселесін шешеді.

         Білім саласының өкілі ретінде Жолдауда білім мен ғылымды дамытуға, заманауи технологияларды кеңінен енгізуге басымдық берілуін уақыт талабына сай қабылданған маңызды шешім деп есептеймін. Қазіргі мектеп қабырғасындағы бала – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат. Оның сапалы білім алып, заман талабына бейімделуі мемлекет дамуының басты шарттарының бірі. Сондықтан Мемлекет басшысының білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту және мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайту жөніндегі тапсырмалары көңілімнен шықты. Мектеп ұстазының басты міндеті –  балаға сапалы білім беру, қабілетін ашып, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету. Осы орайда мұғалімдерге шығармашылықпен жұмыс істеуге көбірек мүмкіндік берілуі керек-ақ. Бұл – баланың шығармашылық қабілетін дамытуға ерекше ықпал етеді.

         Жолдауда сонымен қатар жасанды интеллектіні түрлі салаға енгізу де кеңінен айтылды. Білім беру саласы үшін де бұл мәселе үлкен мүмкіндікке жол ашады. Цифрлық технологияларды сабақ өткізу әдістеріне қолданудың маңызы зор. Мұндай технология мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, білім сапасын арттыруға көмектеседі. Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты – тек білімді оқушы тәрбиелеу ғана емес, өз ойын еркін жеткізе алатын, сыни тұрғыдан ойлайтын, технологияны меңгерген және елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын азамат қалыптастыру. Президент Жолдауында салаға қатысты белгіленген міндеттер осы мақсатқа жетуге тың серпін береді деп ойлаймын.

Қарлығаш НАДЫРБЕКОВА,

Ынтымақ ауылындағы орта мектеп директоры

Жамбыл ауданы

↑