Бүгін Алатау қаласы Құйған шағынауданында «Алкогольсіз ауыл – салауатты өмір салтының кепілі» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті.
Жиынға Алатау қаласы полиция басқармасы басшысының орынбасары Айдос Елдосұлы Молдағалиев, ардагерлер ұйымының мүшесі Асан Қасымбекұлы Құлтанов, Қоғамдық келісім және дамыту орталығының маманы Ғабит Ибайдуллаұлы Сембиев және Алатау қаласының алғашқы медициналық көмек көрсету орталығының қызметкері Айдана Өмірбекқызы Баймұхан қатысты.
Кездесу барысында қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру, алкоголь өнімдерін тұтынудың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелері талқыланды.
Қоғамдық келісім және дамыту орталығының маманы Ғабит Сембиев қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтудың, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
Алатау қаласы полиция басқармасы басшысының орынбасары Айдос Молдағалиев қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіз орта қалыптастырудағы жауапкершілігі туралы сөз қозғады.
Өз кезегінде медицина маманы Айдана Өмірбекқызы да алкоголь өнімдерін тұтынудың адам денсаулығына тигізетін кері әсеріне тоқталып, денсаулықты сақтау мен салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы уақытта бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар ынтымақтастықты нығайту және ортақ бастамаларды жүзеге асыру мақсатында тиісті меморандумға қол қойды.
Кездесудің басты мақсаты – Алатау қаласына қарасты Құйған шағынауданында алкогольсіз өмір салтын насихаттау, тұрғындардың денсаулығын қорғау, құқықбұзушылықтардың алдын алу, отбасылық құндылықтарды нығайту және қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыру. Бұл бастама тұрғындардың ортақ жауапкершілігін арттырып, салауатты әрі өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Толқын ОДАШҚЫЗЫ
Адатау қаласы

