Ұйғыр ауданында «Apricot fest» атты өрік фестивалі өтті. Қасиетті Қардаланың брендіне айналған өріктің түрлі сорты мен одан жасалған өнімдер осы фестивальге келген қонақтарға ұсынылды.
Өңірімізде алғашқы рет өтіп отырған фестивальдің мақсаты – аталмыш жеміс түрін кеңінен насихаттап, өнімділікті еселеп арттыру және ауданға туристерді көптеп тарту.
Алматы облысында бау-бақша өсіруден көшбасшы болып отырған Қарадала халқы қашанда тырбанып еңбек етіп, Жер-Ананың берген жемісін жерге шашпай, пайдасын көруде. Еліміздегі өріктің орталығы саналатын Қарадалада фестивальдің өтуі де осы себептен. Ұйғыр ауданында 4095 гектар жеміс бағы бар. Оның 3100 гектардан астамы – дәл осы өрік бақтары. Бүгінгі күнде 2400 гектардан астам бау өнім беріп тұр. Жыл сайын мұндағы шаруалар 20-22 мың тонна өнім жинап, оның 4 мың тоннадан астамын Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сынды көршілес мемлекеттерге экспорттайды. Қалғаны ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандырады. Сонымен қатар жыл сайын жүздеген гектар жаңа бақтар егілуде.
Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алаңына халық көп жиналған. Бәрі де алғашқы рет өткелі отырған айтулы шараны тамашаламақ. Тайлы-тұяғымен жиналған тұрғындар көрмеге қойылған өрік өнімдерінің түр-түрінен, олардан жасалған тағамдардан дәм татып та жатты. Сондай-ақ облысымызда мекен ететін күрд, ұйғыр, орыс этностарының мәдени орталықтары ұлттық бұйымдарынан жасалған көрмені де көрерменге ұсынды. Ауданымыздағы туризмнің басты орталығы – «Шарын» ұлттық табиғи паркі де сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер дүниесін көрсететін кең көлемді көрмені осы шарада алға тартты.
Фестивальдің ашылу рәсіміне облыс, аудан басшылығы, кәсіпкерлер мен қоғам өкілдері қатысты. Алғашқы сөзді алған Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова өңір халқының өрік өсіруден еліміз бойынша алдыңғы орында тұрғанын мақтанышпен жеткізді. Өріктің жай ғана жеміс емес, жеріміздің, экономикамыздың және мәдениетіміздің символы екенін, аудандағы еңбекқор шаруалардың маңдай тері арқасында экономика дамып, халықтың тұрмыс жағдайы жыл сайын түзеліп келе жатқанын да сөз етті. «Аудан бойынша 350 шаруа құрылымы бақ өсірумен айналысады. Оның ішінде 53-і – ірі шаруа құрылымы мен шаруа қожалықтары, қалған 297-сі – орташа және кіші қожалықтар», – дей келе олардың ішіндегі бірқатарын тілге тиек етті. «Біз «Apricot fest» фестивалін жыл сайынғы дәстүрге айналдырып, оны туристер үшін тартымды бағыт еткіміз келеді», – деді ол сөзінің қорытындысында. Ал облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің ыстық ықыласы мен ізгі ілтипатын жеткізіп, «Apricot fest» экотуризм мен өңірлік экономиканың дамуына серпін беретін жобалардың бірі екенін атап өтті.
– Экотуризм – бұл табиғатты, жергілікті өнімдерді және мәдени ерекшелікті ұштастыратын бағыт. «Apricot Fest» – осы синергияның жарқын мысалы. Ең маңыздысы – фестивальге шетелдік кәсіпкерлер қызығушылық танытып отыр. Мәселен, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген кәсіпкерлер алғашқы фестиваль аясында өрік сатып алу бойынша келісімдер жасасты, – деді.
Фестиваль барысында түрлі шеберлік сабақтары, кәдесыйлар көрме-жәрмеңкесі, өріктен жасалған тағамдар көрмесі ұсынылды. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс негізінде балалар арасында сурет салу пленэрі өтті. Әртүрлі байқау ұйымдастырылып, «Arman Dala», «Del Mare», «Талғар форель шаруашылығы» сынды үздік демалыс орындарына жолдамалардың жеңімпаздары анықталды. Сондай-ақ «Небо Байсерке – 2025» авиашоуына, ASP кешенінде өтетін дрифт-шоуына билеттер, Visit Alatau атынан арнайы сыйлықтар табысталды. Облыстың бірқатар аудандарынан келген жас суретшілер аталмыш фестивальдің символы болған сары өрікті өз қиялдарының шегі жеткенше қылқаламмен суреттеп жатты. Ал шара соңында еліміздің белгілі эстрада жұлдыздары Ақылбек Жеменей, «КешYOU», «Muzart Life» тобы, Еркеш Хасен, Қажымұрат Шешенқұл, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы, «Сүйінбай сазы» ансамблі, Dj Ahmetoff қатысқан ашық аспан астындағы мерекелік концерттік бағдарлама кештің сәнін келтіре түсті.
«Apricot fest» Қарадаланың атын тағы бір аспандатты. Табиғаты көркем, ерекшелігімен кез келген жанды таң-тамаша ететін бұл аймаққа туристердің ағылары анық. Алдағы уақытта бұл фестиваль дәстүрлі түрле ұйымдастырылмақ. Келер жылы фестивальді көктемде – өрік гүлдейтін уақытта өткізу жоспарланып отыр. Ал Қарадаланың қойнауындағы бал өріктер гүл жарғанда табиғаттың сұлулығы еселене түседі.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы