Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Талғар ауданында болды. Мұндағы сушаруашылық нысандарын аралап, ирригациялық каналдарды қайта құру және коммуналдық кәсіпорынның жұмыс істеу барысын тексерді.
Аймақ басшысы «Айтуар», «Саз Талғар», «Р-3» және «Р-2» каналдарын қайта жаңарту учаскелері, сондай-ақ, «Alatau Public Utilities» коммуналдық кәсіпорнының қызметімен танысты. Туғанбай ауылындағы «Айтуар» каналында аяқталған жұмыстарды көрді. Бұл жерде бастапқы жобалық құжаттамада көзделмеген шлюзді орнату басты мәселе болып тұр. Мердігердің айтуынша, қазір Ислам даму банкінің қатысуымен жобаға өзгерістер енгізу мүмкіндігі талқыланып жатқан көрінеді.
«Саз Талғар» каналының учаскесінде Марат Елеусізұлы судың біркелкі келмеуіне назар аударды. Науалардың шағын диаметрі мен құбырлардың дұрыс орнатылмауы мұндағы жекелеген учаскелерде судың ысырап болуына әкелуде. Соның салдарынан сумен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі орын алуы мүмкін. Сондықтан әкім мұндай техникалық кемшіліктерді тез арада жоюды тапсырды.
«Р-3» арнасы бойынша да орнатылған науалардың сапасына қатысты наразылықтар анықталды. Мердігердің айтуынша, тасымалдау барысында шағын жарықтар пайда болған. Аймақ басшысы мұндай жағдайларға жол берілмейтінін атап өтіп, суару маусымы аяқталғаннан кейін бүлінген элементтерді ауыстыруды тапсырды. Тағы бір нысан – «Р-2» арнасында Талғар ауданына қарасты шамамен 1700 гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруды қамтамасыз ететін құбырды қалпына келтіру жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің сапары сумен жабдықтау саласындағы жаңа оператор – «Alatau Public Utilities» кәсіпорнын аралаумен аяқталды. Мұнда аймақ басшысына сумен жабдықтау көздері және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша толық ақпарат берілді. Тиісті мекеме басшылары мен жауапты тұлғалардың өз жұмыстары бойынша баяндамаларын мұқият тыңдаған Марат Елеусізұлы үдерістерді цифрландыру мен коммуналдық қызметтер сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Аймақ басшысының жұмыс сапары облыс әкімдігінің құрылыс, суды орнықты пайдалану және инфрақұрылымды жаңғырту салаларында заңдылықты қамтамасыз ету мәселелеріндегі берік ұстанымын айқын көрсетті. Барлық анықталған кемшілік белгіленген тәртіппен жойылады, ал инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үнемі бақылауда болады.
Облыс әкімінің бұл сапарынан түйгеніміз – мердiгерлердiң жауапкершiлiгi, сапалы жоспарлау және ресурстарды басқарудың заманауи тәсiлдерi аймақтық саясаттағы басым бағыттар болып қала бередi.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы