Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері арасында XVII жазғы спартакиада өтті. Дәстүрлі жарыстың ашылу салтанатында мемлекеттік қызметшілердің өз ісінің кәсіби шебері ғана емес, олар өздерін үнемі физикалық формада ұстап, көпке үлгі болу қажеттігі айтылды.
– Мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада – әрбір қатысушының денсаулығының және жұмысына деген жауапкершілігінің айғағы, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев.
Аталған жарыс дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жыл сайын қатысушылар саны арта түсуде. Биылғы сайысқа 22 командадан тұратын 700-ге жуық адам қатысты.
«Салауатты өмір салты мен спорт Қазақстанда қоғамды біріктіруші күшке айналуы керек. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада осы мақсатты жүзеге асыруға қосылған нақты үлес екені даусыз. Бұл жарыстың тағы бір ерекшелігі – қатысушылардан тек спорттық төзімділікті ғана емес, сонымен қатар зияткерлік қабілет пен ұйымшылдықты да талап етеді. Әріптестермен бейресми жағдайда араласуға мүмкіндік алады», – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек.
Спартакиада спорттың 9 түрінен – тоғызқұмалақ, қазақ күресі, арқан тарту, жүзу, шағын футбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі, 3Х3 баскетболдан өтті. Тағы бір айта кетерлігі, қатысушылар арасында кезінде кәсіби түрде спортпен айналысқандар қатары да мол болды.
«Мемлекеттік қызметшілер негізінен кеңселік жұмыспен айналысады, сондықтан мұндай спорттық шараларды өткізу өте маңызды. Мен бірнеше жыл қатарынан спартакиадаға қатысып келемін. Аталған шара бәрімізге спортпен шұғылдануға және ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін шабыт береді», – деп ой бөлісті Нарынқол ауылдық округінің әкімі Амангелді Шенебеков. 56 жастағы самбо мен қазақ күресінен спорт шебері бұл мәртебелі атақты жас кезінде алған. Қазіргі таңда қазақ күресінен 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп келеді. Жарысқа тыңғылықты дайындалған ол тәжірибесі мен шеберлігін өзінен жас әріптестерімен бөлісуге дайын.
Өте тартысты өткен спартакиадада барлық командалар мен жекелеген спотшылар күш пен шеберліктерін шыңдады. Жалпыкомандалық есепте Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері арасында 1-орынды Кеген ауданы, 2-орынды Райымбек ауданы, 3-орынды Алматы облысының әкімдігі алды. Құқық қорғау органдары қызметшілері арасында 1 орын – Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша МКҚБ, 2 орын – Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне бұйырды. Жекелеген спорт түрлері бойынша сайысқа шыққандар да тамаша өнер көрсетті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль, тиісті дәрежедегі дипломдар және командалық есеп бойынша ақшалай сыйлықтар табысталды.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы