Биыл көрнекті ақын Еркін Ібітановтің туғанына 90 жыл. Осыған орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада “Тау мінезді тарлан” атты әдеби-сазды кеш өтті. Орталарына Еркін Жұмаділұлының жары Алтынкүл мен Тұманбай Молдағалиевтің өмірлік қосағы Күлтай жеңгемізді алған ақынның замандастары мен қаламдастары бас қосқан жиынды белгілі журналист Бақыт Жағыпарұлы ашып, жүргізіп отырды.
115 жылдық тарихы бар Ұлттық кітапхананың ұлт руханиятын дамытуға қосып отырған үлесін айта келе, кеш тізгіншісі биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтетін қазақтың аймаңдай ақындары – Тұманбай Молдағалиевтің, Қадыр Мырза Әлінің, Оразақын Асқардың, Жұмекен Нәжімеденовтің, Аманжан Жақыптың және Еркін Ібітановтің қазақ әдебиетін дамытуға сіңірген еңбектерін паш етті.
Алғашқы болып сөз алған Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева Еркін ақынның асқақ та асқаралы поэзиясы халқымыздың рухани қазынасы екенін тілге тиек етті. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегмановтың да Ерағаң туралы айтары мол екені аңғарылды. Есімінің өзі еркіндікке бастап тұрған ақынның қазақ поэзиясындағы алар орны мен шыққан биігін сөз еткен ол аңызға айналған қаламгердің шерлі де нәрлі ғұмыры жайлы толғамды ойларын ортаға салды.
Еркін Ібітанов ғұмыр кешкен кезеңде техника бүгінгідей дами қоймаса да, Қазақ радиосының алтын қорында өз дауысымен оқыған өлеңдері сақталған екен. Олардың қатарында Тұманбай мен Мұқағалиға арналған жыр- толғаулары да бар. Кешке жиылған жұртшылық енді бір кезекте Ерекеңнін саңқылдаған үнін естіп, бір жасап қалғаны анық. Ал Қазақстан Жазушылар одағын ұзақ жылдар басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалинге сөз кезегі келгенде, қазақы сөздің қаймағынан дәм татқандай әсерде болғанымыз рас. Нұрлан Мырқасымұлы Ерекеңнің жұрт аузында жүре бермейтін аңызға бергісіз қылықтарын әңгімелеп, жұртшылықты бір жадыратып тастады.
Осы бір тұста белгілі ақын әрі кәсіпкер-меценат Айғаным Ауғанбайқызының демеушілігімен мерейтой қарсаңында жарық көрген “Хантәңірі, қайдасың?!” атты жыр жинағының таныстырылымы болып өтті. Сәт-сағатында жарық көрген 315 беттен тұратын көлемді де көркем туынды осылайша оқырманға жол тартты. Жиын үстінде еркінтану бағытында еңбектер жазып, ақынның мол мұрасын насихаттауға сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар қаламгерге Еркін Ібітанов атындағы қор тағайындаған арнайы орден табыс етілді.
Берекелі басқосудың екінші бөлімі “Жалын” тобының орындауындағы “Ерке сылқым” күйімен басталып, ақын Батық Мәжитұлының Еркін жайлы баяндамасымен жалғасты. Бұған дейін де ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы зерттеулер жазып жүрген ол ойы оралымды, тілі шұрайлы поэзиясы туралы келелі пікірін ортаға салды. Сонау бір жылдары Нарынқолдағы “ Советтік шекара” газетінде бірге еңбек еткен жылдардан бастап, “Қойшылар”, “Әкеме”, “Хантәңірі, қайдасың?!” қатарлы атақты поэмаларының қалай жазылғаны туралы қызықты деректер келтірді.
Ұлыларды ең алдымен ұлылар таныса керек. Бұған Еркін туралы ең алғаш сөз айтқан Ғабит, Ғабиден, Мұқағали, Тұманбайларды еске алсақ та жеткілікті. Бұл қатарда қазақтың ғажайып ақын қызы Фариза Оңғарсынованың да болғаны белгілі. Жиынға келген жұртшылық келесі бір кезекте Фаризаның ақын жайлы айтқан пікірін тыңдап, Тұманбайдың жүрекжарды сөздерің естіп риза болды.
Басқосу барысында Райымбек аудандық Баққожа Мұқай атындағы Мәдениет үйінің директоры Медет Байжұма аудан әкімінің Алғыс хатын жеткізсе, “Мұқағали” журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов “Хантәңірі, қайдасың?!” кітабының шығуы туралы баяндап, Жанайым Ауғанбайқызына құрмет көрсетті. Келесіде халықаралық “ Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Биғайша Медеуова, ақындар Болат Шарахымбай, Қанат Тәкебаев Ерағаңа арналған өлеңдерін оқыды. Ал халықаралық Қонаев қорының вице-президенті Дәулет Жанботаев Еркіннің ұлы Ерлан Ібітанов пен қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлының омырауына «Қонаев» медалін тақты. Мәртебелі меймандар Еркін Жұмаділұлының жары Алтынкүл анамызға ықылас гүлін табыс етіп, иығына камзол жауып, сый-құрмет көрсетті.
Алматы қаласындағы Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп оқушылары Еркін ақынның жыр жолдарын жатқа айтты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұржан Жанпейісов пен Сұлушаш Нұрмағанбетова әуелете ән салып, шығармашылық кештің шырайын кіргізді.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ