Қонаев қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған балалармен «Saqtan» жобасы аясында танымдық семинар өтті. Аталған шараны «PARYZ еріктілері» қоғамдық бірлестігі облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шараға 150-ден астам жасөспірім қатысты. Жобаның мақсаты – жастар арасындағы суицид, буллинг, нашақорлық және құмар ойын сияқты қауіптің алдын алу, психологиялық тұрақтылықты нығайту.
Жоба 6 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде психолог, нарколог, құқық қорғау саласы мамандарының қатысуымен 10 семинар өткізу көзделсе, екінші кезеңде есірткі жарнамасына қарсы акциялар жүргізілмек. Осы уақытқа дейін 700-ден астам адам қатысқан 7 семинар, сондай-ақ Қонаев, Қарасай, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарында 95 ерікті қатысқан граффити жазуларын өшіру акциясы өткізілген. Алдағы кезеңде жастарға заманауи форматта бейнеүзінді әзірленіп, «TikTok», «Instagram» және «YouTube» желілерінде жарияланбақ. Сондай-ақ жастар жиі жиналатын интернет-клубтарда полициямен бірлесіп түнгі рейд жүргізіледі. Жастарды спортқа бейімдеу, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында 15 спартакиада өткізу жоспарланған. Қорытынды кезеңде барлық серіктестердің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жоба нәтижесі талқыланып, артықшылығы мен кемшілігі сараланатын болады.
«PARYZ еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Айтқазының айтуынша, өткен жылы облыс бойынша 21 суицид фактісі, 32 суицид әрекеті тіркелген. «Жыл басынан бері жастар арасында 2184 қылмыс жасалған. Оның 485-і ауыр және аса ауыр қылмысқа жатады. Бұған қоса вейпинг, синтетикалық психоактивті заттар, жеңіл есірткілерге тәуелділік мәселесі де кеңінен таралып келеді. Бұл тек қалада емес, ауылдық жерлерде де байқалып отыр. Мұндай жағдай нақты әрі жүйелі әрекетті қажет етеді. Осыған орай біз «Saqtan» жобасын қолға алдық», – деді ол.
Оқу-сауықтыру орталығында өткен шарада құқық қорғау органдарының өкілдері мен спортта биік белестерді бағындырған әлем чемпиондары зиянды әрекеттерден аулақ болу керегін және оның арты үлкен өкінішке алып келетінін айтып, салауатты өмір салтын ұстауға шақырды.
Семинар барысында бес жыл бойы құмар ойынның шырмауына түсіп, ерік-жігерінің арқасында бұл тәуелділіктен арылған Алмат Сарғызов өз кеңесімен бөлісті.
– ҚР Қарулы Күштерінде 15 жылдай қызмет атқардым. Құмар ойынға тәуелділік менің де басымнан өтті. Бес жыл бойы түрлі қиындықтармен бетпе-бет келдім. Құмар ойын ойнаған адам ең алдымен адами құндылығын жоғалтады. Осының кесірінен өтірік те айтады, ұрлыққа да барып, қылмыс та жасайды. Алғаш рет ұтысқа ие болған кезде дофамин гормоны бөлініп, адамды ләззатқа бөлейді. Осыдан тәуелділік пайда болады. Адамды эмоция басқара бастайды. Жай қызығушылықтан басталған нәрсе бірте-бірте үлкен қиындыққа алып келеді. Өзге адамдар, әсіресе жастар осы қателікті қайталамасын деген ниетпен «Saqtan» жобасымен бірлесе отырып жұмыс жүргізіп келеміз, – дейді Алмат Ерғалиұлы.
Шара соңында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін мазалаған сауалдарға жауап алды.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы