Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға білім беру сапасын жақсартуға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасына ерекше көңіл бөліп отыр. Ондағы мақсат – үшауысымды оқытуды жою, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту және заманауи инфрақұрылым құру.
Күні кеше Талғар ауданы Жаңалық ауылында көптен күткен 900 орынды жаңа мектеп ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков, мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев, облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Мәдіғұлов, білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Қараласов, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков, ауылдағы №27 орта мектептің директоры Данияр Аманжолов, «АК Construction Company» ЖШС бас директорының орынбасары Мәлік Сыздықов қатысты.
Ауыл тұрғындары, әсіресе білімге құштар балалар үшін ең үлкен жаңалық, баға жетпес тарту болған әлеуметтік маңызы зор шарада облыс әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков көпшілікті жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.
– Бұл оқу орны – Талғар ауданындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы заманауи мектеп. Президентіміздің «Біз Қазақстанның барлық балаларының бақытты болашағын қамтамасыз етуге тиіспіз» деген сөзі бүгінгі оқиғаның мәнін айқын көрсетеді. Аймақтың білім беру саласындағы ең өткір проблемалардың бірі – үшауысымды оқыту және орын жетіспеушілігі екені белгілі. Бұл түйткілді шешу мақсатында «Келешек мектептері» жобасымен облыста 26 мектеп салу жоспарланған, оның 9-ы биыл пайдалануға беріледі. Бұл нысандардан басқа инвесторлар есебінен тағы 4 мектеп пен балабақша, ал жергілікті бюджет есебінен тағы бір мектеп пен балабақша бой көтеруде.
Атқарылған жұмыстардың арқасында өңірде үшауысымды мектептер саны 52-ден 30-ға дейін қысқарды. Биыл бағдарлама аясында тағы 17 жаңа мектеп салынуда. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында білім беру нысандарының құрылысына жеке инвесторлар да тартылады.
– Жаңалық ауылында пайдалануға беріліп отырған 900 орынды мектеп – балаларға сапалы білім беру жолындағы маңызды қадам. Жаңа оқу орны бұрын үшауысыммен оқыған балаларға екіауысымда білім алуға мүмкіндік беріп, 100-ге жуық мұғалімді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Мектептің ішкі құрылымы заманауи талаптарға толық жауап береді. Мұнда оқу сыныптары, инклюзивті білім беру орталығы, кітапхана, шеберхана, робот техникасы және STEM кабинеттері, спортзал, асхана және конференц-залы бар. Бұл – сапалы білім алуға жол ашудың тамаша мүмкіндігі. Сондықтан осы мектептің құрылысын жүзеге асырған «Samruk-Kazyna Construction» және мердігер «AK Construction» компанияларына шынайы алғысымды білдіргім келеді, – деді ол.
Бұдан соң облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева сөз алып, баршаны осы жарқын оқиға, жағымды жаңалықпен шын жүректен құттықтады. «Батаменен ер көгереді» демекші, қалыптасқан дәстүр бойынша облыстың беделді ақсақалы, қоғам қайраткері Кәмнұр Тәлімұлы бата берді. Қонақтар мен қатысушылар мектепті аралап, барлық кабинет пен сыныптарды өз көздерімен көріп шықты.
Осы ретте аймақтағы әлеуметтік маңызы бар бастамаларға саяси және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуді қамтамасыз етіп келе жатқан «AMANAT» партиясының рөлі аса маңызды екенін айта кеткен жөн.
– Екі жыл бұрын біз оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге уәде бергенбіз. Ол кезде облыста 52 мектеп үшауысымда жұмыс істейтін. Бүгін олардың саны 30 мектепке дейін қысқарды. Жаңалықтағы мектеп біздің Жол картамызда қарастырылған 63 білім ошағының бірі. Құрылыс басталған сәттен бастап нысан партиялық бақылауда болды. Егер біз уәде берсек, процестің басынан аяғына дейін ішінде болуға тиіспіз, – деп атап өтті «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту – «AMANAT» партиясының өңірдегі жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Жол картасында көзделген міндеттерді орындау кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Жаңа мектептердің құрылысы үшауысымды оқытуды жоюға, педагогтар үшін тұрақты жұмыс орындарын құруға және оқушылардың қолайлы жағдайда білім алуына ықпал етеді.
Иә, қалай десек те, Жаңалық ауылындағы балалардың қуанышында шек жоқ. Биыл 180 жылдығы тойланатын данышпан Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!» деп өсиет еткеніндей, олардың бүгін сапалы білім алып, ертең білікті маман, отаншыл азамат болып қалыптасуына мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – соның айқын дәлелі.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы