Перейти к содержимому
Главная страница » Тіл – мемлекет тұғыры

Тіл – мемлекет тұғыры

        Биылғы жыл – тәуелсіз Қазақстан үшін айрықша маңызға ие. 1995 жылғы 30 тамызда Бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Осы тарихи құжат – еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірін құқықтық негізде реттеп отырған басты заң. Конституция – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының, дамуының және нығаюының құқықтық тұғыры.

Ата Заңымызда халық бірлігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік басқару мен билік тармақтарының қызметі айқын белгіленген. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесі де Конституция деңгейінде бекітіліп, оның дамуына құқықтық негіз қаланған. Тіл мемлекеттік мәртебесін Конституциядан алады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп нақты жазылған. Бұл – мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану жөніндегі барлық заңнамалық және институционалдық шаралардың бастау көзі. Сондай-ақ, осы бапта: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», «Мемлекет Қазақстан халқының барлық тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай жасайды» деп көрсетілген. Осылайша, Конституция тіл саясатының негізін белгілеп, қазақ тіліне басымдық бере отырып, еліміздегі басқа ұлт өкілдерінің тілдік құқықтарын да қамтамасыз етеді.
Конституциядағы 93-бапта «Қазақстан Республикасының Президенті, Үкіметі және өзге де мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді меңгеру үшін барлық қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайларды жасауға міндетті» деп көрсетілген. Бұл – мемлекеттік тілдің дамуына барлық деңгейдегі билік органдарының жауапты екенін нақты айқындайтын маңызды құқықтық норма. Яғни, қазақ тілін дамыту – тек бір саланың немесе жеке мекеменің ғана емес, мемлекеттің жалпыұлттық міндеті.
Қазақстан Республикасының 7-бабының негізінде және оған сәйкес ҚР Парламенті 1997 жылғы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заң қабылдады. Заң Қазақстан халқының тілдерін қолданудың құқықтық негіздерін белгіледі, оларды зерделеу және дамыту мақсатында жағдай жасау, Қазақстан Республикасында қолданып жүрген барлық тілдерге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз ету үшін мемлекеттің міндеттерін айқындады.
Тілге қатысты конституциялық нормаларды басшылыққа ала отырып, Алматы облысында да мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастамасымен мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге арналған іс-шаралар жоспары жыл сайын бекітіліп, жүзеге асырылады. Мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлері мен жеке тұлғаларға арналған тілдік курстар, терминологиялық семинарлар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіледі. Тыңдаушылар арасында тілге деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында байқаулар, зияткерлік сайыстар, эссе және диктанттар ұйымдастырылады. Сонымен қатар этнос өкілдері мен қандас бауырларымызға мемлекеттік тілді меңгеруге жағдай жасалып, «Қазтест» жүйесі арқылы білім деңгейі бағалануда. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының басым бөлігі мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, күнделікті қызметте қолдану деңгейі тұрақты өсіп келеді.
Конституциямызда бекітілген мемлекеттік тілге деген құрмет – елге деген құрметтің айнасы. Онда тілге қатысты нормалардың орын алуы – бұл тілдің тек ұлттық қазына емес, мемлекеттік тұтастықтың да негізі екенін білдіреді.
Қазақ тілі – тәуелсіздігіміздің тұғыры, елдігіміздің өзегі. Конституцияға 30 жыл толып отырған мерейлі сәтте, әрбір азамат мемлекеттік тілді дамыту мен қолдануға өз үлесін қосуы тиіс. Бұл – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы әрі заң алдындағы парызы.

Нұрмаман Оқас,
облыстық тілдерді дамыту
жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы