Талғар ауданында бірнеше жылдан бері бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі мен «Аманат» партиясы филиалының басшылығы жергілікті журналистерді қабылдап, Алғыс хат, бағалы сыйлықтармен марапаттайтын жақсы дәстүр қалыптасты. Биыл тіпті ауылдық округтерде мобилограф қызметін атқаратын жас мамандар да шақырылыпты.
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен кездесуде өңір басшысы Таңат Айдарбеков осы салада еңбек еткен ардагерлер, облыстық газеттердің меншікті тілшілері, биыл алғашқы саны жарық көргеніне 90 жыл толғалы отырған «Алатау жұлдызы», өңірлік «Замандас» газеті редакциясының қызметкерлері, аудан, қала және ауылдық округтерде қоғаммен байланыс саласында істейтін мамандарды қабылдап, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады, бағалы сыйлықтар табыстады. Журналистік мамандықтың маңызын, қалам ұстаған қауымның ел дамуындағы ерекше орны жайында өз ойын айта келе:
– Сіздер аудандағы жаңалықтарды салмақты сөз, салиқалы пікірлеріңізбен жеткізіп, халықтың жүрегіне жол тауып келесіздер. Өңір тынысымен халықты дер кезінде құлағдар ету бағытындағы жұмыстарыңыз еселеніп, табысты да жемісті еңбектеріңіз еленіп, алдағы мақсаттарға жету жолында жаңа биіктер мен шыңдардан көріне беріңіздер. Сіздерге ақпарат айдынындағы қиын да, қызық қызметтеріңіз үшін алғасымды білдіре отырып, баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңа амандық, шығармашылық табыс тілеймін!
Шынымен де журналистік қызмет оңай емес, өйткені бұл жерде тек тіл ғана емес, қайраттылық, батырлық та керек. Кейде тіпті денсаулығына, өміріне қауіп төніп тұрса да олар халыққа қажет ақпарат таратып, өз ойларын, пікірлерін жеткізеді. Журналистер болмаса біз қоғам өміріндегі өзгеріс, жаңалықтарды естімес едік. Мерекелеріңіз құтты болсын, – деді Таңат Есенкелдіұлы.
Сонымен бірге мерекелік шараға қатысқан барлық әріптестерімізге өзінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарын табыстады. Олардың арасында дәл осы күні 70 жасқа толған мерейтойын тойлап жатқан ардагер журналист Тұрсынбек Жалғасбай, «Замандас» газетінің бас редакторы Гүлбарам Қуанышәлиева, аудандық газеттің бұрынғы бас редакторы Перизат Нұрқаева, «Алатау жұлдызы» газеті ЖШС директоры Халима Қалиева, бас редакторы Меруерт Дүйсенғалиева, көркемдеуші-дизайнері Марат Бақытұлы, облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің аудандағы меншікті тілшілері – осы жолдардың авторы мен Фатима Ержанова бар.
Кездесу кезінде «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Серік Дүмшібаев та әріптестерімізді мерекемен құттықтап, ардагер журналистер, меншікті тілшілер мен аудандағы екі газеттің бас редакторларына партия атынан Алғыс хат және сыйлық табыстады. Ол тілшілер тек аудан өміріндегі жағымды жаңалықтар ғана емес, сонымен бірге кемшіліктер жайында да сын мақалалар жазып, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға өзіндік үлес қосып жатқанын ерекше атап өтті. Басқосуға аудан әкімдігінің аппарат басшысы, бөлім басшылары қатысты.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді дана бабаларымыз. Реті келіп тұрған соң айта кетейік, журналистердің еңбегін елеп, марапаттаған, сыйлық берген жақсы әрине. Бұрын оларға кезегімен баспана берілетін. Шығармашылық кәсіп иесі ретінде әрқайсысына отбасы мүшелерінен 15 шаршы метр артық бөлінетін.
Қазіргі кезде де Мемлекет басшысының қолдауымен үш жылдан бері Астанада БАҚ қызметкерлеріне орташа 65 пәтер беріліп жатыр. Президентімізден үлгі алып, аймақтар мен аудан басшылары жергілікті жерлерде еңбек ететін әріптестерімізге – пәтер, жеке үй тұрғызам деушілерге – жер телімін беру жағынан қолдау көрсетсе – нұр үстіне нұр, нағыз қамқорлық болар еді. Сонда құттықтау кезінде тілеген шығармашылық шабыт шалқып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы халықтың көзі, құлағы һәм тілі деп баға берген газеттерде жұмыс істеуге, елге адал да нәтижелі қызмет етуге деген құлшыныс пен ұмтылыс тіпті арта түсер еді. Бұл әсіресе қайта ашылып, орталығы Қонаев қаласына орналасқан біздің Алматы облысы, облыстық газеттердің қызметкерлері үшін өте маңызды!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы