Перейти к содержимому
Главная страница » Баскетбол бәсекесі

Баскетбол бәсекесі

      Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде баскет­болдан КСРО спорт шебері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Бақытжан Әбдібаевты еске алуға арналған республикалық турнир өтті. 18 жыл бұрын аудандық деңгейде бастау алған жарыс биыл алғаш рет республика көлемінде ұйымдастырылды.

Турнирдің негізін қалаушылардың қатарында елімізге белгілі қоғам қайраткері, педагогика ғылымдары­ның докторы Амалбек Тшан, Олимпиада жүлдегерлері – Дәулет Тұрлыханов, Ермахан Ибрайымов және Нұрбақыт Теңізбаев сынды танымал спортшылар бар.
– Бақытжан Әбдібаев балалық шағы соғыстың ауыр жылдарымен тұспа-тұс келгеніне қарамастан, спортты жанындай сүйіп, баскетболды серік етіп, талай шыңды бағындырды. Тек спортшы ретінде ғана емес, жас буынға білікті тәлімгер де бола білді. Мұндай іс-шаралар арқылы жастар ел спортының тарихымен танысып, ерік-жігерін шыңдайды. Ең бастысы, еңбекқорлық пен табандылыққа тәрбиелейді, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Таңатаров.
Жиналған көпшілік Бақытжан Әбдібаевтың Жамбыл ауданындағы спортты дамытуға өлшеусіз үлес қосқанын, балаларды жаттықтырып, демеушілік көрсеткенін атап өтті. Ал Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев спорт жай ғана жаттығу емес, өмір салты екенін және турнирге қатысқан әрбір ойыншы өз қатарластарына үлгі бола алатынын жеткізді.
Ардагер спортшының 80 жылды­ғына арналған турнирге 2010-2011 жылдары туған ұлдардан құралған 20 команда, 250-ден астам спортшы қатысты. Олар Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Жетісу облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан келді. Сайыс нәтижесі бойынша Алматы облысының құрамасы топ жарып, 1-орынды жеңіп алды. Ал Талғар ауданы командасы 2-орын, Жетісу облысы 3-орынды еншіледі. Сондай-ақ үздік ойыншылар арнайы номинациямен марапатталды. Жеңімпаздарға кубок, медаль мен грамота табысталды.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта кәсіби баскетбол клубының негізін қалауды көздеп отыр. Турнир бұдан кейін де жалғасатын болады.

Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА

Қарасай ауданы