⛅
14°C
Қонаев
Жексенбі, Қыркүйек 14, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Адал іс өрге бастайды

    12.07.2025
    in Барлық жаңалықтар, Қоғам
    Адал іс өрге бастайды
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

          «Еңбегімен ер сыйлы» демекші, бүгінде Алматы облысына қарасты Қарасай жерінде жауапкершілігі жоғары қиын салада еңбек етіп, қажырлы жұмысымен елге пайдасын тигізіп жатқан жандар жетерлік. Солардың бірі – саналы ғұмырының жарты ғасырын жол саласына арнап, мамандығына адалдық танытқан қарасайлық Қазбек Жанысбаев. Жасы жетпіске таяса да бүгінде ол «Қаскелең автопаркі» ЖШС-де автотізбектің басшысы ретінде қажымай еңбек етіп жүр. Көпжылдық табанды жұмысының, жоғары кәсібилігінің арқасында табысқа жетіп, әріптестерінің арасында ерекше сый-құрметке бөленуде.

    Кез келген істің ебін таба білетін Қазбек ағамыз – Қарасай ауданының тұрғыны. 1957 жылы осы ауданға қарасты Ұмтыл ауылдық округіндегі Жалпақсай ауылында дүниеге келген. Ауылда өскен соң ба, әлде қарапайым көпбалалы отбасынан шыққан соң ба, ол жастайынан бойына еңбекқорлық қасиетті сіңіріп өсті. Өзгелермен бірге кеңшарда жұмыс істеп, 8 баланы жалғыз тәрбиелеген анасы – Қазбек ағамыздың үлгі тұтар ардақтысы. Ол анасының табандылығын көріп өсіп, бала кезінен еңбекке ерте араласудың мәнін жақсы түсінген. Көптеген ер балалар секілді техникаға аса қызығушылық танытқандықтан, 1975 жылы округтегі Алмалыбақ орта мектебін тәмамдаған соң «ОПХ КИЗа» кеңшарына жұмысқа орналасып, ауылшаруашылықта қолданылатын трактор, комбайн секілді ауыр машиналарды жүргізген.
    – Қасымдағы өзге балалар секілді мен де жастайымнан техникаға қызықтым. 9-10 сыныпта еңбек сабағында трактор айдауды үйрене бастағанда машинаға деген ынтызарлығым тек арта түсті. Оның үстіне менің балалық шағымда жоғары оқу орнына түсіп, диплом алу деген маңызды емес еді. Сондықтан мектепті бітірген соң оқуымды жалғастырғаннан гөрі анама көмекші болуды жөн көріп, 1978 жылы кеңшарға жұмысқа орналастым. Осында трактор, комбайн секілді ауыл шаруашылығына арналған ауыр техниканы басқарумен айналыстым. Жұмыс оңай болған жоқ, бірақ жастық пен жігер бәрін жеңді десе болады. Сондай-ақ сол кездері қаскелеңдік көлік жүргізушілерге арналған мектепте құны 204 рубль тұратын арнайы алты айлық курстар бар еді. Оның бағасы өте қымбат болғанына қарамастан оқып, жүргізуші куәлігін алдым. Соның арқасында кеңшарда ауыр техникалармен қатар жеңіл көліктерді де жүргізе бастадым. Кейін кеңшар Алмалыбақ ауылында орналасқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен біріктірілді. Осылайша менің жұмысым да сол жаққа ауысты. Біраз жыл институтта жүргізуші болып қызмет еттім, – дейді ағамыз.
    Арада бірнеше жыл өткеннен кейін жұмыс орнын ауыстыруды жөн санап, 1993 жылы аудандағы Қаскелең автопаркіне жүргізушісі болып орналасады. Ауыр техникалардан кейін қоғамдық көліктің рөліне отырған Қазбек ағамыз алғашқы кездері қалааралық рейстерге шығып жүреді. Венгриялық «Ikarus» автобусын тізгіндеп, адамдарды Тараз, Талдықорған, Ыстықкөл, Бішкек секілді қалаларға тасымалдайды. 1994 жылы Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының әкімшілік орталығы Үрімжіге жол жүре бастайды. Әрине, мекеменің жеке жүргізушісі болып жүріп, қоғамдық көлікке ауысу оңай болмаған. Десе де ешқашан қиындықтан қашпаған ағамыз біліктілік пен сабырлы мінезінің арқасында бұл жұмысты да тез-ақ меңгереді.
    – Қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысының күрделілігі мен жауапкершілігін жеткізіп айту қиын. Оның үстіне қай қызметте болсын адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Өйткені олардың мінезі әртүрлі және сол кездегі көңіл-күйіне де назар аудару керек. Бірі рақмет айтып, сәтті күн тілесе, енді бірі шу шығарып, сөзге келуге дайын-ақ тұрады. Мұндайда бастысы – сабырлық таныту. Әркіммен ұрысудың қажеттілігі жоқ. Тек шыдамды болған дұрыс. Жүре келе барлығын меңгересің, – деді Қазбек Жұмаханұлы.
    Отыз жылдан астам уақыт бір мекемеде табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан Қазбек ағамыз өзіне тапсырылған істі тиянақты атқарып, тындырымдылығымен көзге түсіп, 2011 жылы маршрут бригадирі болды. Кейін араға жеті жыл салып, 2018 жылы «Қаскелең автопаркі» ЖШС автотізбегінің басшысы қызметіне тағайындалды.
    Бүгінде оның қол астында 100-ге жуық жұмысшы бар. Қазбек ағамыз таңғы сағат 4-те жұмысқа келіп, жолға шығатын автобустар мен жүргізушілердің жағдайын тексеріп, олардың белгіленген бағыттар бойынша жүруін бақылайды. Сонымен қатар белгілі бір себептермен жүргізуші жұмысқа шыға алмай қалса, оны алмастыратын адам іздейді. Одан қалса, тұрғындар тарапынан түскен шағымдармен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, автотізбек басшысы жұмысының қиындығы мен жауапкершілігі өте жоғары.
    Саналы ғұмырының 50 жылын сүйікті ісіне арнаған кәсіби маманның еңбегі ешқашан елеусіз қалмаған. Талай рет марапат төрінен көрініп, мекеме және аудан басшылары тарапынан Алғыс хаттар алды.
    – Жалпы мен бала кезімнен жұмыс істеуден қашып, ісіме немқұрайлықпен қараған емеспін. Себебі бізді жастайымыздан үлкен жетістікке тек адал еңбектің арқасында ғана жетуге болады деп тәрбиелеген. Сондықтан ешқандай жұмыстан бас тартқан емеспін. Ешкімнің ала жібін аттамай, адал еңбек етуді ғана ойладым. Өмірімді көлікпен, жолмен байланыстырғаныма еш өкінбеймін. Өз ісіммен мақтанамын.
    Менің ойымша, қай салада қызмет етсең де, қиындықтарға кезігесің. Барлығына тек төзімділікпен қарап, шыдамдылық таныта білу керек. Ал ұзақ жылдар бойы жұмыс орнын ауыстырмай, тұрақты бір жерде еңбек ету қате деп ойламаймын. Ол үшін адамға үлкен табандылық қажет.
    «Қаскелең автопаркі» ЖШС мен үшін өмірімнің маңызды бір бөлшегіне айналды. Оның қабырғасында көптеген қуанышты сәттерім өтті. Еңбегімді елеп-ескеріп жүретін басшымыз Дәулет Жандыбаевқа деген ризашылығым шексіз, – деді сөз соңында кейіпкеріміз.
    Әрдайым қарапайымдылығымен дараланатын еңбек адамы – отбасында аяулы жар, ардақты әке. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, Құдай қосқан қосағы Нұрилә тәтемізбен екі ұл, бір қызды тәрбиелеп, орнықты отбасының отағасына айналды. Табан ақы, маңдай терімен тапқан қаржысын жинап, балаларының жоғары білім алуына мүмкіндік жасады. Соның арқасында шаңырақтың үлкені, ұлдары Әсет – бүгінде Алматы қаласында орналасқан жеке компанияда заңгер. Қыздары Әсем – үш баланы тәрбиелеп отырған ана. Кенже ұлдары Тенгиз – медициналық құрылғыларды тасымалдайтын компания қызметкері. Ал олардан тараған немерелер Құдай қосқан жұптың қолғанатына айналған.
    Иә, шын мәнінде, осы мақалаға арқау болған кейіпкеріміз Қазбек Жұмаханұлы өзінің қажырлы еңбегімен ауданның дамуына үлес қосып жүрген азамат. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзіп, нәпақасын маңдай термен тауып жүрген оның өмір жолы көпке үлгі.

    Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
    Қарасай ауданы

    Ұсынымдар

    Тәуелсіздік ерлері

    Тәуелсіздік ерлері

    4 months ago
    «Қонаев барысы» анықталды

    «Қонаев барысы» анықталды

    1 year ago
    Саяси науқанда өз еркін білдірді

    Саяси науқанда өз еркін білдірді

    11 months ago
    Қонаев қаласы әкімінің шыршасы өтті

    Қонаев қаласы әкімінің шыршасы өтті

    9 months ago
    Облыста биыл 221 адам АИТВ жұқтырған

    Облыста биыл 221 адам АИТВ жұқтырған

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>