Домбыра күні мен Астана күніне орай Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек пен аппарат жетекшісі Ержас Тоқтасынов перзентханаға арнайы барып, өңір басшысы Жасұлан Естеновтің атынан сәбилі болған аналарды мерекемен құттықтады.
Олар сәбилі болған 15 анаға ұлттық аспабымыз домбыра мен нәрестелерге арналған заттарды сыйға тартты. Бұл – болашақ ұрпаққа ұлттық өнер мен дәстүрді сәбилік кезеңнен бастап дарытуды көздеген игі бастама болғаны анық.
Салтанатты шараға аудандық орталық аурухананың директоры Алмат Чорманов та қатысып, жас аналар мен медицина қызметкерлерін мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді. Шара шымылдығын «Үшқоңыр» ұлттық фольклорлық ансамблінің өнерпаздары ашып, әуелете орындаған әндерімен аналардың көңілін шаттыққа бөледі.
Айта кетерлігі, 2025 жылдың басынан бері ауданда 2 916 сәби дүниеге келсе, соңғы бір айда 476 нәресте өмір есігін ашқан. Осы мерекелі күні ғана 22 бала жарық дүниеге келгені қуантады. Бұл – өңірдің өсіп-өркендеуінің, жарқын болашағының нақты көрінісі емес пе? Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінен басталатынын ескерсек, осындай игі шаралар құндылықтарымызды насихаттаудың жарқын үлгісі болмақ.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы