Өз заманында ақыл-парасатымен еліне елеулі, халқына қалаулы би болған Сүйіндік бабамызды жалпақ жұрт ерекше құрметтеп, Дуан би атап кеткен. Ол кісі екі әйел алған. Бәйбішесінен көрген Балта деген ұлынан кейін бала жалғаспаған. Балта бабамыз өз замандастары арасында алғыр, зерек, батыр болып өседі.
Сүйіндік ұрпақ жалғастыру үшін екінші рет үйленген. Бұл әйелі де ұзақ жыл сәби сүйе алмай, Құдайдан бала сұрап, әулиелердің мазарына түнеп жүрген күндердің бірінде түсіне ақсақал еніп: «Басыңды көтер, бір ұлды боласың. Атын Құдайназар деп қой», – деп аян беріпті. Түсіндегі болжам расқа айналып, жыл уағына жетпей Сүйіндік ұлды болады. Атын әулиенің өсиетімен Құдайназар деп қояды. Құдайназар ержеткен соң ел ісіне араласып, билік айтады. Ал Балта ел-жұртын жаудан қорғауға жауапты болады. Бұл кез – Балтаның жиырма беске келген шағы. Айт руының бірнеше ауылы Шалкөдені жайлап отырған тұс. Бір күні ауылдағы жігіттердің бірі Сүйіндік ауылына шауып келеді.
– Аттан, аттан! Жүз шамалы қалмақ жылқы күзетіндегі екі-үш жігітті ұрып жығып, ауылдың барлық жылқысын айдап әкетті. Менің қолымнан келер қайран жоқ, атымның мықтылығынан қашып құтылдым, – деп суыт хабар жеткізеді. Оны естіген Балта қарамағындағы жігіттеріне:
– Аттанайық, артымнан ілесіңдер! Қаруларың қанжығаларыңда болсын, – деп, өзі қара көк тұлпарымен бес қаруын асына жаудың ізіне түседі. Бір елдің жылқысын шауып кетуге келген жау осал болмасы белгілі. Осы кезде атының басын бөгеп, артындағы жігіттер де түгел жетіп үлгерген.
– Бәріміз барымташылардың соңынан түссек, мерт боламыз. Жаудың да қаруланып келгені аян. Отызың маған ілес, алдыға өтейік. Он бестен екіге бөлініп, жылқының алдын орайық. Жылқы соңындағы топқа сездірмей, екі өкпеден қадала алдыға сыдыра орып өтуіміз керек. Қалған жиырмамыз екі шеттен тиген соққыдан сытыла қашып алдыға өткендермен айқасамыз. Сөйтіп, барымташылардың көзін жоямыз, – деп кеңес береді. Осылайша Балтаның айла-тәсілі, ұйымдастырушылық қабілеті, ұрыс өнеріне жетіктігімен жауға кеткен жылқыны қайтарып алған екен.
Жоңғар шапқыншыларының кезекті бір шабуылы кезінде жаудың зор денелі батырымен Балта жекпе-жекке шығады. Ат үсті сайыста жан адамға дес бермейтін Балта қарсы келген дәудің қолының қырынан ұрып, найзасын ұшырып жібереді. Алғашында қазақ батырын қорашсынып, тәкәппар кейіп танытқан ол өзіне қатты тиген соққыдан есеңгіреп қалады. Артынша есін жиып, сақтыққа көшеді. Сүт пісірім уақыт айқасқан қос батыр бірін-бірі ала алмай, қылыштарын қайта қынаптарына салып, аттарына тақым қыса атырыла келіп, жағаларынан алып, шірене тартысады. Осы айқаста Балтаның бір қолы қалмақ батырының желкесінен, бір қолы шаптан іліне «әуп» деп лақша көтеріп ерінің қасына басып жібергенде, төс сүйектері күтір етіп барып, жұлқынуға шамасы келмей сылқ ете түседі. Балта оның айдарынан көтеріп, беліндегі қанжармен кеңірдектен орып жібереді. Кезекті бір ұрыста Қордай асуында жаудың бірнеше зеңбірегін күйретеді. Балта жүздігінің дүркін-дүркін зеңбіректерге қарсы салған соғыс өнеріне қаныққан жоңғар жағы қулыққа басып, бір зеңбірегін бірнеше әскермен шырға ретінде жіберіп қояды. Балта әлгілерді жиырма шақты жігітімен басып алғанда, алдын ала дайындалып отырған жоңғарлар оқты қарша боратады. Сол шайқас үстінде батыр бабамыз 29 жасында қаза табады.
Балта сияқты баһадүрлер ерлігі – елге мұра. Бірі онға, оны жүзге, жүзі мыңға татып, еліміз бен жерімізді сақтап қалғанын бүгінгі ұрпақ, біздер, мақтан тұтсақ, несі айып?!
Батыр бабамыздың ұрпақтары бүгінде Алматы қаласында, облыс аумағында, Райымбек ауданының Сүмбе, Қызылшекара ауылдарында ғибратты ғұмыр кешуде. Біреулері күркіреп өткен сұрапылда қолына қару алып, майдан өтінде жаумен шайқасса, енді біреулері бейбіт өмірді баянды етіп, туған жерінің экономикасын көтеру жолында шүмектете тер төкті. Сөйтіп, мылтықсыз майданның ерен ерлері деген абыройлы атақтар арқалады. Дала кемесі атанған комбайндарымен алтын астық бастырып, Отанның байлығын еселеген Әкебай Боқаев, Санақ Далабаевтардың еңбегі лайықты бағаланып, «Ленин» орденінің иегерлері атанды. Ақтылы қой өсірудің шебері Әлдибек Өміржанов әр жүз саулықтан алынатын төл санын 198-ге дейін жеткізіп, республика чемпионы деген құрметті атқа ие болды. Өңірінде «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Еңбек даңқы» медалі, басқа да төсбелгілер жарқырады. Сыйлыққа «Волга», «Жигули», «Москвич» жеңіл автокөліктерін алды. Есбол Тоқтарбайұлы заң ғылымының, Жанар Өміржанова филология ғылымдарының докторы атанып, ел мерейін өсіруде. Спортшылар, дәрігерлер, басқа да халыққа қажетті мамандық иелері Тәуелсіздіктің дамуына лайықты үлестерін қосуда.
Беркін ӘКЕБАЕВ,
«Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері,
Райымбек ауданының Құрметті азаматы




