Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылының маңында ірі қара малға арналған «Дәурен-Ай» шаруа қожалығының бордақылау алаңы ашылды. Шаруа қожалығын Жамбыл облысы Қордай ауданынан көшіп келген Жайық Манасбаев басқарады. «Даму» қорының қолдауымен жүзеге асырылған бұл жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция салынды. Салтанатты шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Алматы және Жамбыл облыстық мәслихаттарының депутаттары, «Ауыл» партиясының өңірлік филиал басшылары, екі облыстың ауыл шаруашылығы басқармаларының өкілдері қатысты.
Дәстүр бойынша бұл игі бастамаға ауыл ақсақалы бата берді. Кейіннен құрметті қонақтар сөз сөйледі. Олардың қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерболат Саурықов пен Анас Баққожаев, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов және Қордай ауданының бұрынғы әкімі Болатбек Байтолы болды.
Ерболат Саурықов өз сөзінде көптеген азаматтың ауылдан шыққанын, қазіргі таңда Қазақстан халқының 40 пайызы ауылдық жерде, 60 пайызы қалаларда тұратынын атап өтті. Дегенмен, ауыл қалалықтардың жүрегінде әрдайым сақталып келеді. Елде ауылды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл іске өз үлесін қосып отырған кәсіпкер Жайық Манасбаев – көпке үлгі бола алатын азамат.
Депутат Анас Баққожаев та өз сөзінде осындай бірегей жобалардың болашағы зор екенін және елге үлкен пайда әкелетінін айтты. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов бұл жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын атап өтті. Жоба агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және салық базасының ұлғаюына сеп болады.
Қордай ауданының экс-әкімі Болатбек Байқонысұлы кәсіпкер Жайық Манасбаевтың туған жерінде еңбек етіп, жетістікке жеткен жолына тоқталды. Сондай-ақ оның кең жүректі, көмекке мұқтаж жандарға жәрдем беруге дайын тұратынын айтты. Шарада сөз сөйлегендер мұндай жобалардың сәтті жүзеге асуына мал шаруашылығын қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпкерлер мен «Ауыл» партиясы белсенділерінің үйлесімді жұмысы, жергілікті атқарушы органдардың көмегі ықпал ететінін атап өтті.
Салтанатты шара барысында қатысушылар қорадағы ірі қара малды көру мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі таңда мұнда 1500 бас ірі қара бар, ал жалпы алаң 2500 басқа арналған. Алаңда сегіз адам жұмыс істейді. Олар үшін барлық жағдай жасалған заманауи тұрғын үйлер салынған. Сонымен қатар, жем-шөп базасы да мұқият жоспарланған. Тайланған шөп пен сабан жиналған үлкен аумақ бірден көзге түседі. Бұл жоба ең алдымен Алматы облысы мен Алматы қаласы және басқа да өңірлердің халқын экологиялық таза етпен тұрақты қамтамасыз етуге негіз болады.
Жайық Есмұратұлы 1962 жылғы 15 қыркүйекте Жамбыл облысы Қордай ауданының Керу ауылында дүниеге келген. 1979 жылы орта мектепті, 1984 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын «инженер-энергетик» мамандығы бойынша бітірген. Институтты аяқтағаннан кейін еңбек жолын Қордай ауданының «Райсельхозэнерго» мекемесінде учаске бастығы болып бастады. Кейін Германиядағы (ГДР) әскери бөлімде бас энергетика маманы, Қордай жеміс-жидек мекемесінде директордың орынбасары болды. 2002 жылдан бері «Дәурен-Ай» шаруа қожалығының басшысы. Бұл күрделі істі атқаруда оған отбасы жары, екі ұлы мен қызы көмектесуде.
Жайық Есмұратұлы ауыл шаруашылығы саласында 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. Ол «Ауыл» партиясынан Қордай аудандық мәслихатының депутаты болып сайланғанжәне Қордай ауданының Құрметті азаматы.
Қарасай ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сырым Жарқынбаевтың айтуынша, бүгінде «Дәурен-Ай» шаруа қожалығының бордақылау алаңы – аудан көлеміндегі ең ірі өндіріс. Сонымен қатар, «Жетісу» өндірістік кәсіпорнында заманауи сүт-тауар фермасы салынып жатыр. Бұл жобаға 1 млрд теңге инвестиция құйылуда.
Осылайша, ауданда мал шаруашылығы табысты дамуда. Бұл өз кезегінде өңіріміздің және бүкіл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашады.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы