⛅
3°C
Қонаев
Жексенбі, Желтоқсан 14, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Ерлігі ел есінде

    03.07.2025
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Ерлігі ел есінде
    0
    SHARES
    8
    VIEWS

          Қаскелеңнің іргесіндегі Әйтей ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Шәріпқұл Әбдіғалиұлы екі құлағы екі езуіне жетіп: «Қанеке, «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген емес пе?! Жеңістің 80 жылдығында мен мына кісінің деректерін тауып, әкеліп тұрмын. Өзі жоқ болса да, жәдігерлер – марқұмның көзі ғой», – деп Шайке Ыдырысовтың өмірбаяны мен суретін беріп жатты. Майдангердің баласы Атыбайға да телефон соғып үлгерді.

    Деректерде мағлұматтар мол екен. Шайке ақсақал тегін адам болмай шықты. Қайсы жылдары Мәскеуде шығатын бүкілодақтық «Труд» газетіне сұхбат беріпті. Өкініштісі, сол сұхбаттың бір беті жоғалып кеткен. Соның өзінде біз Шәкеңнің өз аузынан айтқан өмір жолдарына сүйеніп, әңгімелеуді жөн санадық. Атыбай да біраз деректерді алға тартты. Ол әкесінің құжаттарын сары алтындай сақтап жүр екен. Құнттылығының, ұқыптылығының пайдасы тиді.
    Шайке Ыдырысов 1925 жылдың 5 мамырында Шамалған ауылымен жанасып жатқан Еңбекші ауылында дүниеге келіпті. Тағдыр тауқыметін бір кісідей тартып, әкесінен жастай айырылған. Әл-дәрмені жоқ ауру анасының демеуімен 4 сыныптық қана білімге қол жеткізген. Ол кездегі ашаршылықтың азабын көп көргендердің, жоқшылықтың қамытынан мойындары босамағандар қатарында болды. Жеті жасынан бастап ұжымшардың ауыр жұмысын істеп, балалық шақтың базарын да көре алмады. Әттең, соғыс жүріп жатқан кезде ол екі досымен бірге кеуделерін намыс оты кернеп, әскери комиссариатқа барады. Өз еркімен майданға аттануға сұранады. Алайда, кәмелеттік жасқа жетпегендіктен жолдары болмайды.
    1943 жылы әпкесі Насиды еңбек майданына алып кетеді. Шайке соғысқа аттанғанда, жараланған әпкесін үйіне қайтарыпты. Ол әпкесін көре алмайды. Соғыстан кейін қайтыс болып кетіпті. Өмірінде оның өзегін өртеген өкініші осы болыпты. Бір құрсақтан дүниеге келген 13 перзенттің үшеуі ғана тірі қалады.
    Майданға алу жөніндегі қайта-қайта берген өтініші 1943 жылдың сәуірінде іс жүзіне асады. Азаматтық жасқа толып, жауынгерлік саптан табылады. Петропавл қаласында оларды жақсылап жаттығудан өткізіп, майдан шебіне жібереді. Шайке №122 негізгі атқыштар бөліміне қосылады. Оның бас қаруы – гаубица болады. Бұл – танкі сияқты алып техникаларға арналған қару. Ол сол әскери бөлімде үш айлық байланысшылар курсынан да өтеді. Алғашқы шайқасты Вязьма қаласының түбінде бастан кешеді. Ол осы әскери бөлімнің құрамында Беларусь жерін фашистерден босатады. Могилев, Гомель, Брянск, Минск бағыттарындағы қанды шайқастар ешқашан есінен кеткен емес.
    Беларусьті азат еткеннен кейін, Прибалтика елдерін – Латвия, Литва, Эстонияны азат етуге қатысады. Сондай-ақ Каунас, Рига, Вильнюс, Гумбинен қалаларын да жаудан тазартады. 1945 жылдың көктемінде ол жүрген әскери бөлім Шығыс Пруссияны да азат етеді. Берлинге аз қалғанда Шайке ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Аяғы сылтып басуға да келмей, қатты қиналады.
    Майдан шебінде жүргенде Талша анасының ақ батасын аузынан тастамаған. «Анам мені майданға аттандырып тұрып, көзіне бір тамшы да жас алмай: «Маған Құдай көзіңнің жасын көрсетпесін. Алла тағалам жылатпасын! Сенімен аман кездесуге жазсын!» – деп ағынан ақтарылған. Анам киелі, арқалы, емші адам еді. Халыққа сыйлы, беделді болатын. Мені жебеген – асыл анамның рухы, ақ ниеті, ақ тілегі деп ұғамын», – деп өле-өлгенше артында қалған балаларына өсиет ретінде айтып кетіпті.
    Шайке майдан даласындағы бастан кешкен қиындықтарды да өмірдің сынағы мен сабағы деп қабылдапты. Бастапқыда фашистер күшінің басымдығы анық байқалыпты. Соған қарамастан Кеңес әскерінің Отанға шынайы берілгендігі, олардың оқ пен отқа қарамай өлім мен өмір үшін арпалыста нағыз ержүректік көрсеткенін айызы қанып тұрып айтады екен.
    Әңгімеміздің басында жаудан қайтпас батырдың Берлинді алуға аз уақыт қалғанда аяғынан жарақат алып, әбігерге түскенін айтқан едік. Сөйтсек, ол мұның алдында да жарақаттан шет қалмапты. 1943 жылдың қазанында Брянскі түбіндегі шайқаста жамбасы мен аяғынан ауыр жарақат алады. Екінші жарақаты Шығыс Пруссиядағы Пилау аралында болған. Әскери госпитальде ұзақ емделеді. Сөйтіп, екі рет ажалдан аман қалады. Алған жарақаттарынан ол ІІ топтағы мүгедектер қатарына қосылады.
    Ерлігімен көзге түскен Шайкенің марапаттарының өзі ауыз толтырып айтуға тұрарлық. «І дәрежелі Даңқ», «ІІ дәрежелі Кутузов», «Қызыл Жұлдыз», «Гвардия жауынгері» ордендері оның ержүрек майдангер болғанын анық көрсетіп тұр. Бұдан басқа ерлігі үшін алған медальдары да жетіп-артылады.
    «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» деп бекер айтылмаса керек. Қан майданда жүргенде менде де арман болды. Ең бірінші, сүйікті Қазақстаныма, туған ауылым Еңбекшіге аман-есен жету еді. Сол сияқты қатарымнан қалмай, бала-шағалы болу. Ашығын айтар болсам, 4 бала сүю болатын. Осыны мен күндіз-түні Алладан жалбарына сұрап, жақсы тілеуде жүрдім», – депті майдангер.
    Соғыстан кейін алдына қойған мақсаты – бейбіт күннің берекесін кіргізу. Азып-тозып кеткен ауылының сәні мен сәулетін арттыру болатын. Ол жылқы бағуға белсене кіріседі. Жібек жалды құлындарды көбейте түседі. Оның табысты тірлігіне ауылдастары қызыға қарайды. Бұдан кейін құрылыс саласында жұмыс істеуге бетбұрыс жасайды. Өйткені оның осы жұмысқа деген икемділігі мен ынтасы мол еді. «ПМК-№603» құрылыс коллонасында құрыш қолды құрылысшы атанған ол әріптестерімен бірге туған ауылы Еңбекшіден биологиялық комбинат­тың, екі қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің, жаңа мектеп пен балабақша, Мәдениет үйі құрылыстарын салуға атсалысады. Ауылының ажары барған сайын көркейіп, гүлдене бастайды. Кейін «Алматысельстрой» құрылыс мекемесіне ауысады. Мұнда да Шайке Ыдырысовтың лайықты қолтаңбасын қалдырады. Бейбіт күндегі еңбегі еленіп, «Еңбек Қызыл Ту» орденін омырауына қадауы және «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгілері мен Мақтау қағаздарының баршылық екені де оның тұлғасын одан әрі зорайта түседі. Аяулы да ардақты азамат Шайке Ыдырысов 2023 жылы 2 маусымда 99 жасқа қараған шағында қайтыс болады.
    Ол соғыста жүргенде армандаған мұратына қол жеткізді. Жеңіс мерекесі сайын Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағындағы «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, майданда шейіт болған боздақтардың рухына тағзым етуді ешқашан ұмытпаған. Мына сурет республикалық «Қазақстан әйелдері» журналына 1977 жылы жарияланған екен. Онда: «Совет Одағының Батыры, белгілі қолбасшы И. В. Панфилов басқарған қазақстандық 316 гвардияшылар дивизиясының бұрынғы жауынгері, бүгінгі озат құрылысшы Шайке Ыдырысов мәңгі алау басына өзімен бірге Отан үшін шайқасқан ерлерді еске алуға жиі келіп тұрады. Шәкеңді, Отан соғысының барлық ардагерлерін мерекелі күнімен құттықтаймыз! Суретті түсірген «Н. Жұбанов» деп жазылған.
    Өмірлік қосағы Күпан Ыдырысовамен бес баланы өмірге әкеліп, оларды өз алдына отау етіп шығарды. Балалары мен қыздары – тәрбиелі жандар. Үлкені Болат бұл өмірден қайтып кеткен. Бибінұры – зейнеткер, ұстаздық мамандықтың иесі. Күлатайы – дәрігер. Жылқыбайы – техниканың білгірі. Ал Атыбай – әке жолын қуған құрылыс шебері. Осы балаларынан тараған 14 немересі мен 23 шөбересі – алып бәйтерек атанған Шайке мен Күпанның бұтақтары, ұрпақтары.
    Осыған орай аудандағы тиісті орындарға айтар сөзіміз де жоқ емес. Ол кісінің құрметіне Еңбекші ауылынан бір көшенің атын берсе, құба-құп болар еді. Бұл – Еңбекші ауылы тұрғындарының сұрауы мен өтініші және тілегі. «Көп тілеуі – көл» деген жақсы сөз тегін айтылмаса керек.

    Қанат ТӘКЕБАЕВ,
    Алматы облысының Құрметті азаматы
    Қарасай ауданы

    Ұсынымдар

    Қатердің алдын алу маңызды

    Шомылу маусымы басталғалы 14 адам құтқарылды

    1 year ago
    Облыс әкімі Қонаев қаласындағы құрылыс жұмыстарын тездетуді тапсырды

    Қонаевтың әлеуметтік-экономикалық даму жоспары талқыланды

    2 years ago
    Соғыстың соңғы сарбаздары

    Соғыстың соңғы сарбаздары

    7 months ago
    Кеген ауданына жаңа әкім тағайындалды

    Кеген ауданына жаңа әкім тағайындалды

    2 years ago
    Алматы облысында алғашқы мамандандырылған ХҚКО ашылды

    Алматы облысында алғашқы мамандандырылған ХҚКО ашылды

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>