Перейти к содержимому

Президент Алматы облысындағы әскери оқу-жаттығу жиынына барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында өтіп жатқан «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынын барып көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиыны өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу жиынын бақылау мұнарасынан бақылап көрді.

Әскери әдіс-тәсілдер көрсетер алдында Мемлекет басшысына генерал-майорлар Болат Жорабаев пен Алмаз Жұмакеев қорғаныс операциясы кезіндегі Арнаулы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әрекеті жөнінде баяндады.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бригадалық-тактикалық топтары авиацияның қолдауымен, сондай-ақ Құрлық әскерлері және Арнаулы операциялар күштерінің бөлімшелерімен бірлесе отырып, судан өту арқылы қарсы жағалаудағы жау шебін басып алу үшін тактикалық іс-қимыл жүргізді.

Атап айтқанда, Әскери-теңіз күштері авиацияның және Арнаулы операциялар күштерінің қолдауымен Каспий теңізі акваториясындағы экономикалық қызмет нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарындағы полигондарда да осындай оқу-жауынгерлік міндеттер орындалды.

Бүгін Президент жұмыс сапарымен Алматы облысына келген.