Перейти к содержимому

Мерей тасытқан мереке

39 қаралым

Республика күні қарсаңында мұғалім, дәрігер, жұмысшы маманы және өзге де сала үздіктерінен құралған, өңір дамуына елеулі үлес қосқан 35 азамат мемлекеттік марапатқа ие болды. Оларға «Парасат», «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалі, сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет ардагері» атағы берілді. Оның ішінде қос бірдей азамат мемлекеттік награданы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алды.
Өзге марапатты Қонаев қаласында өткен шарада облыс әкімі Шыңғыс Әрінов табыстап, жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күнін атап өту дәстүрін қайта жаңғыртып, ұлттық мереке мәртебесін бергенін, мерейлі мерекеміздің шуағына бірқатар облыс азаматтары да бөленіп отырғанын айтып өтті. Сондай-ақ биыл мемлекетіміз үшін тағы бір айтулы белес – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 35 жылдығы екеніне тоқталып, еліміздің гүлденуі мен облысқа сіңірген еңбегі үшін бірқатар азаматты марапаттады.
Марапатқа ие болғандардың бірі – білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен ұстаз Гүлнар Асқарбаева. «Ұлттық мереке қарсаңында «Шапағат» медалімен марапатталдым. Бұл мен үшін – үлкен жауапкершілік әрі жоғары мәртебе. Мұның артында тұтас бір ұжымның үлкен еңбегі мен ізденісі жатыр. Тынбай істеген жұмысың бағаланғанда, қанаттанып, ұлы істерді атқаруға деген талпынысың оянады. Сондықтан бұл сый-құрметті иеленгеніме өте қуаныштымын. Осы орайда, барша халықты ұлттық мерекемен құттықтаймын. Бейбітшілігіміз бен егемендігіміз мәңгі болсын», – деді ұстаз.
«Ерен еңбегі үшін» меделін еншілеген Тәңірберген Қасымберкебаев та жылы лебізін білдірді.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, 40 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Одан бөлек қоғамдық істерге де үлес қосып, әлеуметтік сала, тілдерді дамыту мәселесі мен жастар тәрбиесіне атсалыстық. Қазіргі кезде қоғамдық және ардагерлер кеңесінің мүшесімін. Көп жылғы еңбегімді ескеріп, марапатқа лайық санаған Президентімізге, облыс әкімдігіне алғыс айтамын. Әсіресе бұл медальді айтулы мереке қарсаңында алып тұрғаным ерекше қуантады. Себебі Республика күні – тәуелсіздігіміздің бастауы, егемендігіміздің іргетасы», – деді Тәңірберген Қасымақынұлы.
Айта кетейік, Республика күні аясында өңірде 200-ден астам іс-шара өтеді. Әр аудан, қалада зияткерлік ойындар және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, спорт жарыстары мен турнирлер, концерттер мен көрмелер, сенбіліктер мен қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып жатыр. Бірқатар елдімекенде жаңа әлеуметтік нысандар ашылып, тұрғындардың игілігіне бағытталған жобалар іске қосылды. Шаралар легі алдағы күндері де жалғасын табады.

Гүлзат БАЙҚОНЫС
Қонаев қаласы

↑