Перейти к содержимому

Ұлттық мереке ұлықталды

38 қаралым

Республика күніне орай Кеген аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Ең алдымен орталық алаңда Мемлекеттік туымыз көкке көтеріліп, Әнұранымыз асқақтады. Мерекелік шарада аудан әкімі Таңат Айдарбеков сөз сөйлеп, жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады.

Біздің ең қымбат қазынамыз – ел тәуелсіздігі! Көк Туымыздың желбіреуі, Әнұранымыздың асқақ үні мен Елтаңбамыздың айбыны –әрқайсымыз үшін зор мақтаныш. Тәуелсіздік – бабалар аманаты, ұрпақтар алдындағы қасиетті жауапкершілік. Оны көздің қарашығындай сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деп мерекенің маңыздылығына тоқталған аудан басшысы өңірдің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматты марапаттады.
Атап айтқанда, Болат Мейманқұлов пен Гүлзипа Жексембиеваға Кеген ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілсе, «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі Гүлшат Асанова мен Есболат Игембаевқа табысталды. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің Алғыс хаты Шыңғыс Мұсаұлы мен Жанар Мамырбековаға, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Құрмет грамотасы Айдана Нұрланқызы мен Бақытгүл Қазыбекқызына табысталды. Сондай-ақ аудан әкімінің Құрмет грамотасымен ауданы әкімдігі персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Назгүл Нұрғазиева, пульманолог-дәрігер Қыдырбай Айдана, Заманбек Нұрқаділов атындағы балалар өнер мектебінің директоры Жанар Асубаева, психолог Айман Ермұхамбетқызы марапатталса, аудан әкімінің Алғыс хатын Еділ Мәлікұлы, аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Айдос Бақытұлы, Кеген ауылының тұрғыны Толықбай Қоқанаев, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының нұсқаушысы Ерназар Елемесұлы, жеке кәсіпкер Венера Жұмағалиқызы, «Жолашар» ЖШС директоры Манас Ердесбайұлы иеленді.


Мерекелік шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов, аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Жансая Ерболқызы сөз алып, көпшілікті мерекемен құттықтады. Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑