Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Өңдеу өнәркәсібі өркендеп келеді

Өңдеу өнәркәсібі өркендеп келеді

27 қаралым

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Рустам Исатаев брифинг өткізіп, аграрлық саладағы жетістіктер мен өңір экономикасын өркендететін бірқатар маңызды жобалар туралы баяндады.
Аудан басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Оның құрамына мал және егін шаруашылығымен қатар, балық өсіру мен бау-бақша да кіреді. Биыл 80 мың гектарға жуық жерге дақылдар себілген. Қазіргі таңда жүгері мен майбұршақ ору жұмысы жүргізіліп жатыр.
– Ауданның аграрлық салмағы жер қорынан да көрінеді. Алматы облысының суармалы жерінің 36 пайызы біздің ауданда орналасқан. Облыстағы бұрыш алқаптарының 77 пайызы, қиярдың 66 пайызы, қызанақтың 63 пайызы ауданымызға тиесілі. Алма бақтарының 62 пайызы да осында. Біз жылына 50 мың тоннаға жуық алма жинаймыз. Бұл – Алматы қаласы мен облыс қажеттілігінің төрттен бірін қамтамасыз ететін көлем. Аудан өнімі еліміздің басқа өңірлеріне де сатылады, өңделеді, экспортқа шығарылады. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті шаруаның тұрақты табысына айналдыру. Ол үшін суару, сақтау және өңдеу инфрақұрылымын қатар дамытып жатырмыз. Ауданда жыл сайын шамамен 60 мың тонна қызанақ жиналады. Оның едәуір бөлігі өңдеу кәсіпорындарына жіберіледі. Мәселен, аудандағы бір ірі кәсіпорын жыл сайын томат пастасын өндіру үшін 12 мың тоннадан астам қызанақ қабылдайды, – деді Рустам Маратұлы.
Аудан әкімінің сөзінше, өңдеу саласын одан әрі дамыту мақсатында Тескенсу ауылдық округінде «Qazaq Global Food» жобасы жүзеге асырылмақ. Жобаның алғашқы кезеңінде алманы өңдеп, шырындар мен джем өндіру көзделген. Кейін өндіріс ауқымын кеңейтіп, қызанақ пен қияр сияқты көкөністерді өңдеу жоспарланып отыр.
Спикердің айтуынша, мұндай өндірістер жергілікті шаруашылықтар үшін өнімдерін өткізудің қосымша арнасын қалыптастырады. Сонымен бірге ішкі нарыққа және экспортқа шығарылатын тауар көлемін арттыруға жағдай жасайды. Қазір аудан өнімдері тұтынушыларға жаңа піскен көкөніс пен жеміс түрінде ғана емес, томат пастасы, алма шырыны, пюре және джем ретінде де ұсынылады.
«Өнімді сақтау инфрақұрылымы да маңызды рөл атқарады. Қазіргі уақытта ауданда жалпы сыйымдылығы 37 мың тоннадан асатын 26 қойма бар. Оның ішінде 24 жеміс қоймасының сыйымдылығы 36 мың тоннаға жуық. Ал екі көкөніс қоймасы 1 300 тонна өнім сақтауға арналған», – деді аудан әкімі.
Ел экономикасындағы маңызды саланың бірі – өнеркәсіп. Сырттан келетін шикізат экспортына тәуелділікті азайтып, жергілікті жердің өндірісіне серпін беру, отандық өнім түрін арттырып, ішкі өндірісті әртараптандыру – негізгі міндеттердің бірі. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін ашуға ниетті азаматтарға қолдау көрсетілуде. Жергілікті жерге инвесторлар тартылып, жаңа өндіріс орындары іске қосылуда.
Еңбекшіқазақ ауданында бүгінде 108 өнеркәсіп орны қызмет көрсетеді. Сонымен қатар өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыру үшін жаңа өндірістік жобаларға басымдық беріледі. Атап айтқанда, «Шелек» индустриялық аймағын агрокластер ретінде дамыту көзделген. Оның аумағы – 244 гектар. Бұл алаңда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындарды орналастыру жоспарланып отыр.
Аталған баспасөз мәслихатында Рустам Маратұлы тілшілердің үш ауысымды мектеп, ауызсумен қамту, коммуналдық жүйелерді жаңғырту бойынша қойылған сауалдарына да жауап берді.
«Біздің жауапкершілігіміз – жердің өнімділігін арттыру, суды тиімді пайдалану және өңдеу көлемін ұлғайту. Нәтижесінде шаруаның табысы көбейіп, ауылда тұрақты жұмыс орындары ашылады», – деді Рустам Исатаев.

Ерзат АСЫЛ

↑