Алматы облысы, Алатау қаласында Мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай «Республикам – елдігімнің айғағы» атты салтанатты мерекелік шара өтті. Тағылымы мол іс-шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, елдік пен егемендіктің маңызын айшықтау, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді нығайту.
Салтанатты жиын барысында Алатау қаласының әкімі Аркен Өтенов мерекеге қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, өз баяндамасында қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, қаланың инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік нысандардың маңыздылығы мен кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар, қаланың әлеуетін арттыруда еңбек адамдарының, кәсіпкерлердің және белсенді жастардың қосып отырған үлесі зор екенін атап өтті.
Мерекелік шара аясында қаланың қоғамдық өміріне және түрлі салалардың дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа Алғыс хаттар табысталды.
Салтанатты шара мерекелік көңіл күйге ұласқан концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Арна шағынауданы Мәдениет үйінің өнерпаздары көпшілік назарына патриоттық әндер мен әсем музыкалық туындыларды ұсынып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнерпаздардың әсерлі өнері елге деген сүйіспеншілікті, ұлттық рух пен тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеп, мерекенің мазмұнын аша түсті.
Толқын Одашқызы
Алатау қаласы

