Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Мәди Ахметов, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы: Жастар – жасампаздық жаршысы

Мәди Ахметов, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы: Жастар – жасампаздық жаршысы

29 қаралым

Барлық тіршілік бастауы жастық дейтін кезеңмен жарқырайды. Оған ерекше көңіл бөлудің нәтижесі бақыт пен бақуатқа бастайды. Мемлекетіміздің бұл іске жаңаша, ұлттық мазмұнда мән беретіні сондықтан.
Жастарға қатысты жаңалықтар облыс өңірінде аз емес. Жүзеге асырылған жұмыстар бір-бірімен үйлесіп, қоғам дамуына өз үлесін қосуда. Жастар жүрген жер күш пен жігер, жасампаздық пен жалынға толы. Ойымызды осындай мазмұнмен сабақтастыра отырып, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мәди Ахметовпен әңгімелескен едік.

– Бүгінгі таңда «Ел бола­мын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөз «Ел боламын десең, жастарыңды түзе» деген мағы­нада жаңарып жатыр. Осы дең­гейден қарағанда, мемлекеттік жастар саясатының бағытын қалай түсіндірер едіңіз? Аймақ жаста­рының әлеуметтік қорғалуына және отаншылдық рухының берік қалып­тасуына облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қосып жатқан үлесі қандай?
​– Сізге қуанарлық бір дерек ай­тайын. Қазақстан – әлемдегі жасарған мем­лекеттердің қатарында. Елімізде 35 жасқа дейінгі азаматтардың саны 7 миллионға жуықтады. Әрбір үшінші адам жастар санатында. Бір жағынан, бұл – бүгінді жарқын болашаққа жалғайтын қуатты күш. Сонымен қатар оның екінші қырын да назарда ұстау керек. Жастардың көргені аз, өмірлік тәжірибесі әлі толыспаған. Сеніп қалу сезімдері басым. Түрлі деструктивті ағымдар мен жат идеялар олардың осал тұсын аңдып, өздеріне бұруға тырысады. Сондықтан жас буынға ұдайы дұрыс бағыт-бағдар беріп, әлеуетін ел игілігіне жаратуға бейімдеу – өзекті міндеттердің бірі.
Еліміздегі 2 қала мен 5 облыста жастар саясаты басқармасы мемлекеттік орган ретінде дербес жұмыс істейді. Ал қалған аймақтарда ішкі саясат басқармасының бөлімшесі ретінде қызметін жалғастырып жатыр. Одан бөлек, өңірде жастарға кеңес беріп, мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат ұсынатын Жастар ресурстық орталықтары бар.
Ата Заңымызға сәйкес әрбір жастың мектепте тегін оқуына, одан әрі мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орнында білім алуға құқығы бар. Сонымен қатар заңнамалық деңгейде медициналық және әлеуметтік сақ­тандыру тетіктері де айқындалған. Дегенмен жас буынды толғандыратын жайлар жеткілікті. Соның қатарында баспанамен қамту мәселесі. Осыған орай көптеген жоба қолға алынуда. Тұрғын үй бағдарламалары түзіліп, ипотекалық пәтер беруді «Отбасы банк» акционерлік қоғамымен бірлесе жүзеге асырып келеді.
Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы республика бойынша бірыңғай негізде қабылданды. Осы құжатқа сәйкес біздің басқарма өз жоспарын жасап, тиісті шаралар белгіленді. Оны ойдағыдай орындау үшін күш жұмсаудамыз. Сала ма­мандары жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға басымдық беруде. Себебі ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы – басты шарт. Жастар – мемлекетіміздің бүгіні мен болашағының кепілі жасампаздық жаршысы.
– Басқармадағы жұмыс­тарға шолу жасағанда, ерекше тоқ­талатын мысал ретінде нені айтар едіңіз? Тың ізденістердің арқа­сында қызметтеріңіз қандай жаңа­лықтармен толығып жатыр?
– Алматы облысында ресми статистика бойынша 432 мыңнан астам жас бар. Әсіресе Алматы агло­мерациясына қарасты аудандарда тығыз қоныстанған. Ауыз толтырып айтатын негізгі жетістік – жыл өт­кен сайын NEET санатындағылар азайып келеді. Бұл санатқа өмірдің түрлі себептеріне байланысты бел­гілі мамандық алмай қалған және жұмыссыз жүрген жастар кіреді. Алматы облысында олардың саны 2023 жылы 46 мыңға жуықтаған. Салаара­лық басқармалармен, тиісті құзырлы органдармен, департаменттермен бірлесе жұмыс істеудің арқасында аталған деңгей бір жылда 26 мыңға дейін төмендеді.
«Жасыл ел» жобасын жақсы білесіздер. Соның аясында жыл сайын 1000-нан астам жасты маусымдық жұмыстарға қатыстырамыз. Бұл, әсі­ресе әлеуметтік осал топтағы, көпба­лалы отбасындағы ұл-қыздарға тиімді. Алғашқы еңбекақысын алып, үлкен өмірдің есігін ашуға септігін тигізетін оңтайлы бастама. Былтыр 3000 еріктінің басын біріктірген «Волонтер. kz» атты электронды платформасын іске қостық. Яғни облысымыздағы 9 аудан мен 2 қалада кез келген азамат осы платформаға тіркеліп, өңірде өтетін ауқымды шараларға, фестивальдер мен форумдарға, байқауларға ерікті ретінде қатысуға мүмкіндік тапты. Өткен жылы республикалық «Игі істер» марафонында біздің облыс бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар «Ең мейірімді аймақ» деген номинация бойынша алдыңғы орыннан көрінді.
2023 жылдан бастап аудандардағы Жастар ресурстық орталықтарының жаңа ғимараттары қолданысқа берілді. Одан бөлек, әр өңірде орталықтың фи­лиалдары жұмысын жалғастыруда.
Ең алдымен біз жастарға қызмет көрсететін мамандардың әлеуметтік жағ­дайына көңіл бөлеміз. Мен осы бас­қар­маға келгенде, Жастар ресурс­тық орталықтарында мамандардың жиі ауысатынын аңғардым. Анықтап көрсем, оның басты себебі жала­қының аздығы екен. Осы мәселені облыстық мәслихатта көтеріп едік, бәрі түсіністікпен қарап, бірауыздан қолдады. Нәтижесінде еңбекақыны 50 пайызға өсірдік. Сөйтіп, кадр тұрақ­тылығына қол жеткіздік. Өйткені сапалы маман – саланың қозғаушы күші.
– ​Ауылдағы жастардың көбі шаруа қожалықтар­дың қамымен орталықтан алыста, саяқ жүреді. Бұрынғыдай қырдағы диқан мен малшыны аралайтын керуендер қазір жолға шыға бермейді. Жастардың осындай тобының мәселесі сізді қалай толғандырады? Осыған қатысты қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Ол рас, облыстағы жастардың дені ауылда тұрады. Қазір барлық елдімекен интернет байланысымен қамтылды десек, артық айтқандық емес. Мейлі қала болсын, ауыл болсын, бүгінде жастардың басым бөлігі әлеумет­тік желіде отыратыны – шындық. Сондықтан біз «Жас инфо» Telegram-ботын іске қостық. Сол арқылы жастар «Дипломмен ауылға», «Ауыл аманаты», «Бастау бизнес» сияқты мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі байқаулар туралы ақпаратқа қаны­ғады. Аталған бағдарла­малар жас мамандардың ауылда жұмыс істеуіне, ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуына пайдасын тигізіп жатыр. Бұған қоса, Алматы облысындағы «Алатау дарыны» жобасын ерекшелеп айтуға тиіспіз. Қытай Халық Респуб­ликасымен тығыз байланыстың ар­қа­сында аталмыш елдің бірнеше про­винциясы Алматы облысының тү­лек­теріне қайтарымсыз білім грантын ұсынып отыр. Олар Қытайдың жоғары оқу орындарында 4 жыл бойы тегін оқып, тегін жатақханамен қамтамасыз етіліп, ай сайын стипендия алады. Үш жылдың ішінде 80-ге жуық облыс түлегі осы бағдарлама арқылы шетелде білім алуға қол жеткізді. Бұл – жастарға жасалып жатқан нақты қамқорлықтың бір көрінісі.
Қазіргі қоғамда алаңдаушылық туғызатын түйткілдің бірі – ақпа­рат кеңістігіндегі көзқарастардың әралуандығы. Солардың арасында жақсы мен жаманды ажырата білудің күресі жүріп жатқандай. Әлеуметтік желідегі блогерсымақтар білім алмай-ақ бірден байып кетуге болады дейтін арзан пафосты ұсынады. Маңдай терлетпей келетін жеңіл табыстың елесінен үміт күтетін жастардың бар екені жасырын емес. Сондықтан біз бақуатты қоғам, жарқын болашақ тек адал еңбек пен сапалы білімнің арқасында қалыптасатынын жастардың санасына сіңіруге тиіспіз.
– «Заң мен тәртіп» берік қағи­даға негізделген айнымас ережеге айналды. Ол, әсіресе, жастарға керек. Мейлі дала болсын, қала болсын, талап пен ұстаным ортақ. Тәртіпті нығайтуға жастардың қатысуы қалай қамтамасыз етілуде?
– «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту – өзгермейтін өзекті міндет. Осы орайда біздің басқарма құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жас буынды жат әдеттерден сақтандыру және құқықтық мәдениетін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Бұл ретте тек құрғақ лек­ция­лармен шектелмей, заманауи, интерактивті әдістер мен нақты нәтижеге бағытталған шараларға басымдық берудеміз.
Биыл облыстың әр ауданы мен қаласында жастардың қаты­суымен интерактивті форумдар ұйым­дас­тырылды. Әр өңірде шамамен 500 жас қамтылып, жалпы қатысушылар саны 5 мыңға жуықтады. Онда жастар өз ойын ашық айтып, спикерлер әрбір қатысушының пікіріне құлақ түріп, толғандырған сұрақтарға жауап берді. Басты тақырыптар қатарына суицидтің алдын алу, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрес, онлайн алаяқтық пен дроперлік қылмыстар кірді.
Екі жыл қатарынан облыста «Сақтан» жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Мұндағы басты ұстаным – жастарға күрделі мәселелерді түсінікті әрі қызықты тілмен жеткізу. Осы мақ­сатта түрлі спорттық жарыстар мен жай­дарман ойындары тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар түнгі рейдтер ұйымдастырылады. Бұл шаралар тек есеп үшін жасалмайды. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын клубтарында немесе рұқсат етілмеген орындарда жүруіне қатысты қатаң шаралар қабылданады. Ата-аналарға ескерту жасалып, заң аясында хаттамалар толтырылады.
Жастар тәрбиесіне қатысты осын­дай шараларға мемлекеттік органдар бір мақсатта жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуде. Өйткені елдің ертеңі жас­тардың заңға деген құрметіне және оны сақтауына тікелей байланысты.
– «Таза Қазақстан» рес­пуб­лика­лық экологиялық бағдарламасы – жастармен біте қайнасқан маңызды шара. Жастар сол арқылы даланы да, сананы да шаң-тозаңнан арылтады деп үміттенеміз. Оның ырғағын тоқтамайтын етіп жыл он екі айға қалай пайдалануға болады?
– «Таза Қазақстан» экологиялық бағ­дарламасы жас мөлшеріне бөлінбейтін, баршаға ортақ маңызды бастама екені сөзсіз. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыс­тар білім беру ұйымдарында жүйелі түрде қолға алынып келеді. Мектеп­терде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сынып сағаттары өткізіліп, оқу­шыларға табиғатты аялаудың мәні мен маңызы түсіндіріліп, құқық­бұзу­шылықтың салдары қандай зар­даптарға соқтыратыны айтылуда. Алайда жасөспірім үйіне келгенде әкесінің темекі тұқылын кез келген тұсқа лақтырып, тәртіп сақтамағанын көрсе, мектептегі айтылған өнегенің әсері азаятыны тағы белгілі. Өйткені бала ең алдымен отбасында көргенін қайталайды. Демек, үлкендердің жауап­кершігі де үлкен болуға тиіс
Әрине, экологиялық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Тазалықты әр адам өз ауласынан, өз кәсіпорны маңынан бастаса, бұл үрдіс біртіндеп тұтас қоғамдық қозғалысқа айналары сөзсіз. Осы орайда «Таза Қазақстан» аясындағы шаралардың форматы да заман талабына сай жаңарып келеді. Алматы облысындағы экологиялық мәселелерді шешу жолдарын ұсынатын студенттік топтардың жобалары қолдау табуда. Демеушілердің көмегімен жеңімпаздарға арнайы жүлде қоры жасақталып жатыр.
Қорыта айтқанда, әрбір азамат сенім мен сезінуді өзінен бастаса, тазалық пен тәртіп біздің өмір салтымызды жаңғырта беретіні анық.
– Жастардың жаны өнер­паз­дық­қа жақын ғой. «Ел іші – өнер кеніші» деген ма­қалдың астары да осыны меңзейді. Бұған қатысты қандай нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр?
– Иә, бұл бағытта атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар аз емес. Өнерлі жастар арасында түрлі байқаулар жиі ұйымдастырылады. Дегенмен бастамалардың басым көпшілігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесе отырып жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Мәселен, дәстүрлі жайдарман ойындары өткізіліп келеді. «Самға» байқауы мүмкіндігі шектеулі жан­дардың өнерін бағалауға арналған. Өңірдегі жоғары оқу орны қатарына жақында New York Film академиясы қосылды. Колледждер арасындағы жыл сайын өтетін «Студенттік көктем» фестивалі жаңа таланттарды тануға жол ашуда. Қысқасы, өнерлі жастарды қолдауға бағытталған жұмыстардың негізі осындай ауқымды істермен сипатталады.
– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олар саяси партиялар қата­рына белсене қатысып, жергілікті мәс­лихаттарға депутат ретінде сай­ланып жатыр. Осы орайда басқарма тарапынан жастарды мемлекеттік іске бағыттау үшін қандай жұмыстар атқарылып келеді?
– Мемлекеттік істер жөніндегі агенттікпен бірлесе отырып, жас мемлекеттік қызметшілер арасында пікірсайыс клубтарын құрып, оны насихаттап келеміз. Сонымен қатар мәслихаттар мен қоғамдық кеңес­тер сияқты сайланбалы органдарда жастардың үлесін 30 пайызға дейін жеткізу – басты жоспарымыздың бірі.
Күні кешеге дейін облыстық мәс­ли­хатта жас депутаттар Нұрсұлтан Орынбасар, Әсел Зайырова, сондай-ақ облыс­тық қоғамдық кеңесте Мақсат Кенеш, Әділет Айтқазы сияқты бел­сенді азаматтар жастарға қатысты өзекті мәселелерді көтеріп келді. Тіпті аудандық мәслихаттардың өзінде де жастардың өкілдері аз емес. Олар әлеуметтік лифт шынымен де жұмыс істейтінін басқаларға дәлелдеп көр­сетті. Яғни еңбек етіп, өз кәсібін дөңге­летіп немесе қоғамдық белсенділігі­мен көзге түскен азаматтарды қолдау тетік­тері қарастырылған. Одан бөлек, үкіметтік емес жастар ұйымдары­ның белсенділігі арта түсті. Жалпы алғанда, жұмыс істеймін, нәтижеге қол жеткіземін деген жігерлі жасқа ешқандай тосқауыл жоқ. Адамның өз ынтасы мен мақсаты биік болса, ондай азамат ұтылмайды.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің жа­нында арнайы жастар кеңесі жұмыс істейді. Оның құрамында ғалымдар, IT саласының мамандары, волонтер­лер, тіпті базарда еңбек етіп жүрген немесе ірі кәсіпорындардың жұмысшы жастары да бар. Жыл сайын облыс әкімінің төрағалығымен аталған кеңес мүшелері екі-үш рет бас қосып, өңірге қажетті мәселелерді талқылайды және оларды шешу жолдарын қарастырады.
Әрине, жастар саясатын толықтай қалыптастырып, жүзеге асыру бағы­тында атқарылар жұмыстар әлі де көп. Мемлекет басшысының тапсыр­масымен өңірімізде ғылым қалашы­ғын құру және академиялық кампус ашу жобасы қолға алынған. Бұл – студенттерді Алматыдан өңірімізге шоғырландырып, оларға жан-жақты мүмкіндік беруге бағытталған ма­ңызды қадам.
Қонаев қаласының даму жоспарына көз жүгіртсеңіз, алдағы бесжылдықта жастарға арналған Конгресс-холл мен жаңа орталықтардың ашылатыны құжатта анық көрсетілген. Оның да ауылы алыс емес деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Болат Мәжит

↑