Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Салауатты өмір – саналы таңдау

Салауатты өмір – саналы таңдау

33 қаралым

Облыстық кезеңге қала-аудандарда өткен іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсетіп, жолдама алған колледж командалары қатысты. Ұлдар шағын футболдан, қыздар волейболдан сынға түсті.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов аталған шараның мақсаты мен мазмұны жайлы айта келіп, білімді де салауатты ұрпақ ел дамуына сүбелі үлес қосатынын жеткізді. Ол сонымен қатар жиылған жұртшылықты келе жатқан Республика күнімен құттықтап, қатысушыларға жеңіс тіледі.
Ал облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мәди Ахметов өз сөзінде: «Біздің міндетіміз – жастардың мәселелеріне бейжай қарамай, олармен тұрақты байланыс орнату, қажетті қолдау көрсету және пайдалы бастамаларды көбейту», – деді.
Қатысушыларға облыстық полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы қызметтік иттерінің арнайы көрсетілімі ұсынылды.
Спартакиаданың қорытындысы бойынша шағын футболдан Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің командасы І орынды иеленді. Екінші орын Есік гуманитарлық-педагогикалық колледжіне бұйырса, үшінші орынды Алматы экономикалық колледжінің командасы алды.
Жеке номинациялар бойынша Жомарт Амантай «Үздік қақпашы», Әли Жұмаев «Үздік ойыншы», ал Ерлан Мусин «Үздік жаттықтырушы» атанды.
– Бұл жарыс біз үшін үлкен тәжірибе болды. Алаңға шыққан сәттен бастап команданың жеңісі үшін барымызды салдық. Бізді қолдаған жанкүйерлерге алғыс айтамын», – деді жарыстың үздік ойыншысы Әли Жұмаев.
Волейболдан қыздар арасындағы жарыста Есік гуманитарлық-педагогикалық колледжінің командасы І орын алды. Екінші орынды Талғар агробизнес және менеджмент колледжі қанжығасына байласа, үшінші орынға Талғар политехникалық колледжінің командасы көтерілді
Жеке номинациялар бойынша Қарақат Серікбай «Үздік байланыстырушы», Ақниет Толымбек «Үздік ойыншы», ал Жанат Құрманбаев «Үздік жаттықтыру­шы» атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды.
Спартакиада жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға, коман­далық рухты нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бастамалардың маңызын көрсетті.
«Әрбір жас өзін қолдайтын ортада болып, спортпен айналысып, болашағына жауапкершілікпен қарауы маңызды. «SAQTAN-2026» жобасы осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға мүмкіндік береді», – деді «Paryz еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Айтқазы.
«SAQTAN-2026» жобасы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен, «Paryz еріктілері» жастар қоғамдық бірлес­тігінің ұйымдастыруымен жүзеге асы­рылып келеді.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы

↑