Ұлттың ұлылығын танытатын – оның тарихы, рухын асқақтататын – батырлары, ал болмысын биіктететін – салт-дәстүрі мен тағылымды тәрбиесі. Ата-баба аманатын ардақтап, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру – қай кезеңде де маңызын жоғалтпаған қасиетті міндет. Осындай рухани сабақтастықтың алтын арқауын жалғаған тағылымды жүздесулердің орны әрдайым ерекше.
Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы №29 орта мектепте аты аңызға айналған батыр, даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф-жазушы, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің жанашыры Зейнеп Ахметовамен жүрекке жылу, көңілге ой салған ерекше кездесу өтті. Ұлт руханиятын ұлықтаған бұл жүздесуге мектеп ұстаздары мен ата-аналар қатысып, тағылымды кештен рухани нәр алды.
Зейнеп Ахметова – қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, отбасылық тәрбиесін насихаттап жүрген көрнекті тұлға. Кездесуде айтылған ойлардың өзегінде адамдық қасиет, шындық, ұлттық болмыс пен ұрпақ тәрбиесі жатты. Өмірде қатарынан озып, биік белестерге жетуге болады. Алайда халықтан озу мүмкін емес. Өйткені адамның шынайы бағасын беретін де, оның қадірін арттыратын да – елдің ықыласы мен халықтың пікірі.
Зейнеп Ахметованың айтуынша, ұлттық тәрбиенің тамыры салт-дәстүрден басталады. Қазақ халқының сәлем салу, үлкенге құрмет көрсету, дастарқан басындағы әдепті сақтау секілді ғұрыптары – ұлттың рухани мәдениетінің көрінісі. Қазақы дастарқанға нанды алдымен қоюдың өзі үлкен мәнге ие. Нан – адал астың, берекенің, тіршіліктің символы. «Адал ас» ұғымы тек ішіп-жеммен шектелмейді, ол маңдай термен келген еңбекті, адалдықты, ар-ұятты да білдіреді.
Кездесуде тіл мәселесінің де маңызы айрықша айтылды. Қазақ тілін көркейту – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Тіл тек қарым-қатынас құралы емес, ол – ұлттың тарихи жады, дүниетанымы мен рухани әлемінің күретамыры. Жаһандану үдерісінде ұлттық болмысымызды жоғалтпау үшін ана тілімізді дамытуға, оны күнделікті өмірде кеңінен қолдануға тиіспіз. Ұлттық мектептер мен балабақшалардың сапалы дамуы, балаларға ана тілінде білім мен тәрбие беру, қазақы орта қалыптастыру – болашақтың берік негізі. Бұл бағытта ұстаздар мен ата-аналардың ынтымақтастығы ерекше маңызды.
Зейнеп апамыз адамның мінезі мен өмірлік тәжірибесін қарапайым сөзбен жеткізді. «Балға жеңіл болса, шеге қисық қағылады» деген бейнелі тіркес те істің нәтижесі үшін құралдың ғана емес, оны қолданған адамның күш-жігері мен жауапкершілігінің қажет екенін аңғартады. Ал «Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» деген сөз өмірдің қиындығына дайын болу, алдын ала қамдану керектігін еске салады.
Жақсылық пен жамандықты ажырата білу, шындық пен жалғанның ара-жігін тану – адамдық кемелдіктің белгісі. Адамның адамдығы байлығымен емес, жүрегіндегі ізгілігімен бағаланады.
Кездесудің тағы бір құндылығы – ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етуі. Бала тәрбиесі тек ұстаздың немесе ата-ананың міндеті емес. Ол – ортақ жауапкершілік. Отбасында көрген өнеге мектепте жалғасып, мектепте алған тәлім отбасында бекігенде ғана саналы ұрпақ қалыптасады.
Бұл кездесу ұлттың өткені мен бүгінін сабақтастырған, ата дәстүрі мен ана тілінің қадірін ұғындырған рухани сұхбат болды. Ұлттың ұлылығы – оның тілінде, дәстүрінде, тарихында және адамгершілік қасиеттерінде. Сол құндылықтарды сақтау, дәріптеу және кейінгі буынға аманаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Салтанат Зейнелқызы,
№29 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Талғар ауданы

