Іле ауданы М.Түймебаев ауылындағы келешек мектебінде «Мектеп парламенті – жас көшбасшылар мектебі» тақырыбында кездесу өтті. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, өңірдің барлық аудандары мен қалаларынан мектеп парламенттерінің президенттері, белсенді оқушылар қатысты.
Кездесудің басты ерекшелігі – оқушылардың өздерін толғандырған мәселелерді облыс басшылығына тікелей жеткізіп, ойларын ашық айтуына мүмкіндік берілуі. Жастар білім беру ортасындағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, қоғамға пайдалы әлеуметтік жобалар мен экологиялық бастамаларын да ортаға салды. Мұндай жүздесулер жас буынның азаматтық ұстанымын қалыптастырып, ел өміріне белсенді араласуына жол ашады.
Бүгінде облыста мектептегі өзін-өзі басқару жүйесіне қызығушылық артып келеді. Қазіргі таңда өңірде осындай ұйымдардың саны 397-ге жетіп, олардың қызметіне 33,6 мыңнан астам оқушы тартылған. Бұл – оқушылардың мектеп өміріне араласып қана қоймай, ортақ іске жауапкершілікпен қарауға бастама көтеріп, оны жүзеге асыруға ұмтылып келе жатқанының көрінісі. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Ғани Айдарұлы мектеп парламенттерінің жұмысына тоқталып, жас көшбасшылардың қоғамдағы орнына айрықша мән берді.
– Мектеп – тек академиялық білім алатын орын емес. Бұл – елге қызмет ететін азаматтар қалыптасатын, болашақ көшбасшылар тәрбиеленетін орта. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білімді, ойлы әрі жауапкершілігі жоғары жастардың ел дамуы үшін маңызы зор екенін үнемі айтып келеді. Мектеп парламентінің президенті болу – үлкен жауапкершілік. Оның қызметі мектепті жақсартуға, оқушылардың бастамаларын қолдауға бағытталады. Армандаудан қорықпаңдар, жаңа идея ұсынып, өз жобаларың үшін жауапкершілік алыңдар, – деді ол.

Оқушылар өз ұсыныстарында қоршаған ортаны қорғау мәселесін кеңінен қозғады. Жас белсенділер «Таза Қазақстан» акциясына қатысуды жандандыру, мектептерде қоқысты бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру, экологиялық челлендждер ұйымдастыру және мектеп аумағын көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізу жөнінде ойларын ортаға салды. Олардың пікірінше, табиғатты аялау үлкен науқандармен ғана шектелмей, әр адамның күнделікті дағдысына айналуы керек. Сонымен қатар оқушылар кітап оқу мәдениетін дамытуға басымдық берілу керектігін де алға тартты. «Оқитын ұлт» жобасы аясында мектептердегі кітап клубтарының жұмысын күшейту, оқылған кітаптарды өзгелер де пайдалана алатындай арнайы орындарға қалдыру бастамасы ұсынылды. Бұл арқылы балалардың кітапқа қызығушылығын арттырып, өзара білім бөлісуіне мүмкіндік жасау көзделеді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Ахметов те жастардың бастамаларын қолдаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі жас буын үшін білімін жетілдіруге, кәсіби тұрғыдан қалыптасуға және қоғамдық жобаларға қатысуға мүмкіндік мол.
– Қазір жастарға облыстық және республикалық гранттардан бастап, халықаралық тағылымдамалар мен түрлі білім беру жобаларына дейін көптеген мүмкіндік ұсынылып отыр. Біздің басты міндетіміз – әрқайсыңның қабілетіңді танытып, әлеуетіңді жүзеге асыруыңа жағдай жасау. Мектеп парламенттерінің президенттері оқушылар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы байланысты нығайтуда маңызды рөл атқарады. Облыстағы жастар орталықтары әлеуметтік жобаларың мен волонтерлік бастамаларыңа қолдау көрсетуге дайын. Өзгерісті бірге бастайық, – деді басқарма басшысы.
Жүздесу барысында оқушылардың ел басқару жүйесіне деген қызығушылығы да байқалды. Бердібек Соқпақбаев атындағы мектептің 11-сынып оқушысы облыс басшылығының жұмыс кестесі мен күн тәртібі туралы сауал қойды. Жасөспірімнің қызығушылығын құптаған Ғани Айдарұлы жұмыс уақытын ұйымдастыру, күнделікті міндеттерді жоспарлау жөніндегі сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ белсенді оқушыларды облыс әкімдігіне арнайы экскурсияға шақырды. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпаққа өңірлік деңгейдегі маңызды шешімдердің қалай қабылданатынын іс жүзінде таныстыру. Кездесуде мамандық таңдау мен жеке дамудың маңызы да назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда еңбек нарығы мен кәсіби талаптар жылдам өзгеріп жатқандықтан, жасөспірімдердің өз қабілетін ерте танып, дұрыс бағыт таңдауына көмектесу өзекті мәселеге айналған. Осы орайда педагог, кәсіби бағдар беруші Омарбек Қошқымбайұлы тәжірибесімен бөлісіп, жастардың өз жолын табуына қатысты кеңесін айтты.
– Көшбасшылық ең алдымен адамның өзін тануынан басталады. Талантты жастарды көп кездестірдім. Табыстың басты сыры – ішкі қалауыңды дер кезінде түсініп, жаның сүйетін істі таңдай білу. Өз жолыңды іздеу барысында қателесуден қорықпа. Қабілетіңді дамытып, сыни ойлауды үйрен, ұжыммен жұмыс істеуге дағдылан. Бүгін сендердің алдарыңда көптеген мүмкіндік ашық. Мемлекет пен өңір тарапынан да қолдау бар. Ең бастысы – таңдаған ісіңе шын берілу, нақты мақсат қойып, күн сайын өзіңді жетілдіруге ұмтылу, – деді ол.

Еркін пікір алмасу барысында оқушылар өздері әзірлеген әлеуметтік жобаларын да таныстырды. Атап айтқанда, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы ұсыныстар айтылды. Жас белсенділер мектептегі жайлы әрі қауіпсіз ортаны қалыптастыруға, оқушылардың бір-біріне құрметпен қарауына және бос уақытты тиімді ұйымдастыруға қатысты ойларымен бөлісті.
Жүздесудің соңында қатысушылар ортақ сезіммен «Атамекен» әнін орындады. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен ел бірлігін ұлықтаған ән кештің мазмұнын айшықтай түсті. Басқосу естелік суретке түсумен қорытындыланды.
Іле ауданында өткен бұл кездесу жас ұрпақтың қоғамдық белсенділігін арттыруға, олардың бастамаларын қолдауға және кәсіби әрі тұлғалық дамуына жол ашуға бағытталған маңызды қадам болды. Ең бастысы, оқушылар өз ойының ескерілетінін сезініп, ортақ іске араласудың жауапкершілігін ұғынды. Бүгін мектеп қабырғасында бастама көтеріп жүрген жас көшбасшылардың ертең ел өміріне белсенді араласар азамат болып қалыптасуына осындай ашық әңгімелердің ықпалы зор.
Құралбек СӘБИТОВ
Іле ауданы

